Құқық

Күдікті алыстан танылады

Ақтөбе қаласы ішкі істер бөлімінің патрульдік полиция батальоны бастығының орынбасары полиция капитаны Нұрғали Қанатов 1987 жылы орта мектепті бітіріп, №6 кәсіптік-техникалық училищеге барды. Екі жыл оқып, токарь мамандығын алып шықты. Одан армия қатарына аттанып, Польшада екі жыл әскери міндетін атқарды. Ал 1992 жылы ішкі істер органына қызметке келді. Қоғамдық тәртіпті сақтауда, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзінің табандылығымен, іскерлігімен көрінген Нұрғали 2003 жылы патрульдік полиция батальонының взвод командирі болып тағайындалды. Еңбек етіп келе жатқан 17 жылдан астам уақыт ішінде өзінің кәсіби шеберлігін теориялық біліммен жетілдіріп алды: алдымен Ақтөбе заң колледжін, кейін «Қайнар» университетінің заң факультетін тамамдады.

— Әкемнің ағасы 25 жыл милицияда қызмет етті. Жездем де ішкі істер органында жұмыс істеді. Менің осы салаға келуіме сол кісілердің ықпалы болған шығар, — дейді Нұрғали Қанатов. — Полиция жұмысы ауыр да өміріңе қауіпті келеді. Бірақ ешқандай өкінбеймін.

Негізі патрульдік полиция қызметі көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың жолын кесу, алдын алу болып табылады. Осындай міндеттерді атқарып жүрген полиция қызметкері патрульдік кезекшілік кезінде талай оқиғаның куәсі болды. Куәсі болып қана қоймай, қылмыскерлерді құрықтады.

… Қысқы мезгіл болатын. Полиция қызметкерлерін көріп, абыржып қалған үш жігітті көзі шалды. Олар жайлап жылыстай берді. Бұл үш жігітті күдіктілер қатарына қосқан Нұрғали бастаған топ соңдарынан қуа жөнелді. Учаскеге алып келгенде олардың көшеде өтіп бара жатқан адамды суық қарумен қорқытып тонамақ болғаны белгілі болды. Әлгілердің тартып алған заттары иесіне қайтарылды.

Өткен жылы патрульдік машинамен көшелерді аралап келе жатады. Қастарынан бір мотоцикл зу етіп өте шығады. Жүрісі күдік тудырды. Бір кезде бір қыз бала жүгіріп шығып, тоқтатып көмек сұрайды. Сөйтсе, әлгі мотоциклдағы қылмыскерлер қыздың сөмкесін алып қашқан. Бейбітшілік көшесінен шығып, Мәртөк тас жолына бет алған екі қылмыскер ұсталды. Қурайлы аулының тұрғындары екен.

Енді бірде 11-шағын ауданда автокөлікпен келе жатқан азаматтың алдына екі адам тұрып алады. Әлгі азамат машинасын амалсыз тоқтатуға мәжбүр болады. Содан әлгі екеуі жүргізушіні ұрып-соғып, машинасын тартып алады. Қылмыскерлер ұзамады. Есет батыр көшесі бойында қылмыскерлер ұсталып, «Тойота Карина» автокөлігі иесіне қайтарылды.

— Мұндай оқиғалардың талайы кездесіп жүр ғой, — дейді полиция капитаны Н.Қанатов. — Қылмыскерлер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар әр түрлі келеді. Көбіне тәртіп бұзғандардың ісі дұрыс еместігін айтып, түсіндіруге тырысамыз. Құқықтық тәртіп бұзудың қылмысқа айналмауын қадағалаймыз. Тәртіп бұзуға, қылмыс жасауға бейім адамдар белгілі болып тұрады. Жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен дегендей…

Биылғы жылы ғана патрульдік полиция батальоны бастығының тәрбие және кадрлар ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалған Нұрғали Қанатов облыстық ішкі істер департаменті басшылығының көптеген марапаттауларына ие болды. Ал Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасы оның кәсіби шеберлігі мен адал қызметі үшін берілді.

Зорлық-зомбылық азайып келеді

Өмірде болып жатқан қылмыстық және тәртіп бұзушылық оқиғаларының арасында әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтар, күш көрсетулер деректері  де орын алуда. Әйелдерді сыртқы күштерден қорғау мақсатында Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен 1999 жылы қоғамдық қауіпсіздік басқармасында ашылған әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің жұмыс істегеніне 10 жыл толып отыр. Осы бөлімшенің аға инспекторы Гүлмира Шитанова әйелдерді қорғауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы былай деп әңгімелеп берді.

— Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесі қалада, облыста бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Әйелдерге қатысты тәртіп бұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін жоспарлы түрде рейдтер ұйымдастырылады. Ішімдікке, есірткіге бейім, ұрыс-керіс шығады-ау деген отбасылар тіркеуге алынып, бақыланып отырады. Олардың өзін-өзі ұстауы, қалай өмір сүріп жатқандары зерттеледі. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету мақсатында «Үміт» дағдарыс орталығымен тығыз байланыстамыз. Маман дәрігерлер психологиялық, заңгерлік жәрдемдер береді. Бұл орталықта сенім телефоны жұмыс істейді, телефон шалып, хабарласуға болады.

Биылғы жылы әйелдерге қатысты жасалған 1396 өтініш тіркелді. Дегенмен, статистикалық мәліметтер көрсеткендей, әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырауы өткен жылдарға қарағанда азайып келеді. Әсіресе, әйелдерді зорлау, тонау, қасақана дене жарақатын салу секілді қылмыс түрлері едәуір кеміді.

Көбіне әйелдерге қатысты қылмыс тиісті тәрбиенің жоқтығынан, ер адамдардың маскүнемдікке салынуынан, ерлердің өздерін әйелдерден биік санауынан және басқа тәртіпсіздік салдарынан болады. Отбасы жанжалынан зардап шегетіндердің 90 пайызы әйелдер, 8 пайызы ерлер екен. Кейде қылмыстың жасалуына әйелдердің өздері кінәлі болып жатады. Мәселен, биылғы жылы саяжайдан 1970 жылы туған әйелдің мүрдесі табылды. Пышақтап өлтірілген. Тексеру барысында әйелдің саяжай учаскесінде тұрғаны, профилактикалық тіркеуде болғаны, бейтаныс адамдармен үнемі арақ ішіп жүргені белгілі болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әйелдерді азапқа салу оқиғалары көбіне отбасында кездеседі. Күйеуі мен әйелі қосылып арақ ішетін, ішімдікке балаларын да тартатын отбасылары бар. Содан барып ұрыс-керіс, айқай-шу басталады. Оның ақыры қайғылы жағдайға апарады.

Міне, осындай оқиғаның алдын алу үшін түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Биылғы жылы да 25 қараша — 15 желтоқсан аралығында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау туралы акция өткізілді. Акция кезінде ішкі істер органдарының қызметкерлері әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Қолайсыз отбасылары тексеріліп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау деректері анықталды.

***

***

Сот Н.Н. Доценкодан кешірім сұрады

2009 жылғы 15 желтоқсанда Ақтөбе облыстық сотына Н.Н. Доценко мен оның өкілі адвокат Ю.И.Фильчуков шақырылды. Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы мен қалалық №2 сот судьяларымен кездесу барысында Н.Н.Доценконың болмауына байланысты, оның өкілі Ю.И. Фильчуковтан 2005 жылы сот үкімімен Н.Н. Доценконың сотталуына байланысты Ақтөбе облыстық сотының атынан кешірім сұралды.

2005 жылғы сот үкімімен Н.Н. Доценко ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабының 2-бөлімімен қарастырылған қылмыс бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Облыстық соттың апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырған.

ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бойынша қадағалау алқасының қаулысымен осы іс бойынша шығарылған сот актілері сот тергеуінің біржақтылығы мен толық болмауына байланысты заңсыз деп танылып, сотқа қайтадан қарауға жолданды. Осыдан соң, сот істі сотпен қосымша тергеуге жолдады. Кейін қылмыстық қудалау органы Н.Н.Доценконың қылмысты жасағаны бойынша кінәсі дәлелденбеуіне байланысты істі тоқтатты.

Ақтөбе облыстық сотының

баспасөз қызметі.

***

Нашақорлық — ұлттың жауы

Қай мемлекеттің де ең бірінші байлығы — халқы, елдің ертеңі, болашағы — оның жастары. Қазақ жастарының білім, мәдениет, өнер, спорт және басқа да салалардағы жетістіктерін көріп, көңіліміз көтеріліп қалады.

Дегенмен медальдың екінші жағы да бар. Ол — қазіргі жастарымыз арасында көрініс алған қазіргі заман індеттерінің бірі – нашақорлық.

Кезінде шетелдік фильмдерден ғана көрінетін бұл құбылыс қазір елімізде етек алып, жасөспірімдердің едәуір бөлігін өз торына шырмап алды.

Нашақорлық проблемасы біздің тұрып жатқан қаламызда да бар. Ақтөбе облыстық наркологиялық диспансерінің мәліметіне сүйенсек, облыс бойынша жалпы саны 2099 адам нашақорлық дертіне шалдығып, арнайы есепке алынған. Олардың 184-і әйелдер. Оның ішінде «есірткіге тәуелді» диагнозымен 1454 адам тіркелген, оның 173-і әйелдер. 645 адам консультативтік тіркеуде тұр, оның 10-ы әйелдер, 1 жасөспірім бар. Аталған 2099 адамның 1986-сы  Ақтөбе қаласында, ал 113 адам ауылдарда тұрады. Бұл тек ресми тіркелгендер ғана. Ал есепке алынбағаны қаншама.

Дәрігерлердің айтуынша, нашақор адам есірткі болмай қалған жағдайда адам кейпінен айырылып, ашушаң күйге түседі. Бойында қорқыныш, үрей, енжарлық, қамығу пайда болады. Нашақорлықтың соңғы сатысы ауыр психикалық сырқатқа айналуы да мүмкін. Табиғи күш-қуатының күрт төмендеуі, жүйкесінің тозуы салдарынан нашақор дене және ой еңбегіне жарамсыз, енжар, әлсіз күйге душар бола бастайды.

Нашақорлық 20-35 жас аралығындағы адамдар арасында көбірек таралған. Олардың көпшілігінің тұрмысы нашар, оқу орындарындағы үлгерімі төмен, айналадағы адамдармен дауласуы көп, ішімдікке жақын келеді. Нашақорлыққа көбіне сотталғандар, жазасын өтеп келгендер бейім. Соңғы кезде  нашақорлықтың материалдық жағынан қамтамасыз етілген жастар арасында да кең таралуы байқалады.

Нашақорлық және оған байланысты қылмыс та соңғы жылдары көбейіп барады. Мысалы, 2009 жылдың 9 айында  Ақтөбе қалалық № 2 сотында есірткі заттардың заңсыз айналымына байланысты 98 қылмыстық іс қаралды. Оның ішінде, 105 адамға қатысты 93 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылды.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 259, 261-баптарында есірткі немесе жүйкеге әсер ететін басқа да заттарды заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату, ұрлау не қорқытып алу, тұтынуға көндіру секілді қылмыстық әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 27 маусымдағы №50-IV  санды  Заңымен ҚР-сы ҚК-нің 259-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Есірткі заттарды сату мақсатында ірі мөлшерде және аса ірі мөлшерде иемденіп алғаны, тасымалдағаны және сақтағаны үшін, сондай-ақ сатқаны үшін   аталған баптың санкциясы қатайды.

Есірткі бизнесі және есірткі заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Мемлекеттік Бағдарламаны жүзеге асыру барысында қылмыстық істердің  қаралуына  және жаза тағайындауға бақылау күшейді. Бұның өзі сот органдарына үлкен жауапкершілік жүктейді.

Есірткіге елірткен нашақорлар кісі өлтіру, зорлау, тонау, қарақшылық жасау, дене жарақатын салу, жол-көлік оқиғалары секілді қылмыстарға барады. Нашақорларды қандай топқа жатқызуға болады?

Біреулер оларды ауру санатына қосса, біреулер қылмыскер ретінде қарайды. Егер нашақор сырқат адам болса, онда оларға шетелдегідей медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Ондай шара жүргізу бізде әзірге тиісті түрде заңдастырылмай келеді.

Есірткімен күресте ішкі істер органдары біршама жұмыстар атқаруда.

Дегенмен, әрбір ата-ана баласының болашағын ойлап, есірткі секілді дерттен аулақ өсіруді басты назарда ұстауы керек. Нашақорлыққа қарсы күресті бүкіл қоғам болып, шындап қолға алатын уақыт келді. Қазақстан болашағының жарқын да мағыналы болуын, ал қазақ халқының  денінің сау болуын қаласақ, бүгінгі балалар мен жастарды нашақорлық дертінен аман сақтап қалған абзал.

Г. ӘЖІҒАЛИЕВА,

Ақтөбе қалалық № 2 сотының судьясы.

Бетті дайындаған: Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button