Мәдениет

Айтбаевтар

Қанат пен Светлана Айтбаевтар. Өмірде де, өнерде де қол ұстасып бірге жүрген әдемі жұп Қазақстанның өнерді сүйетін, қазақтың әнін ұнататын қауымына түгел таныс. Өнердің ортақ қазаны саналатын Алматының үлкен сахналары да оларды жат санамайды. Республикалық деңгейдегі телевизиялық музыкалық бағдарламалардан, жобалардан да олар тыс қалмайды.

Әдемі келбетімен, әдемі өнерімен көрермендерін қуантып жүрген Айтбаевтар үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. Жақында ерлі-зайыпты әншілер бірнеше жылғы жұмысының нәтижесін көрсетпек ниетте ақтөбелік көрермендерінің алдында есеп бергісі келіп отыр. «Қызығы, – дейді Қанат, – басқа облыстарда Света екеуміз бірігіп концерттер бергенімізбен, Ақтөбеде, өз туған жерімізде концерт беруді кейінге ысыра беріппіз. Туған жұртыңның алдында концерт беру емтихан тапсырған секілді ғой, олардың алдында жүрексініп, тайсалыңқырап тұрамыз…» Баласының ата-ананың көңілінен шықсам, ренжітіп алмасам дегеніндей ғой бұл.  Әншілердің «Аңсарым»  деп аталатын тұңғыш жеке концертін екеуінің бірігіп шығарған «Аңсарым» атты тұңғыш жинағының тұсаукесері деп те түсінуге болады…

Айтбаевтардың тойының алдында біз олармен аз-кем әңгімелескен едік.

… үйде

Қанат та, Светлана да қолдары қалт етсе, үйде балаларының ортасында отырғанды ұнатады. Әрине, екеуі де «халықтың адамы» болған соң бос уақыттары бола бермейді. Облыста болып жатқан мерекелік шаралардың ортасында жүреді, гастрольдарға кетеді, дайындықтарға барады… Десек те, «Қолым босаса, үйге қарай жүгіремін. Торшерді жағып қойып, жылы жерде балалардың қасында отырғанға не жетсін!» – дейді Қанат. Ол тарихи кітаптарды, шытырман оқиғаға толы әдебиеттерді оқығанды ұнатады екен. Қанат жастайынан фото ісіне әуес болғанын айтады. Қазір де сол әдеті қалмапты. Қолы тисе, фото ісімен әуестенуге дайын тұрады. Бұған қоса автомокөліктерге де қызығады. «Рас, көрсеқызар емеспін. Бірақ жүріп-тұруға ыңғайлы, әрі сәнді, әрі жылы көліктерді таңдауға тырысамын», – дейді Қанат. Бос уақытта ғаламторға үңіліп, төрткүл әлемдегі қызықты мағлұматтарды қарап отырғанды да жек көрмейді екен.

Светлана да қолы боста қарап отырмайды. Көрпе құрауды енесінен үйреніпті. Үйіндегі диванның үстінде жатқан қырық құрақ ұсақ көрпешелерді әнші келіншек тіккен. «Кейбір концерттерге барғанда қашан сахнаға шығатын кезегім келгенше босқа отырмайын деп өзіммен бірге тоқыма құралдарын алып жүремін. Кішкентай қызыма сәнді киімдер тоқығанды ұнатамын. Кейбірі қызығып қараса, кейбірі «үйретші» деп айналама үйіріледі. Ал құрақ құрау – шаршап келген адамды демалдыратын іс. Түрлі қиық маталарды бір-біріне үйлестіру адамды төзімділікке тәрбиелейтін секілді… әрі көзің демалады» , – дейді Светлана.

Олардың үш баласы бар – Димаш, Раушан, Әбілмансұр. Димашы да ата-анасына тартқан, өнерді сүйеді. «Ән айтқанды соншалықты жақсы көреді, сабақтан келген бойда ән айта бастайды, содан кеш батқанша ән айтады», – дейді мамасы. Димаш қазір облыстық филармония жанынан құрылған «Саз» балалар студиясында оқып жатыр. Ал кішкентай Раушан – «Аққу» бишілер тобының бишісі. Екі жасқа келіп қалған Мансұрдың «кәсібі» – атасы мен әжесіне еркелеу. Үйде үш немересін бағып отырған ата мен әже бар. Светлананың айтуынша, балалар бір жасқа толып, суалғаннан кейін атасы мен әжесінің «иелігіне» өтеді екен. «Барлығы да атасы мен әжесінің ортасына жатып өсіп келе жатыр. Әжесі бір жаққа кетіп қалса,  Мансұрды ұйықтату деген бізге бір ақырет», – деп күледі Светлана. Әншілер балаларының болашағына сеніммен қарайды. Ата мен әженің, келін мен ененің, әке мен шешенің, әке мен баланың арасындағы сыйластықты, қазақы тәрбиені өз көзімен көріп өскен балалар ұшқанда ұяда көргенін ұмытпайды деген пікірде олар.

– Әдетте ата мен әженің тәрбиесінде өскен балалар тым ерке келеді ғой, – десем… «Ата мен әженің ортасында өсіп, еркеліктен сөйлей алмай өскеннің бірі менмін», – деп күледі Светлана. Оның атасы ауылда мектеп директоры болған. Сонда түнде төпелетіп жауып тастайтын қар немересінің етігінің қонышынан кіріп кетпесін деп атасы тұңғыш немересі Светлананың мектепте дейінгі жолын аяқпен тапап, ашып қоятын болған. Ол ол ма, дардай мектеп директоры немересінің қарны ашып қалады деп сөмкесіне біріне май, біріне қаймақ, енді біріне сүзбе жағып алып нан салып жүретін болыпты. «Өйткені атам менің қай уақытта май жағылған нан, қай уақытта қаймақ, сүзбе жағылған нан сұрайтынымды білмейді ғой», – деп күледі Светлана.

Светлананың айтуынша, Қанат та бір басына еркелігі жетердей жігіт болыпты. Апасы мен қарындасының ортасында өскен ерке ұл болғанымен, Қанат ағаш жарып, көмір кіргізу, қар тазалап, мал қарау, т.б. шаруаларды шырқ үйіреді екен. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен әкесі Қанатты көп нәрсеге баулыған. «Әкем қай жұмыстың да мұқият, таза жасалғанын жақсы көреді. Әлі күнге дейін бірдеңе жасасам, алдымен әкеме ұнаса екен, сол кісінің көңілінен шықсам екен деп тұрамын», – дейді Қанат.

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дейді ғой. Екі ерке «баланың» басы бір үйге қалай… сыя ма?» – дегеніме Светлана: «Ол «қошқарлар» ақылды болса, екеу емес, бесеу болса да бір қазанға бастары сыя береді», – деп жауап қайырды. Светлананың айтуынша, Қанаттың аздап ашушаңдығы бар, бірақ соншалықты жайсыз адам емес дейді. Қанат та жарының ақылдылығына, сабырлылығына тәнті. «Екеуміздің өмірде қол ұстасып келе жатқанымызға он бес жылдай болды. Десек те адамды, соның ішінде әйел адамды толық зерттеп білу мүмкін емес қой. Мүмкін, менің білмейтін нәрселерім бар шығар», – деп әзілдейді Қанат.

Светлана да үйінде кәнігі «хозяйка». Чак-чакты «өлтіріп» пісіреді екен. Үйге қонақ келгенде дастарқанын дүкеннен әкелінген дайын тамақпен толтырып қоймайды, не нәрсені де қолдан жасағанды жақсы көреді. Бірақ өзі келбетін сақтау үшін диета ұстамайды. Сахналық киімдерін Алматыдағы «Сымбат» сән академиясы мен Ақтаудағы «Өрнек» ательесіне тіктіргенді жөн көреді. Ақтөбеде тікелей жұмыс жасайтын Аяжан деген шебер тігінші қызы бар екен.

… түзде

Айтбаевтар еліміздің үлкен қалаларында болып жатқан концерттерден сырт қалған емес. Ақтөбенің атын аспандатып жүрген өнерлі ұл-қыздардың бірі – осылар. Республикалық деңгейде өтіп жатқан концерттерді теледидардан көре қалса, ауылдағы ата-әжелерге дейін: «Мынау біздің Қанат пен Светлана ғой», –  деп отырады.

Былтыр Астана қаласының он жылдығына арналған ұлттық тойға ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне Қанат ән жазып, «Астана вальсі» деген жаңа ән сыйлады. Оны бір топ ақтөбелік әншілер орындады. Бұл да шығармашылық ізденістің  бір нәтижесі. Жыл сайын Алматыда өткізіліп келе жатқан «Қос жүректің лүпілі» атты телевизиялық жобаның ұйымдастырушылары Қанат пен Светланаға отбасылық татулықты, сүйіспеншілікті, сыйластықты насихаттайтын жаңа ән жазуын айтып, ұсыныс білдіріпті. Ұсыныс әзірге ізденіс шеңберінде.

1998 жылы өнер иесі Бақытпен Зейнеловпен бірге Қанат «Димаш Али» атты студия құрды. Содан бергі он жылда «Димаш Али» бірнеше ондаған аудиожинақтар, бейнеклиптер шығарып, концерттер ұйымдастырды. Алматыны «менсінбей», «Димаш Алидің» көмегімен клип түсіру үшін келетіндердің қатары да көбейіп келеді. Өнерге жаңа келген қарлығаштардың қанатын қатайтуға үлестерін қосты. «Димаш Али» студиясы түсірген клиптерден «өзіміздің ауылдың» қыз-жігіттері, мысалы, Елтай Кемал, Кеңес Кемалбаев сынды театр актерлерінің өнері өзгелерден артық болмаса, кем емес екендігін көрдік.   

Ал Светлана ертеңгі концертінде өзге әндерімен қоса сахнаға Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Ермұрат Үсеновтің «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» атты әнін алып шығады. «Астанадағы музыка академиясының ұстазы Ермұрат Үсенов маған бес ән ұсынған болатын. Соның біреуі ғана көңіліме қонып, осы әнді таңдап алдым», – дейді Светлана. Бұл әнді әнші оркестрмен де, эстарадамен де орындай береді. Дегенмен Светлана жаны эстрададан гөрі оркестрді қалайтынын айтады: «Көңіліме классикалық мәнердегі әндер жақындау. Өйткені даусымның табиғаты эстрададан гөрі классикалық мәнерге көбірек келіңкірейді. Бірақ қазір эстрадамен де әндер айтып жүрмін. Әуелгіде эстрадамен мүлде айта алмайтынмын. «Менің қолымнан келмейді, эстрадамен ән айта алмаймын» деп бастапқыда қатты ашуланатынмын. Кейін үйрендім. Белгілі әнші Қайрат Байбосынов ағамыз бірде: «Әнші пышақтың жүзіндей лыпылдап тұруы тиіс. Қай жаққа бұрып қалсаң, сол жерді ойып түсуі керек», – деген болатын. Сол есімде қалып қойыпты. Әрине, мен әлі қай жерге сілтесең, сол жерді «ойып түсетіндей» деңгейге жетпеген шығармын. Бірақ қолымнан келгенше эстраданы да, классиканы да қатар алып жүруге тырысамын».

Айтбаевтардың әзірге соңғы әрі ең үлкен жаңалығы – 15 жылда тұңғыш рет екеуі бірігіп шығарған «Аңсарым» атты жинағы. Компакт-дискіде 16 ән бар. 15 жыл аз уақыт емес. Сахнада бір жыл жүрып, жинақтарын шығарып, жұлдыз болып шыға келетін әншілер секілді емес, Қанат пен Светлана жинақ шығаруға үлкен дайындықпен, мол қормен келгенін айтады. Бұған қоса жақында  концерт есебіндегі тоғыз әннің клипін түсіріп қойыпты. Қазір бұл әндер монтаждалу үстінде. Дайын болғандары облыстық телеарнадан көрсетіліп жатыр.

Айтбаевтардың концертінде әншілердің он бес жылғы бірге жүрген өміріндегі ең үлкен «творчествосы» –  14 жастағы Димаш та өнер көрсететін болады…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button