Ауыл

Еңбекпен есейген ағайындылар

 

Ырғыз жұртшылығы есімдерін жақсы білетін Орынбай мен Ақпатша саналы ғұмырларын мал бағып, ақтылы қой өсіруге арнаған еді. Балалары да атакәсіптен алысқа ұзамады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жастайынан әкесінің қасында шопандықтың қыр-сырын меңгерген  олар есейген соң да бұл кәсіптен қол үзген жоқ.

Орынбай ақсақал көзі тірісінде 1996 жылы Қарасай ауылына қарасты «Қаракөл» мал базын жерімен қоса алып, «Орынбай» шаруа қожалығын ашқан-ды. Сол уақыттағы қиындықтар кім-кімнің де есінде. Малдың қыстық азығын жинау, құдықтан қауғамен мал суару сынды жұмыстар шынымен де қажырлылықты, көп қол күшін қажет ететін еді.

Әкенің саналарына  жастай құя берген ақылы мен өмірлік тәжірибесі балаларының ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпады. 2000 жылы әкелері дүниеден озған соң, шаруашылық тізгінін үйдің үлкені Әзберген қолына алды. Малды өсірумен қатар, оның күтіміне айрықша назар аударды. Көп мәселені техника шешетінін білді. Сондықтан қолда бар қаржылары мен мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау-көмекке сүйеніп, «УАЗ» автокөлігі мен «МТЗ-82» тракторын сатып алды.

Ағайынды жігіттердің бірінші кезектегі міндеті мал басын көбейтуге келіп тірелді. Ол үшін өрісті, қонысты кеңейту қажет болды. Сөйтіп, 2008 жылы қосымша «Сағымбай» базын сатып алды.  Қазіргі күні шаруашылықтың бар малы сол жерде бағылуда.

— Кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан да мол мүмкіндіктер бар. Іс бастасаң далада қалмайсың, ауыл-аймағың, ауданың да жәрдем береді екен, — дейді Әзберген. Ол еліміздегі ауыл шаруашылығын көтеруге байланысты жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін кең тарқатып айтады. Мәселен, өзі басшылық жасап отырған «Орынбай» шаруа қожалығына 2014 жылы жеңілдетілген несие берілген. Сол арқылы «МТЗ-80» тракторы мен шөп тайлағышын алған. Қазір осы үр жаңа техникалардың игілігін көріп отырғандығын айтады. Сонымен қатар, мал басын асылдандыру мақсатында үш  асылтұқымды бұқа алып, мал тұқымының сапасын арттыруды қолға алуда.

Ерінбей еңбек етіп, заман ағымына ере білген қарасайлық ағайынды Қойшыбаевтар бұл күнде бақуатты тірлік кешумен қатар, замандастарына үлгі болуда.

 Т.БЕКЖАНҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button