Құқық

Қылмыс және жауапкершілік

Заң

 Құқықтық мемлекет құрудағы маңызды істің бірі — қылмыстың алдын алу, сол бағыттағы жұмыстарды күшейту. Бұл салада қылмыстық заңдарды реформалау, оның нормаларын қазіргі даму кезеңінің қоғам қажеттілігіне сәйкестендірудің маңызы өте зор.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті бекітудегі тәжірибелік мәселелерді шешуде маңызды рөлді қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ететін, қоғамдық-құқықтық жүйе элементі ретінде қылмыстық құқық атқарады. Кез келген мемлекет кепілдік беретін басты құндылықтарын жауапкершілікпен үрейлендіру және оны кінәлілерге жүктеу жолымен қылмыстық қолсұғушылықтардан қорғай алады.

Сондықтан азаматтарды қылмыстық әрекет істеуден тежеуші фактор ретінде жауапкершілік мейлінше анық, түсінікті болуы тиіс.

Қылмыстық құқық теориясында қылмыстық жауапкершілік тақырыбы орталық және даулы мәселелердің қатарына жатады. Бір жағынан, елімізде өткізілген реформалардың салдарынан өзгеруге ұшыраған әлеуметтік, экономикалық жүйе, қоғамда кездесетін құқықтық нигилизм, екіншіден, әлемнің ғылым мен техникалық деңгейінің қарқынды өсуі, қоғамды индустриализацияға көшіру жағдайлары құқықтағы жауапкершілік мәселелерін шешудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруды талап етеді.

Қорыта келе мынадай тұжырымдарға келуге болады: біріншіден, қазақтың дәстүрлі құқығындағы қылмыстық жауапкершілік институты сонау ежелгі көшпенділердің дәуірінен бастау алады. Мемлекеттің негізгі тірегі — қоғамдық қатынастарды реттеуге бетімен кеткен келеңсіз істерді жөнге салу үшін қылмысты әшкерлеп, заңның орындалуы үшін өз үлесін қосуда адам баласы жауапкершілікті жете сезінуі қажет. Қазақтың дәстүрлі құқығында да қылмысқа қатаң тыйым салынып, жасалған жағдайда зардаптарын жою үшін бірқатар шаралар қолданылған. Бұдан көшпенділердің қылмыс жасалған жағдайда, оған лайықты жауап болу керек деген пікірлерін аңғаруға болады.

Екіншіден, қазақтың құқығында қылмыс субъектісі қылмыстық жауапкершілік субъектісіне сай келмейді. Мұнда кінәлінің жеке жауапкершілігі отбасы, ауыл, ру мүшелерінің ұжымдық жауапкершілігімен  толықтырылады. Қылмыстық ұжымдық жауапкершілік негізінен мүліктік жауапкершілік түрінде болатын және оның күші жеті ұрпаққа дейін сақталған. Үшіншіден, мүліктік талаптар жазалау ғана емес, келтірілген шығынның орнын толтыру және кекті қанағаттандыру деп саналады.

Қоғам өз мүшелеріне белгілі бір әлеуметтік талаптар қояды, мұндай талаптарды орындамау жауаптылыққа әкеп соғады. Орындалмаған талаптың сипатына қарай бұл жауаптылық моральдық немесе құқықтық болуы мүмкін.

Қылмыстық жауаптылық азаматтық-құқықтық, әкімшілік, тәртіптік, материалдық жауаптылықтар сияқты құқықтық жауаптылықтың ең қатаң түрі.

Кез келген құқықтық жауаптылық сияқты қылмыстық жауаптылықтың өзіне тән ерекшеліктері бар. Мазмұны мен нысаны бойынша ол мемлекеттік мәжбүрлеу сипатын иемденеді. Себебі, қылмыстық жауаптылықты қылмыс жасаған адамға мемлекеттің жағымсыз реакциясы ретінде қарастыруға болады. Қылмыстық жауаптылықтың әлеуметтік мазмұнын — қылмыс жасаған адамға қолданылатын мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары құрайды. Сондықтан қылмыстық жауаптылық өзінің мазмұны бойынша әлеуметтік, нысаны бойынша нормативтілік реттеуші қызметтерді атқарады және қоғамдағы қатынастарды тәртіптеу мақсатында қолданылады.

Райхан ЖАКИНА,

Ақтөбе облысының қылмыстық істер

жөніндегі мамандандырылған ауданаралық

сотының іс жүргізу инспекторы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button