Білім

Оқушының өлеңі


Туған жер

Қазақстан — туып-өскен мекенім,

Сондықтан да мен бақытты екенмін.

Әлдилеген туған жерді құрметтеп,

Өмірімде қарыздар боп өтермін.

Туған жерді құрметтей біл, ағайын,

Ел атынан тұмар жасап тағайын.

Бәріміз де күш-қайратты жинап ап,

Салайықшы барша халық сарайын.

Алтынзер ДӘУЛЕТКЕРЕЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Біздің байрақ

Көк байрағым көгімде желбірейді,

Елді сүйген жүрегім елжірейді.

Ұлтын сүйген ұландар мақтанышпен:

«Біз мәңгі өркендейміз енді», — дейді.

Көк туымда қыран құс қалықтайды,

Байтақ жерде әнұран шарықтайды.

Тіл мен жерін байлығым деп білетін

Жас ұлан жыр жазудан жалықпайды.

Махаббат ТАСБОЛАТОВА,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Біз де бала болғанбыз

Аяз атамен қоштасу

Міне, Жаңа жыл да келіп қалды.

Әр Жаңа жыл келген сайын балғын балалық шағымызды еске алып, бүгінгі күнді сол кездегі Жаңа жылды тойлау рәсімімен салыстырып отыратын кездеріміз бар.

Ол кезде бәріміз жасыл шыршаны айналып, Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтетінбіз. Ұстаздарымыз: «Неғұрлым көп айқайласаңдар, Аяз ата соғұрлым тез келеді», — деп сендіретін. Біз Аяз ата шынында да сонау алыс жақта келе жатқан шығар деп ойлайтынбыз. Сөйтіп Аяз ата да келеді. «О, балаларым, мен алыс-алыс елдерде болып, шаршап келдім. Ендігі кезек сендерге тиді. Кімде-кім өлең айтып, би билесе, соған сыйлық беремін», — деп өнерімізді тамашалап, сыйлықтарын үлестіретін. Неше түрлі сыйлыққа кенеліп, біз мәз боламыз. Біз өнер көрсетуден шаршамаймыз ғой. Тіпті біздермен бірге ұстаздарымыз да өз өнерлерін ортаға салатын.

Содан бері қаншама жылдар өтті. Әр Жаңа жыл келген сайын сол бір балғын бақытты шақты сағынышпен еске алып отырамыз. Мектебің, ұстаздарың, сыныптастарың көз алдыңа келгендей болады. Аяз атаның қоңыр қою үні құлағыңа жететін тәрізді. Бірақ ол күндер оралмайды. Жыл сайын бізді басқа Жаңа жыл қарсы алады. Жүректі сағыныш қана тербейді…

Айна АТАЕВА,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті, «Балдырғанның» байырғы оқырманы.

Жаңа жылдық тілек

Сәнді шырша

Мәз болып жиналып көп бала,

Бір-бірін құшақтап топтала,

Ойыншық іліп жүр шыршаға,

Неткен көп ойыншық мұншама.

Дайын тұр тақпақ пен әніміз,

Әрдайым құлпырсын сәніміз!

Айым МАЖЕНОВА,

№37 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Тіршілік

Қоспасыз су неге жоқ?

Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады, ал сусыз сонша уақыт өмір сүру мүмкін емес.

Адамның, сондай-ақ көптеген жан-жануарлар денесінің 2/3-і, ал кейбір өсімдіктердің 4/5-і судан тұрады.

Жер бетінің тек 1/3-ін құрлық, ал 2/3-ін су алып жатыр. Мұхиттар мен теңіздерді, өзен-көлдерді былай қойғанда, жер астында да, топырақта да су бар. Мұздықтар мен айсбергтер де қатып қалған су болып табылады. Су атмосферада да аз емес, онда ол бұлт, тұман, бу және жаңбыр мен қар түрінде болады.

Сендер қап-қатты мұз да, газдай жеп-жеңіл бу да су болғаны ма деп таң қалатын шығарсыңдар. Бұл — судың негізгі қасиеті. Ол сұйық, қатты және газ тәрізді үш түрлі күйде кезігеді.

Судың көптеген заттарды оңай ерітетін және бір маңызды қасиеті бар. Әрине, сендер қанттың — шайда, ас тұзының сорпада қалай еритінін көріп жүрсіңдер. Сонымен қатар су жердегі алуан түрлі тұздар мен басқа да көптеген қатты денелерді, газдарды еріте алады.

Табиғатта қоспасы жоқ, тап-таза су дегенді таппайсың. Таза суды тек лабораториялардан ғана алуға болады. Ондай судың ешбір дәмі жоқ, онда тірі организмге қажетті тұздар да болмайды. Теңіз суының құрамында өте көп мөлшерде еріген тұздар бар, оның ішуге жарамайтыны сондықтан.

Жер шарындағы судың жалпы мөлшері өзгермейді. Теңіздер мен мұхиттардың, өзендер мен көлдердің бетінен су буға айналып, одан бұлт түзіледі. Ол жаңбыр немесе қар, бұршақ болып жерге жауады, яғни қайтадан суға айналады.

Алайда ішуге жарамды таза су Жер бетінде барған сайын азайып бара жатыр. Адамдар суды өнеркәсіп қажетіне көп пайдаланып, оны өндіріс қалдығымен ластауда. Ал су құнды байлығымыз екенін ұмытпауымыз керек.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button