Құқық

Жеті адамға жаза тағайындалды

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында террористік топ құрып, Ресей аумағында жиһад жасауды жоспарлағандарға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, С.Р.Құдайбергенов шетелдегі діни экстремизм уағыздаушыларының радикал көзқарастарын қолдай отырып, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары мен РФ азаматтарына қарсы қарулы жиһад жасау үшін террористік топ құрмақ болған. Осы мақсатта ол өткен жылдың 19 тамызында өзінің жақтаушылары Қ.С.Есенғұловпен, Г.А.Боранбаевпен, кәмелетке толмаған Е.Н.Болатбаевпен және Н.Сейітқалимен жалдамалы пәтерде жиналып, ол сол жерде келген адамдарды террористік топ құруға шақырған.

«Сонда қатысушылар Құдайбергеновті террористік топтың «әмірі», ал Балтабаевты — қазынашы етіп сайлаған. Террористік топты қаруландырып, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасау үшін Құдайбергенов үйінен 16 калибрлік патрондары бар екі аңшы қаруын алуды көздеген», — деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Ресми мәліметте, С.Р.Құдайбергенов террористік топтың барлық мүшесін Ақтөбедегі №13 мектептің ауласына жинаған. Онда Д.А.Бисенғали мен кәмелетке толмаған Н.Қ.Сәбитов және Ә.М.Жалғас келген. Олар террористік топтың құрамына кіруге келісім берген.

Іс материалдарына қарағанда, К.С.Есенғұлов «Вконтакте» әлеуметтік желісі арқылы терроризм мен діни экстремизмді насихаттаған. Ол желідегі жеке парақшасына «Холид Сейфуллах» деген лақап атпен тіркелген. Есенғұлов «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында радикал және экстремистік мазмұндағы материалдарды жариялаған.

Былтыр 28-30 тамызда өткізілген жедел-іздестіру шаралары барысында С.Р.Құдайбергенов өзінің жақтаушыларымен бірге ұсталды.

Соттың биыл 6 қаңтардағы үкімімен С.Р.Құдайбергенов ҚР Қылмыстық Кодекстің 257-бабының 1-бөлігі бойынша айыпты деп танылып, 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ал террористік топтың қалған мүшелері алты жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 А.НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button