Ауыл

«Еңбек етсең, емерсің» деген осы

… Жаңбырдан кейінгі саф алтындай таза ауа, айналадағы қалы кілемдей құлпырған көк майса жаныңды бір рахат сезімге бөлейді. Биылғы жыл жаңбырлы, жазы жайсаң, малға да, жанға да қолайлы, берері мол, берекелі жыл болғалы тұр деп,  жол үстінде келе жатқан азаматтар қуанысып қалды.

Тастағы, асфальты болмағанмен,  жайлы тегіс дала жолымен жүйткіп, кідіріссіз алға ұмтылған  жеңіл машинаның бағыты белгілі, «Көкпекті» жайлауындағы «Қарабура» шаруа қожалығын нысанаға алып келеді. Көлік ішінде отырған да сол шаруа қожалығы қарайтын округтің орталығы — «Қайнар» ауылының сыйлы азаматтары. Олар «Қарабура» шаруа қожалығының қонысына  маңдай тіреп, биылғы жылдың жаңа қымызынан дәм татпақ. Шаруа қожалығының иелері ағайынды Жалашевтер қазақтың байырғы  «Қымызмұрындық» аталатын дәстүрі бойынша қонаққа шақырған.

Айтқандай,  ағайынды Жалашевтар қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, жаңадан салынған кең де жарық үйлерінің төріне шақырды. Бұл келген қонақтар  бір кездерде Мәлік пен Шынбергеннің  ата-анасының көзін көрген, сол отбасының дастарқанынан дәм татқан азаматтар еді. Талай төрлерінде сары қымызды сапырып отырған еді. Енді бүгін сол дәстүрді балалары қайталап отыр.

Дастарқан үстіндегі әңгіме барысында шаруа жағдайы, биылғы ауа райы туралы үй иелері де өз ойларымен бөлісе отырды.

Біз сол сапарда «Қарабура» шаруашылығы жайында көп нәрсені көңілге түйіп қалған едік. Одан кейінде ағайынды Мәлік, Шынберген Жалашевтермен әлденеше  сұхбаттасудың сәті түсті.

Бұл шаруа қожалығы 1999 жылы осы әулетке  тиесілі  пайға берілген  500 га жайылым мен 200 га егістіктің негізінде құрылған екен.

Алғашқыда мал қарасы да шағын болып, ата-анасының жиған-терген 5-6 бас жылқы, 20 шақты ірі қара, 50 шақты қой-ешкісін бағып бастаған.

Шаруашылық құрғанға дейін Мәлік те, Шынберген де өз мамандықтары бойынша жұмыс атқарып келген, екеуі де жоғары білімді азаматтар. Мәлік Алматының құрылыс-архитектуралық институтын, Шынберген Алматының жол-көлік институтын тәмамдаған. Заманның талабына сай іс қылуды ойлаған ағайынды жігіттер ақылдаса келе, нар тәуекел деп, өздерінің жеке шаруашылығын ашуға бел байлаған.

Тынымсыз еңбектерінің арқасында сол жылы егіндері бітік шығыпты. Тіпті қосымша еккен 1 гектар картоп пен көкөністері де мол өнім берген. Содан түскен қаражатқа 1 айғыр мен 50 қой сатып алып,  «МТЗ-50» тракторына алмастырады. Сөйтіп, алғашқы техникалы болады.

Кейін мемлекет тарапынан көрсететін жәрдемге сүйеніп, «Казагропромфинанс» мекемесі арқылы бір «МТЗ-82» тракторын, ал 2003 жылы 7 жылдық лизинг кредиті есебінен бір «КамАЗ» жүк көлігін, 50  ірі қара сатып алады.

Сөйтіп, бірте-бірте шаруашылықтың тасы өрге домалап, мал басы мен жер көлемі ұлғая түседі. 2010 жылы 4 мың гектар жерді 49 жылға жалға алып, «Қара мола», «Көкпекті» атты жайлауларды жайлайды. Жылдан-жылға еңбектері жанып, мемлекеттің қарыздарынан құтыла бастап, кіріс кіреді.

Бүгінде «Қарабура» шаруа қожалығының жер көлемі 13 мың гектарға жеткен, мал басы да біршама. Қой 1100 , ірі қара 220 , жылқы 100-ден  асып құлайды. Сонымен қатар мал өнімдерін: ет, сүт, май, қаймақ, айран, құрт, қымызды Ақтөбе, Хромтау, Алға қалаларына, қалаберді айналадағы басқа да елді мекендерге өткізуде.

Қазір бұл шаруашылық Ақтөбе қаласынан кішігірім ет дүкенін ашып алды. Ондағы сауда ісімен інілері Ерболат айналысады.

Қысқы қажетті мал азығы  өз күштерімен дайындалады. Жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер осы артылған шөпті айналасындағы елді мекендерге сатқан қаржы есебінен алынады.

Ал сүт өнімдерін ұқсату Мәлік пен Шынбергеннің жұбайлары мен балаларының еншісінде. Яғни бұл отбасының тайлы-таяғына дейін еңбекпен күн көреді. Шаруашылықта өз отбасыларынан  басқа 8 адам жұмыс істейді. Олардың  айлық жалақылары орта есеппен 50 мың теңгеден шығады. Қожалықта малға да, жанға да жайлы жағдай жасалған. Үш тұрғын үй, төрт жылы қоражай, бір мал бордақылау алаңы, жем қоймасы бар, Мұнан басқа да керекті жайлармен жабдықталған.

Электр  қуаты қонысқа «Жасыл экономика» — күн мен желден алынатын қуат көзінен беріледі.  Мұнда сондай құрылғы тұр. Ауызсу мәселесі де шешілген, су шыңырау құдықтан насоспен тартылады. Қысқасы, еңбек етуге де, демалуға да барлық жағдай жасалған.

Шаруа қожалығының алдында енді қандай мақсаттар бар деген сұрағымызға Мәлік:

— Бірінші мақсатымыз — мал басын көбейтіп, асылдандыру, екінші  көзейтініміз — шаруашылықты жаңа технологиямен жабдықтап, қол еңбегін азайту, үшінші бағытымыз — тауарлы өнім өндіру, төртінші бағыт — жұмыс қолын тұрақтандыру, арғы жағын өмір көрсетер, — дейді қысқа қайырып.

Қожалық иелерінің тұрмыс жағдайлары жоғары.  Әрқайсысының отбасы үшін қаладан барлық жағдайы бар үй салып алған, астарында бір-бір қымбат шетел көліктері. Бұл әулеттің балалары да жоғары оқу ордаларында білім алуда. «Таза еңбекпен осындай дәрежеге жеткен әулетке табыстарың еселене берсін, мерейлеріңіз үстем болсын» деп,  тіл үйірер сары қымызын ішіп отырып талайлар тілек айтқан. Сол тілек қабыл болып тұрғандай.

Әрине, мұның бәрі оңайлықпен келмегені анық. Ол осы әулеттің ауызбіршілігі мен маңдай терлерінің өтеуі. Алда талай асулар тұр.  «Еңбек етсең емерсің» деген осы.

 Жеңіс МАҚҰЛ,

 Қайнар ауылы.

Алға ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button