АуылЭкономика

Ауылға бағытталған миллиардтар

Қаржы

 «ҚазАгро» холдингі» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің хабарына қарағанда,  «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде 226 млрд теңгеден астам қаражатты еліміздің агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағыттады.

Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың жалпы сомасының — 183,1 млрд теңгесі отандық шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды несиелеуге, 17,8 млрд теңгесі — ауылшаруашылық өнімін сатып алуға, 23,8 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қаржылық сауықтыруға жұмсалады. Жылдың аяғына дейін «ҚазАгро» холдингі саладағы түрлі жобаларды несиелеуге және қаржыландыруға тағы да шамамен 80 млрд теңге бағыттауды жоспарлайды.

Ұлттық холдингтің инвестициялық қоржыны 530 инвестициялық жобаны құрайды, оның жалпы құны 324 млрд теңге.  Оның ішінде бүгінгі таңда жалпы құны 273,4 млрд теңгенің 487 жобасы іске қосылып, шамамен 15,5 мың жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы өндіріске жалпы құны 18.8 млрд теңгенің 37 инвестициялық жобасы іске қосылды. Осының нәтижесінде 1068 жұмыс орны құрылды.

Егін егу және жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін ағымдағы жылы холдингке 60 млрд теңге сомасындағы бюджеттік несие қаражаты берілді. Олар холдингтің еншілес ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің арасында қарыздар түрінде бөлінді. Қазіргі уақытта бөлінген бюджеттік ресурс толық игерілді. Аталған қаражатқа 2141 ауылшаруашылық тауар өндірушілері қаржыландырылды. Олардағы егістік алаңы — 5,3 млн га.

Жалпы, 2016 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қолдау шеңберінде холдингпен барлық қаражат көздері есебінен 72,9 млрд теңге сомасына 3235 ауылшаруашылық тауар өндірушілері қаржыландырылды.  Алынған қаражат аграрларға 6,9 млн га алаңда егістік науқанын жүргізуге ықпалын тигізді.

Шаруашылыққа қажет агротехникалық іс-шараларды жүргізу үшін лизингке 37,6 млрд теңге сомасына 1 877 бірлік ауылшаруашылық техникасы берілді.

Жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен «ҚазАгро» ұлттық холдингіне 25 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 9 айдың қорытындысы бойынша 19,8 млрд теңге игерілді. Бөлінген қаражат холдингпен қаржы бағдарламаларының кеңейтілген спектрін пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешені дамуын ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталды.  Оның қатарында несие серіктестіктері арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржыландыру, сиыр, қой сатып алу бар.

«ҚазАгро» ұлттық холдингі  биылғы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі қосымша шаралар шеңберінде бірқатар жобаларды қаржыландыруды бастауды жоспарлап отыр. Әңгіме агроөндіріс кешенінің басым салаларындағы экспортқа бағдарланған жобаларды несиелеу, сүт қабылдау пункттерінің желілері мен отбасылық сүт-тауарлы фермаларды, ауылшаруашылық кооперативтерін және бордақылау алаңдарын, жеміс-көкөніс шаруашылығы жобаларын қолдау туралы болып отыр. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы оның құрамына кіретін компаниялардың инвестициялық активтерін тиімді басқаруды қамтамасыз ету арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Холдингтің құрамына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы», «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «ҚазАгроӨнім», «ҚазАгроМаркетинг», «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамдары кіреді.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button