Экономика

Бюджетаралық қатынастарды реттеу керек!

Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

«2016 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасында бюджет кірісін 842 миллиард теңгеге ұлғайту көзделген.

Осыған байланысты Ұлттық қордан кепілді трансфертті 400 миллиард теңгеге азайту және республикалық бюджеттің шығыс бөлігін 380 миллиард теңгеге ұлғайту – экономикалық өсімнің жандана түскенінің, жан-жақты тұрақтылықтың, сонымен бірге, халықтың әл-ауқат деңгейі өскендігінің айғағы.

Қазақстанда өндірілген тауарларды экспортқа шығару көрсеткішінің, қосымша құнға салынатын салық пен басқа да салық түрлерінің өсуі – еліміздің әлемдік экономикалық сынаққа төтеп беріп, тауарлардың әлемдік рыноктағы бәсекеде өз орнын алып отырғанын көрсетеді.

Бұл сонымен бірге, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, «Нұрлы жол», индустриялық-инновациялық даму және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер жолын ашады. Осылайша, экономика мен әлеуметтік саланы жоғары деңгейге көтеру үшін тағы да бір тың қадам жасалды.

Дегенмен, атқарушы органдар осы қосымша бюджет қаржысын қысқа мерзімде игеруі қажет. Қаржы министрлігі бұл қаржы тиісті бағыттар бойынша пайдаланылады  деп сендіруге тырысқанымен олар сапалы игеріледі дегенге күмән басымырақ болып отыр.

Өйткені, уақыт тым тығыз, жыл аяғына дейін бір тоқсаннан аз уақыт қалды, ал мемлекеттік сатып алу конкурсының шарттары бұл мерзімді тағы жартылай қысқартады. Яғни, қосымша қаржыны игеруге небары ай, ай жарым уақыт қалады. Оның үстіне қылышын сүйретіп қыс келе жатыр…

Әрине, министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны толайым пайдалану үшін барлық шараларды алады. Бірақ, жанұшырып, қаржыны игеріп қалам деп жүргенде көзді жұмып, қосып жазуға, мемлекет қаржысын талан-таражға салуға жол беріледі. Көріп отырғанымыздай, бюджетке жыл аяғы таяғанда бірнеше мәрте түзету енгізгеннен орталық,  әсіресе, жергілікті атқарушы органдар үнемі тәуекелге баруға мәжбүр.

Осындай орынсыз тәуекелден құтылуға бола ма? Әбден болады деп ойлаймын. Ол үшін әлеуметтік-экономикалық дамуды дәл болжай білу керек.

Бірақ, дәрменсіз және тиімсіз болжам еліміздің қаржылық қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды. Мұның бәрі де әлеуметтік-экономикалық дамуды болжаудағы олқылықты, оның өзі қаржы тәртібі мен экономиканы басқару деңгейін төмендетеді. Ұлттық экономика министрлігі мемлекет қаржысынан едәуір жалақы төлеп отырған бөлімдер мен мамандар өз құзыретінің деңгейіне сай келе ме, келмей ме – соны саралап, сыннан нәтижелі қорытынды шығаруы тиіс.

Мемлекет Басшысы үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджетаралық қатынастар жетілдірілмей отырғанына арнайы тоқталды. Елбасының сөзінен келтірейін: «…Соңғы он жылда республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру көлемі мен оның ауқымы айтарлықтай кеңейді. Ол 2016 жылы жергілікті бюджеттің барлық түсімдерінің 36 пайызын құрады. Жергілікті маңыздағы жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату керек. Ол мәселені әкімдіктер өз бетінше шешуі тиіс. Үкіметке бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жөнінде келісілген ұсыныстар әзірлеп, енгізу тапсырылды». Нақты және түсінікті айтылды.

Еске сала кетейін, осыдан бірер жыл бұрын аса маңызды 150 функция орталық органдардан жергілікті атқарушы билікке берілді. Жергілікті атқарушы органдардың міндеттері белгіленді, ал, бюджет пен қаржы мәселелері бәрібір жоғарыдағылардың қолында. Баланың қолына қасық беріп, табағына тамақ салуды ұмытып кеткендей. Сондықтан Елбасы осы мәселені тағы да Үкіметтің есіне салды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін толық шеше алғанда ғана жергілікті атқарушы орган қуатты билік болып қалады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қосымша құнға салынатын салықтан түскен қаржының 30 пайызы өңірге қалдырылатын. Сол уақыттың мүмкіндіктерін есепке алар болсақ, олар өздерінің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қаржыны тиімді пайдалана білді. Өңірлердің, жергілікті атқарушы органдардың дербестігі мен жауапкершілігін көтерер қазіргідей жағдайда әбден сыннан өткен, өзін-өзі ақтаған тәжірибеге неге қайта оралмасқа?!

Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлері де бюджетаралық қатынастарды дұрыс жолға қойған жағдайда жергілікті маңыздағы жобаларды өз бетінше қаржыландыра алады деп сеніммен айта аламыз. Бұл – бюджет қаржысын бөлгенде және қайта бөлгенде қаржылық бұрмалаушылықтарды, сыбайлас жемқорлық белгілерін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

(«2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша.

Сенат отырысында сөйлеген сөзі, 6 қазан 2016 жыл).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button