Білім

Студенттер қатарына қабылданды

Қ.Жұбанов атындағы білім ордасына жаңа леп қосылды. Жақында 1-курс студенттеріне арналған «Студенттік қатарға қабылдау» салтанаты өтті.

Биыл университет табалдырығын 3000-ға жуық талапкер аттаған. Олардың 600-і грант негізінде оқуға қабылданса, 150 студент Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау, Тараз, Алматы қалаларынан келіп, «Серпін — 2050» бағдарламасы бойынша білім алуда.

Талапкерлерді студенттер қатарына қабылдау үшін арналған мерекелік бағдарлама екі ауысыммен өткізілді. Бірінші бөлімде университет ректоры К.Кенжебайұлы сөз сөйлеп, студенттерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Ал кештің екінші бөлімінде тәрбие жұмысы және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректор М.Орынбасарұлы өз тілегін өлең жолдарымен жеткізіп, студенттердің қошеметіне бөленді.

Мерекелік кеш қызықты ойын түрінде өтті. Жастардың жанарынан жарқын болашақ, үлкен арман-мұраттар байқалады. Сахна төрінде түрлі өнер көрсеткен қыз-жігіттер көрерменге ерекше қуаныш сыйлады.

Жас талапкерлердің құрметіне арналған мерекелік шараны университеттің тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің мамандары мен белсенді студенттер тобы ұйымдастырды. «Бірлесе көтерген  жүк жеңіл» демекші, бірлікпен өткізілген шара өз нәтижесін берді. Бұған дәлел сол кештегі қатысушылардың көтеріңкі көңіл күйлері мен жылы лебіздері еді.

Жансая КЕНЕШОВА,

филология факультетінің студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button