Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мерекесі аталып өтті

Сенбі, 22 қазан күні Ақтөбе қаласының ипподром алаңында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Биыл аталған сала еңбеккерлерінің төл мерекесі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты кең көлемде атап өтілді. Бұл күні ипподромда ұйымдастырылған салтанатты шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы озық кәсіпорындардың басшылары мен алдыңғы қатарлы қызметкерлері қатысты. 

Бұл — егінін баптаған диқанның да, таңның атысы, күннің батысы демей мал жайған малшының  да жыл бойғы төккен тері мен жасаған бейнетінің зейнетін көріп, қорытынды шығаратын шағы. Жылдағыдай емес, биылғы тойдың орны ерекше болды. Аймақта Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құрметіне кең көлемде аталып өтті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі енді жылда осы кезде, осы жерде атап өтілмек.

Ипподром алаңында ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ауыл шаруашылығының ең озық өнімдері, асылтұқымды малдар мен дәстүрлі емес салалар өнімдері, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесіне облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласынан 50-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысып, өз өнімдерін, жабдықтарын, дәстүрлі емес кәсіп түрлерін ұсынды.

Бұл күні ипподром алаңына киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарламалар, мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Омарта шаруашылығы үшін субсидия төленеді

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы бастаған топ әуелі көрмені тамашалады. Облыстың барлық ауданынан әкелінген ауыл шаруашылығының ең озық өнімдері көпшіліктің көңілінен шықты.  Ойыл ауданының әкімі Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, биыл ойылдық шаруалар суармалы егіске аса мән берген, соның нәтижесінде картоптың өнімділігі жоғары болыпты. Егілген 21 тонна картоп тұқымынан 150 тонна өнім жиналған.  Көрмеге Ойылдан жеткізілген картоп және өзге де бау-бақша өнімдеріне жұртшылық риза болды.

Бұл күні Ойылдағы «Жақып» шаруа қожалығы көрмеге тары-талқанды шығарды. Биыл бұл шаруашылық Ойылдың тарысын Италияда саудаға шығарса, енді Оңтүстік Корей елінде жарнамалайтын болады. Облыс басшысы тары-талқан өнімін көбейту керектігін, сол арқылы Ойылдың ақ тарысын брендтік атаумен жер-жерге шығару қажеттігін айтты.

Көрмені тамашалау кезінде облыс басшысы бастаған топ ауылдың дәмінен ауыз тиді. Мұғалжар ауданының «Вайнах» шаруа қожалығы биыл суармалы жерді игеруге ерекше мән берген. Биыл аталған шаруашылық 554 гектар жерге картоп және көкөніс еккен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 154 гектарға артық.  Мұғалжар жерінде өсірілген қауындарды көрмеден көрген облыс басшысы шаруалардың бұл ісіне өз ризашылығын білдірді.

Соңғы кезде облыста омарта шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Көрмеге бал жеткізген мәртөктік «Жездібай» шаруа қожалығының өнімдері бүгінде жоғары сұранысқа ие. Облыс басшысы өзінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиевтен омарта шаруашылығын дамытуға мемлекеттен субсидия беріле ме деген сауалына ол: «Мұндай шаруашылықтарды қолдауға 2017 жылдан бастап субсидия беріледі. Арнайы ережеге сәйкес субсидия алу үшін омарта шаруашылығындағыларда 100 омартаға дейін болуы қажет еді. Енді біз мұның санын 50-ге дейін азайтуға ықпал етіп, шаруалар үшін тиімді жағын ескердік», — деді М.Жұмағазиев.

«Құмқұдықтың» ұны және қосымша цех

Көрмені тамашалау кезінде облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы «Болат ЛТД» серіктестігі иелігіндегі таңқурай плантациясынан жиналған өнімдерді алдағы уақытта балабақшалар мен медициналық мекемелерге жеткізу үшін жұмыстану керектігі турасында айтты.

Бұл күні көпшіліктің көңілін темірлік кәсіпкерлер әкелген көп тағамға дәм беретін маштың орны тым бөлек болды. Бұл дақылды облыс басшысының өзі қолмен ұстап көріп, оның жоғары құнарлылыққа ие екенін айтты. Сол сияқты, Қарғалы ауданының «Ардағым» шаруа қожалығы арнайы су қоймаларда өсіретін балық түрлері, сонымен қатар бүгінде үш ауданды, яғни Ырғыз, Хромтау және Әйтеке би өңірлерін ұн және ұн өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» шаруа қожалығының жоғары сортты ұны көпшілік назарына ұсынылды. «Құмқұдық» шаруа қожалығы 1994 жылы құрылған. Қуаттылығы — тәулігіне 20 тонна жоғары сортты ұн өндіреді. Бүгінде бұл шаруашылықта ұн шығаратын диірменге қосымша ұнтақ жарма шығаратын цех ашуға жұмыстар жүргізіліп жатыр. Цехты қалпына келтіру үшін және жабдық сатып алуға 76,0 миллион теңге қаражат «Ақтөбе агросервис» ЖШС арқылы алынатын болып шешілген.

Көрмеге Ақтөбе қаласындағы «Айс», «Анди», «Рокос», «Рамазан» секілді ірі-ірі компаниялардың өнімдері де қойылды.

Облыс әкімі бастаған топ  көрмеге шығарылған асылтұқымды малдар мен дәстүрлі емес салалар өнімдерін тамашалап, ауыл шаруашылығына қажетті заманауи техникалардың жұмыс істеу қуаттылығымен танысты.

Ақтөбеде 50 мың гектар суармалы жер болады

Содан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Қазақта «Ас — адамның арқауы» деген сөз бар. Бізге арқау беретін —  ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері. Биыл ауа райының қолайлы болуына байланысты әрі мемлекеттің көмегімен мол өнімділікке қол жеткіздік.

Биылдың өзінде ауыл шаруашылығына 18 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7 миллиард теңгеге көп. Облыс бойынша 13 центнерден өнім жиналды. Жалпы жиналған астықтың мөлшері —  443 мың тонна. Бұл  өзімізді-өзіміз азық-түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндігін береді. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз өзімізді-өзіміз  азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сырттан келетін импортты азайтуымыз керек» деген тапсырмасы бар. Мен облыс басшылығы атынан барлық ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне биылғы аянбай еткен еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды айтамын. Әсіресе, «Алтынсарин», «Степное», «Ақжар агро» шаруашылықтары гектарына 15-17 центнерден өнім алды. Біз ендігі жылға толық негіз жасадық. Біздің көңілімізді толықтыратын мәселе — шаруалар  бұрын үйренісіп қалған ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана емес, осы саланың дәстүрлі емес түрлерімен де айналысып жатыр. Қоян, құс, ешкі, ара шаруашылығымен, содан кейін біз өзімізді-өзіміз көкөніспен қамтамасыз етуіміз керек. Бұған Ақтөбенің ауа райы да, жері де қолайлы. Тек қана еңбек етіп, мемлекеттің көмегін толығымен пайдалансақ, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы аймақта суармалы жер көлемін көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын да айтты. «Қазір біз алдымызға меже қойып отырмыз. Келер жылы біз суармалы жерді ең кем дегенде 18 мың гектарға көбейтеміз. Сонда облыс бойынша суармалы жердің көлемі 40 мың гектарға жетеді. 2020 жылға дейін суармалы жердің көлемін ең кем дегенде 50 мың гектарға жеткізуіміз керек. Сонда біз негізгі керек деген өнімдерімізбен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етеміз. Ал жетпейтін, бізде өспейтін күріш, қантты басқа өңірлерден алуымыз керек. Олармен біздің келісімшартымыз бар, — деді Бердібек Сапарбаев.

Салтанатты жиында өңір басшысы облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздіктері мен алдыңғы қатарлы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мараппаттары мен облыс әкімінің Алғыс хаттарын, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Астана қаласы мен Қызылорда облысында өткен Астана күндерінде белсенділік танытқан бір топ ауыл шаруашылығы құрылым басшыларына облыс әкімі тарапынан құрмет көрсетілді. Жиында кәсіпкер Аманғос Төлеуов ауыл шаруашылығы еңбеккерлері атынан облыс әкіміне алғыс білдірді.

Мал азығы жеткілікті жиналды

 Қаржаубай Ыбырайымұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

— Қазір жиын-теріннің аяқталатын уақыты. Биыл егіннен мол өнім алдық. Былтырғы жылмен салыстырғанда екі еседен астам мол табысқа қол жеткіздік. Шынын айтқанда, мұндай өнім 1991 жылдан кейін болған емес. Сондықтан ауыл шаруашылығында еңбек етіп жатқан еңбеккерлер үшін бүгін үлкен той. Солардың арқасында осындай үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Күзгі жауынның уақытында да солардың маңдай терінің арқасында шашау шығармай, астықты дер кезінде жинап алуға қол жеткіздік. Мал шаруашылығы да жылдан-жылға дамып келе жатыр. Аймақта жыл сайын мал басының өсуі байқалады, оның бер жағында мемлекеттік қолдау былтыр 6 миллиард теңге болса, биыл шаруалар үшін 9 миллиард теңге көлемінде субсидия алуға мүмкіндік туды. Облыста соңғы кездері асылтұқымды мал саны артты. Осындай үлкен жетістіктермен осы мерекені атап өтудеміз.

Биыл облыста дәнді дақылдардың жалпы түсімі 443,6 мың тоннаны құрады. Орташа өнімділік көлемі — 13 пайыз. Бұл орайда Әйтеке би ауданы диқандарының еңбегін ерекше айтқан дұрыс. Ауданда орташа өнімділік көлемі — 14 пайыз. Аймақта мал шаруашылығымен айналысатындар да өздерінің табысты істерімен қуантады. Шаруалар «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда, мал басы көбейіп, өнімділік көлемі де артуда. Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрін дамыту бойынша да шаралар қабылдануда, қоян, бөдене, ешкі, бал өндіру, жидек дақылдар өсірумен айналысатын шағын жылыжай шаруашылығын дамыту үшін шағын фермалар құрылуда.

Биыл мал азығы жеткілікті мөлшерде жиналды. Бұл бағытта қысқа тыңғылықты дайындықпен түскелі отырмыз. Оның үстіне, биыл далалықта шөптің өсімі, көлемі, құнарлылығы мен сапасы өте жоғары болды. Шөп бітік шықты.

Тұқым талданып жатыр

 Шмит Өтеуов, Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

— Аудан негізінен ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Биыл аудан көлемінде 163 мың 900 гектар жерге егін егілді.  Оның 123 мың гектарына дәнді дақыл егілді. Өткен жылдармен салыстырғанда, биыл аудан көлемінде әр гектардан 17 центнерден өнім алдық. Өнімділік көлемі жоғары болды.

Елімізде егін шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріліп жатыр. Жылма-жыл өнім сапасына мән береміз. Соңғы кезде аудандағы шаруалар жоғары сапалы тұқым егуге ерекше мән беруде. Биыл аудандағы «Алтынсарин» шаруашылығы әр гектарына 17 центнерден өнім алды. Аудан бойынша өнімді 14 центнерден алсақ,  шаруашылық 17 центнерден өнім алып жатыр. Сол сияқты «Комсомол» серіктестігі, «Құмқұдық», «Бұлақ агро», «Еңбек агро», «Барыс-1» секілді шаруашылықтар да биылғы жылы өнімді жақсы алды. Әрқайсысы гектарына 11 центнерден кем алған жоқ. Алайда аудандағы көптеген шаруашылықтардың техникасы ескірген, қаржының тапшылығына байланысты жаңарта алмай отыр. Себебі, егін шаруашылығында техникаға ерекше мән беріледі. Тұқым себу, егін орағы болсын, бұл істің барлығы техниканың күшімен жасалады. Егер науқандық істерге техника сақадай сай болса, онда ауыл шаруашылығына үлкен пайда әкелер еді. Қазір аудандағы «Алтынсарин» серіктестігінде ғана  барлық техника жаңартылған. Соның арқасында бұл шаруашылық егінді уақытында егіп, уақытында орып отыр. Кейбір шаруашылықтар егін шыққанмен, орақ салу науқанын техникаға байланысты кешеуілдетіп алды. Дейтұрғанмен, ауданда астық жиналып, егін түгел орылды. Қазір шаруалар келер жылға дайындалып жатыр. Биыл қамбаға 12 мың тонна тұқым құйдық.  Қазіргі кезде 11 мың тонна тұқымды талдау үшін зертханаға тапсырдық. Кезінде Ресейдің Саратов қаласынан элиталық және суперэлиталық тұқым алып, оны жылма-жыл өсіріп, аудан көлемінде қалған шаруашылықтарға таратып жатырмыз.

 Алдыңғы қатарда — «Алтынсарин»

 Борис Князев, Әйтеке би ауданындағы «Алтынсарин» ЖШС директоры:

— Жылды табысты аяқтадық деп ойлаймын. Ауданда 25 мың гектар алқапқа еккен егістен мол өнім жиналды. Әр гектарынан 17 центнерден өнім алдық. Дәнді дақылдарды да үшінші кластан төмен алмадық. Бұл өнімділік толықтай менің көңілімнен шығады. Әрине, қиындықтар да болды. Әсіресе, биыл қыркүйек жауын-шашынды болды. Соның салдарынан егін жинау науқаны сәл созылып кетті. Жинаған астығымызды кептіруге тура келді. Барлық іс адам күшімен бітті. Мол өнімділікке қол жеткізудің бірнеше факторы бар. Соның бірі, біздің шаруашылық Әйтеке би ауданында көп жылдардан бері жермен айналысады. Сол жылдардан бері жермен жұмыс жасаудың, яғни жер өңдеудің  қыр-сырын толықтай меңгердік деп айта аламын. Екіншіден, заманауи техникаларды пайдаланамыз. Сонда ғана қолға алған жұмыстарыңның нәтижесі жоғары болады.

 

 Темірдің дәруменді тұшпарасы

 Есенбол Жолдығарин, Темір аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

— Ауыл шаруашылығы күніне арналған көрмеге ауданымыздан 10 шаруа қожалығы өз өнімдерін әкеліп отыр. Ауданда «Гүлнұр Мұстафина» жеке кәсіпкерлігінің кондитерлік цехы жұмыс жасайды. Кәсіпкер — «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы. Биыл 14,5 миллион теңге көлемінде несие алды. Бұрын шағын маркеті болса,  енді кулинария цехын ашты. Көрмеге шығарған шұбат, қымыздар — ауданымыздың Қайыңды ауылдық округіндегі «Номад-Келбатыр» шаруа қожалығының өнімдері. Бұл шаруашылықтың иелігінде шұбат, қымыз өндіретін цех бар. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех осы шаруашылықтың базасында орналасқан. Арнайы ғимараты бар. Қазір бұл шаруашылық өндірген өнім қолжетімді бағамен  отандық өнім өндірушілерді қолдау бағытында жергілікті жерде дайындалған арнайы орында халыққа қолжетімді бағамен сатылып жатыр.

Ауданның тағы бір ерекшелігі — Кеңқияқ ауылдық округіндегі кәсіпкер Нұрлыайым Балмағанбетова дәруменді тұшпара дайындайды. Бұл өнімге көбінесе аудандағы балабақшалар тапсырыс береді. Яғни, түрлі түсті тұшпара сәбіз, қызылша, қырыққабат секілді табиғи өнімдердің суына иленген қамырдан дайындалады. Бұл — ешқандай қоспасыз жасалған өнім. Құрамы дәруменге бай тағам сиыр етінен әзірленеді. Әзірге, мұндай өнімді Темірден басқа аудандарда жасалған жоқ.   Бұл кәсіпкер «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша несие қаражатына қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ, аудан кәсіпкері Мәншүк Көккөзованың иелігіндегі цехта аптасына 400 келіге тарта тұшпара өндіріледі. Бүгінгі күні Темірдің тұшпарасы Ақтөбе қаласының сауда орындарында да сатылып жатыр. Кең сұранысқа ие.

 

Қараторғай қара үзіп келді

 

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған ресми жиын соңы облыс өнерпаздарының концертіне, ат жарыс, аударыспақ сынды ұлттық спорттық ойындарға ұласты. Ақтөбеде 19-22 қазан аралығында өткен ұлттық спорттан жастар арасындағы  ХХ ел чемпионатын қорытындылау күні осы ауыл еңбеккерлерінің мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келді. Жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аламан және тоқ бәйгеге еліміздің 9 облысынан 150-ге жуық  спортшы қатысты. Ұлттық спорт ұландары алдымен жамбы ату, теңге ілу бойынша  бағын сынады.  Жамбы атудан бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының сұрмергені А.Базарбаев иеленді. Теңге ілуден оңтүстікқазақстандық Мағжан Сапарбекке тең келер ешкім болмады. Көкпардың финалдық кезеңі, аламан бәйге мен тоқ бәйге, аударыспақ ипподромда  облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күні аталып өткен 22 қазанда  қортындыланды. Көкпардан  бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының, екінші орынды Жамбыл облысының командалары иеленсе, үшінші орынды Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының көкпаршылары бөлісті. Аударыспақ бойынша бес салмақтағы төрт бас жүлдені жерлестеріміз қанжығасына байлады. Тоқ бәйгеде Әйтеке би ауданының  Асылтас атты сәйгүлігі алдына қара салмады. Шабандозы — Әміржан Кәдір.  Екінші орынды қобдалық Әлібек Айдашев мініп шапқан тұлпары олжалады, ал жүлделі үшінші орын Қызылорда облысы Арал ауданынан келген Марат Таласовтың Ақбілек атты тұлпарына бұйырды. Көпшілік асыға күткен аламан бәйгеде топ жарған Алға ауданының  Қараторғай атты сәйгүлігі қара үзіп келіп, 12 жасар шабандозы Әміржан Кәдірге темір тұлпар сыйлады. Әйтеке би ауданының Бигелді Жанат мінген Асылым сәйгүлігі екінші келді. Қобдалық шабандоз Кирилл Запченконың астындағы Кобрик тұлпары мәреден үшінші болып өтті.  Жеңімпаздарға тоқ бәйгеге 1 млн теңге, көкпарға 300 мың теңге, аударыспақ ойынының жеңімпаздарына 30 және 20 мың теңге сыйақылар берілді.

Бұл күні ұлттық спортты тамашалауға ипподромға 3000-нан аса көрермен жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың өткізілуі туралы алдын ала әлеуметтік желілерде және БАҚ арқылы хабарландырулар берілген. «Келушілер қарасының көптігі содан болса керек», — дейді олар.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Бүгінгі үлкен мереке біздің жастарымыз үшін маңызды. Осындай жарыстар әрі қарай да өткізілетін болады. Сонымен қатар ипподром жанынан иппотерапия орталығы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда облыста осы ем түріне мұқтаж 112 бала тіркеуде болса, 20-дан аса бала ем қабылдап жатыр. Қосымша аттар да сатып алынуда. Мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатқан істер, — деді өңір басшысы.

Мерекелік шарада ұлттық спортқа әрдайым қолдау танытатын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Б.Тілеухановтың атынан Алғыс хат табыс етілді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button