Ауыл

Қарабұтақ орманы

Мемлекеттік бағдарлама

 Қазір облыс бойынша 7 орман шаруашылығы бар. Ал мұндай шаруашылықтар кешегі сексенінші жылдардың аяғына дейін әр ауданның орталығында болған еді. Кейін үш-төрт ауданның шаруашылықтары бір орман шаруашылығына біріктірілді. Бұл күндері орман шаруашылықтарының орталық кеңселері  Ақтөбе, Шалқар  қалаларында, Қарабұтақ, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Темір  селоларында орналасқан. Соның ішінде Қарабұтақ орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі — Әйтеке би, Хромтау және Ырғыз аудандарын қосып отыр. Біз осы шаруашылық директорының орынбасары Ерлан Сүйінбаевқа жолығып, әңгімелескен едік.

—Тоқсаныншы жылдардың басына қарай, орман шаруашылықтарында оңтайландыру шаралары жүрген кезде, — дейді  директордың орынбасары — Әйтеке би (ол кезде Комсомол), Қарабұтақ, Хромтау және Ырғыз аудандарын біріктіріп, орталығын Қарабұтақ селосынан орман шаруашылығы ашылды. Әйтеке би ауданынан өзге аудандарда біздің орман шаруашылығының учаскелері жұмыс істейді.

Егер арғы тарихына үңілетін болсақ, жалпы біздің облыста орман шаруашылығы 1965 жылдары ашылғаны белгілі. Ең алғашқы кезекте Мәртөк орман шаруашылығы құрылды. Мәртөктіктер бір-екі жылдықта 50 жылдығын тойлады. Ал біздің Қарабұтақ орман шаруашылығы өзінің қызметін 1967 жылы бастады.  Орман шаруашылықтары қызметін бастаған бастапқы жылдары, олардың атауы да жиі өзгеріп, мелоративтік станция, механикаландырылған орман шаруашылығы, т.б. деп аталды. 2006 жылдан «Қарабұтақ орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі» атанып келеді. Қазір, жоғарыда айтқанымыздай, үш ауданды қамтып отыр. Мекемеде барлығы алпысқа жуық адам жұмыс істейді. Әр учаскеде орман қорықшысы, орман шебері, орман инженері мамандықтары бойынша оншақты адам еңбек етеді.

Біздің шаруашылықта қызмет істейтін орманшылардың дені бұрыннан еңбек етіп келе жатқан, қалыптасқан мамандар. Айталық, біздің орман мекемесінің белгілі қорықшы Батырғали Дүйсеналиннің еңбек өтілі біраз жылдарды жинақтайды. Уақытпен санаспай, адамзаттың игілігіне қызмет ететін жасыл белдеуді қоритын орманшының еңбегі соншалықты зор, бағалы. Қарап отырсақ, орманшы  сол еңбегі үшін көп жалақы да алмайды. Мәселен, орман қорықшысының жалақысы 30 мың теңге ғана. Қай кезде де орманшының, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің айлықтары жоғары болып көрген емес. Қазірде де еліміз бойынша ең төмен айлық осы орманшылардың еншісіне тиеді. Алайда орманшылықпен шұғылданатын адамдар табиғаттың өзі сияқты қанағатшыл, шүкіршіл халық. Аз болса да, бюджеттен қаржыландырылатынына, айлықтарын уақытында алатындарына риза, сол үшін үкіметке мың мәрте алғыстарын айтып отырады.

Қарабұтақтың қасындағы Қызылту ауылы маңында тәлімбағымыз (питомник) бар. Сол жерге түрлі ағаштардың, сәндік бұталардың тұқымдарын сеуіп, келесі жылы өскін болғаннан кейін далалықтарға егеміз. Әрине, бірінші кезекте сатуға, мекемеге қосымша қаржы түсіруге тырысамыз. Қалғандарын мекемелерге, ұжымдарға, мектептер мен балабақшаларға өткіземіз.

Келер жылға дайындықты Қарабұтақ орман шаруашылығының ауласынан-ақ аңғаруға болады. Келер жылы егілетін ағаш тұқымдарының көп түрі осы жерде де өсіп тұрады. Мекеме ауласынан осы жылы ашылған тәлімбақта қарағаш, үйеңкі, қызыл қайың, шынар, жылауық тал, алма ағаштарының көшеттері өсіп тұр. Жапырақтарға жегі құрт түспес үшін көшеттердің айналасына қорғаныс үшін жүгері, қызанақтар егіледі. Тәлімбақ шаруасының бұлай дұрыс жолға қойылуы — мекеме басшысы Нұрлан Жұмашевтің еңбегі.

Ағаштың түрлері көп, бірақ біз көп жылдар бойы негізінен қарағаш өсірумен айналысып келдік. Алдағы жылдардан бастап ағаштың өзге түрлерін де көптеп егуді жоспарлап отырған жайымыз бар. Ол үшін тәлімбағын Бөгетсай ауылына көшіргіміз келген. Бірақ ол аудан орталығынан қашық, 80 шақырым жерде. Сондықтан 18 шақырым жердегі Аралтоғайға көшіруді қолайлы көріп отырмыз, құжаттары жасалып, дайын болды. бұл мекеннің жері тың, құнарлы, құмақ. Ал қазіргі тәлімбағы тұрған Қызылтудағы жер жыл сайын судың астында қалады. Жері сазды, батпақты. Ол әбден кеуіп болады дегенше, егетін ағашымыздың күйі кетеді. Биыл біз көрші Қостанай, Қызылорда Ресей облыстарының орманшыларынан алма ағашының, жиде, үйеңкі, ақ қайың, қарағайдың көшеттерін алып ектік. Осындай ағаш түрлерін егуге мектептер мен балабақшаларға да жәрдем береміз.

Ауылдарды көркейту, жасылдандыру бағытында да көп жұмыстар жасағымыз келеді. Қарабұтақ ауылының қасында атақты әулие Үлкен Сарыишан атаның қорымы бар. Бүкіл Қарабұтақ ауылы, соған жақын елді мекендер дүниеден озған адамдарды осы қорымға қояды. Өзіміздің әкелеріміз, аталарымыз да осы жерде жатыр. Осы орынды күтімге алу көптен ойымызда жүрген-ді. Биыл  көктемде қорымды қоршап, айналасына үш қатар үйеңкі, қарағаш ектік. Күзде тағы да ағаш егілді.  Бұл бір оңтайы келген шаруа болды. Әйтпесе,  бала кезімнен білемін, талай мәрте ауыл тұрғындарынан қорымды қоршауға деп ақша жиналып, бірақ іс басталмай, басталса да аяғына жетпей қалып келген-ді.

Өткен жылдары Қарабұтақ ауылына жақын жердегі қырдың үстінде тағы бір қасиетті орын пайда болды. Кіші жүздің кенже биі атанған Былшық би атамызға кесене тұрғызылды. Ел-халық жиі барып, мінәжат ететін осы қасиетті орынның айналасын жасыл желекке айналдыру біздің — орманшылардың парызы деп білдік. Биыл көктемде Қарабұтақ ауылынан сол баба ескерткішіне дейін екі жолдың бетіне үйеңкі, қарағаш, қарағай егілді. Күзде тағы толықтырылды.   Егер дұрыс күтім жасалып, уақытылы суарылса, біздің жерімізге ағаштың түр-түрі шығатынын білеміз.

Орман шаруашылығы мекемесі «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жаз айларында студенттер мен жастарды жұмысқа тартып келеді. Біздің шаруашылықта еңбек етуге олар да ынталы. Себебі біз арнаулы жұмыс киімдерімен, көлікпен қамтамасыз етеміз. Ең бастысы, айлығын уақытында береміз. Студент жастар жазда әжептәуір табыс табады.

Орман мекемесінің жұмысы сан салалы. Мәселен, оның ішінде орман мамандарынан бөлек, ормандағы өртті сөндіру станциясы жұмыс істейді, штатында 9 адамы, өрт жағдайында оны сөндіруге қатыстатын тракторлері, автокөліктері, толып жатқан құрал-саймандары бар. Бұл — мекеменің ішіндегі   мекеме деуге болады. Орман — байлығымыз, оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Өртке жол бермеуге, алдын алуға күш саламыз. Соның нәтижесі болу керек, орман шаруашылығы аумағында өртке жол берілген емес. Ол оңай да шаруа емес. Тек орман шаруашылығының жер көлемі 34 мың гектарға жуықтайды. Оның 5 мың гектары ну орманды алқап. Болашақта ашық жерлерге де ағаштар отырғызылып, орманды алаңға айналады. Біздің орман шаруашылығына тиісті жерден арнаулы ұлықсатпен аумақтағы шаруа қожалықтары шөп шабады. Ол үшін жергілікті мәслихат белгілеген көлемде қаржы төлейді. Мекеме осындай төлемдерден түскен қаржығы қосымша техника, құрал-саймандар алады. Мемлекеттің  қолдауының және өзінің қосымша табыс табуының арқасында шаруашылық техникамен біршама тәуір жабдықталды, жаңарды. Қазір орман шаруашылығы бойынша 6 трактор, 4 автокөлік, «УАЗ», «Нива» жеңіл көліктері, тұқым себетін қосымша агрегаттар, түрлі құрал саймандар бар. Бұдан басқа, қорықшылар мінетін 4 мініс аты әр учаскеге бөлініп берілді. Жалпы орманшылық мекемесінде аудандардағы орман учаскелерінің орыны бөлек. Оларда талай-талай өз істерінің шеберелері еңбек етіп жүр. Ырғыз орман учаскісінде орман ісін аса жақсы білетін, жұмысына адал Бәйтен Жәнібек деген азамат жұмыс істейді. Осындай өз ісіне берілген нағыз мамандар Хромтау, Әйтеке би аудандарында да бар. Жасыл желекті ормандардың тағдыры осындай азаматтардың қолдарына сеніп тапсырылған.

 Жазып алған

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Әйтеке би ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button