Тұрғын үй дауларын қарау бойынша сот практикасының кейбір мәселелері
Тұрғын үйге қатысты даулар жария құқықтық қатынастардан туындайтын даулар болып табылады. Аталған санаттағы дауларды шешу тәртібі «Тұрғын үй туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Ақтөбе облысының мамандандырылған әкімшілік сотында ең көп қаралған істердің төрттігіне кіреді.
Осы Заңының 101–3 –бабынының 1–бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың (әскери, арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын қоспағанда), ішкі істер органдарының қызметкерлері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда), егер: олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайды. Осы тармақшаның талабы осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша орындалмаған міндеттемесі бар арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне немесе әскери қызметшілерге қолданылмайды.
Талап қоюшы Р. құқық қорғау органдарында 2015 жылдан беріқызмет атқарады. 2021 жылғы 18 қазандағы сату-сатып алу шарты бойынша Ақтөбе қаласы, Ағайынды Жұбановтар көшесінен мекенжайы бойынша жалпы екі бөлмелі тұрғынжай сатып алады. Осы сату-сатып алу шартының 1-тармағына сәйкес, пәтердің бағасы 9 700 000 теңгені құрайды, оның 2 200 000 теңгесі алғашқы жарна ретінде қолма-қол, 7 500 000 теңге көлеміндегі қаражат банктік несие есебінен төленеді деп көрсетілген. Талап қоюшы жылжымайтын мүлік сатып алу үшін банктен 240 ай мерзіммен 7 500 000 теңге көлемінде қарыз алады.
2021 жылғы 19 қазандаға жылжымайтын мүлік кепілдігі (ипотека) туралы шарт негізінде мүлік заемшының шарт бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін Банкке кепілдікке беріледі. 2023 жылғы 4 мамырда талап қоюшы мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясына тұрғын үйге мұқтаж деп танып, төлем жүргізу жөнінде баянатпен жүгінеді. Комиссиясының хаттамалық шешімімен талап қоюшының меншік құқығында тұрғынжайдың болуына орай баянатты қанағаттандырудан бас тартылған. Талап қоюшы Р. сотқа жүгініп, мекеменің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 1 маусымдағы №6 хаттамалық шешімін оны тұрғын үйге мұқтаж деп танудан және төлем тағайындаудан бас тарту бөлігінде заңсыз деп тану, тұрғын үйге мұқтаж деп танып, ай сайын жеке арнайы шотына жібере отырып, 2023 жылғы 2 мамырдан бастап тұрғын үй төлемдерін тағайындауға міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.
Сотта талап қоюшының ипотекалық заемды пайдалана отырып, тұрғынжайды жеке меншігіне алу мақсатында жасалған шарт бойынша орындалмаған міндеттемесінің бар екені анықталды. Заңның 101-5-бабының 3) тармағында тұрғын үй төлемдерін алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген тиісті шарттар негізінде жеке арнайы шотындағы ақшаны бұрын алынған ипотекалық кредитті (қарызды) өтеу мақсатында пайдаланатыны көрсетілген. Бұл ретте, сот тұрғын үй комиссиясының талап қоюшыны тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тарту туралы тұжырымы жоғарыда көрсетілген заң нормаларына негізделмеген деген тұжырымға келді. Талап қоюшы тұрғын үй комиссиясын тұрғын үй төлемдерін 2023 жылғы 2 мамырдан бастап тағайындауға міндеттеуді сұраған. Алайда сотта анықталғандай, төлем тағайындау жөніндегі талап қоюшының баянаты 2023 жылғы 4 мамырда тіркелген.
Осылайша, Ақтөбе облысының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Мекеменің тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 1 маусымдағы №6 хаттамалық шешімі Р. тұрғын үйге мұқтаж деп танудан және төлем тағайындаудан бас тарту бөлігінде заңсыз деп танылған. Мекеменың тұрғын үй комиссиясын Р. тұрғын үйге мұқтаж деп танып, ай сайын жеке арнайы шотына жібере отырып, 2023 жылғы 4 мамырдан бастап тұрғын үй төлемдерін тағайындауға міндеттелген. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне еніп, орындалған.
Заңының 101–3 –бабының 3-бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың, ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлерін және (немесе) әскери қызметшілерді, егер олар не олардың зайыбы (жұбайы)зайыбының (жұбайының) некеге тұрғанға дейін тұрғынжайы болған жағдайды қоспағанда, өздері қызмет өткеріп жүрген елді мекенде тұруға жарамды тұрғынжайды соңғы бес жыл ішінде иеліктен шығаруды жүргізсе, тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тартылады. Бұл жағдайда тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің иеліктен шығарылуы есепке алынбайды.
Ақтөбе облысының мамандандырылған әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы шешімімен азамат Е. талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Сотта анықталғандай, 2007 жылғы 23 қазанда талап қоюшының атасы өзіне тиесілі Ақтөбе қаласы, Жаңақоныс елді-мекенінде, орналасқан тұрғынжайды жер учаскесімен бірге баласы Т- ға және немересі Е-ге (талап қоюшы) тең үлесте өсиетке қалдырған. 2021 жылғы 25 қаңтардағы сыйға тарту шарты негізінде талап қоюшы Е әкесі Т-ға аталған тұрғынжайдағы ½ үлесін сыйға тартқан.
Осылайша сотта талап қоюшының соңғы бес жыл ішінде тұрғын жайдағыелу пайыз үлесін иеліктен шығаруды жүргізгені анықталды.
Бұл ретте, сот тұрғын үй комиссиясының талап қоюшыны тұрғынжайға мұқтаж деп танудан бас тарту туралы шешімі негізді болып табылады дген тұжырымға келген. Алайда, мүлікті иеліктен шығарғаннан кейін бес жыл өткен соң, талап қоюшының оны тұрғынжайға мұқтаж деп тану туралы баянатпен жүгіну құқығын сот талап қоюшыға түсіндірді.
Тұрғын үй даулары бойынша заңнама нормаларын түсіндіріп, осы санаттағы істер бойынша қалыптасқан сот практикасын мүдделі органдарға жеткізу мақсатында Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен облысы бойынша Ақтөбе облысының Полиция департаментінің, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық – атқару жүйесі департаментінің, түзету мекемелерінің, әскери бөлімдердің, Ақтөбе қаласының Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшылары мен заңгерлерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Мемлекеттік органдарға мұндай істерді татуласу жолымен шешу жөнінде шаралар қабылдауы қажеттігі түсініріледі. Себебі істі бейбіт жолмен шешу тараптардың уақытын, қаражатын үнемдеуге, дауды мейілінше қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді.
Асылхан Абилгазина, мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы