Экономика

Кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары

 Бизнестің жол картасы — 2020

 Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысында орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға байланысты аса маңызды мәселелер талқыланды.

Бұл күні кеңеске «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында кәсіпкерлерден біраз ұсыныстар түсті.

Тек жоғарыда аталған бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша жеңілдікпен берілетін қаржыларға байланысты 5 өтініш қаралды. Ақтөбе қаласының инвестициялық мақсаттарына және банкінің көмегімен қайта қаржыландыруға бөлінген бұл несие 600 миллион теңгені құрады.

Қаржы осы мақсатты жобалар — асханалық, кеңселік және студиялық жиһаздар дайындауға, қала тұрғындарының демалысын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсететін «Капитан Бриг» балалар саябағына берілді.  Мұнымен бірге, қаржы диеталық жұмыртқа өндірісі бойынша құс фабрикасын жаңғыртатын аса ірі жобаны жүзеге асыруға бөлінді.

— Бұл тағам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түріне жатады. Сондықтан бұл қолдау көрсетуге лайық, — деп, талқылау кезінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бисенов бұл жобаның маңызын ерекше атап өтті.

«Капитан Бриг» балалар саябағы қалада 2012 жылдан жұмыс істей бастаған. Жобаның жалпы құны 600 млн теңгеге шамаласты. Алайда жоба қазір ғана «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында  несиелік жеңілдіктерге ие болғалы отыр. Бұл қаржыға саябаққа балалар ойнайтын атракциондық ойындарға жабдықтар алынбақ және ол төрт жылдың ішінде өтеледі деп жоспарланып отыр.

Кәсіпкерлердің осы аталған жобалары толық жүзеге асқан кезде 172 жұмыс орны сақталып, қосымша 90-нан астам жұмыс орны ашылатын болады.

Сондай-ақ бұл күнгі кеңестің қарауына «Жас старт» және «Кең дала» шағын және орта кәсіпкерлігі субъектілерінен аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында 6 өтініш келіп түсті. Негізінен қалада үй жиһазын шығаруды, қонақүй құрылысын дамытуды көздейтін бұл бағыттағы кәсіпкерлердің жобаларына да аймақтық үйлестіру кеңесінің мүшелері тиісінше қолдау көрсетіп, мақұлдады.

Бір сүйсінерлігі, осы басқосуда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты өңірде бірқатар шаралардың қолға алынып жатқанын, ең бастысы, кәсіпкерлердің белсенділігінің  жоғары екенін аңғаруға болатын еді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button