Ауыл

Алғаш рет жергілікті өнімге қол жетті

Агробизнес — 2020

Күзгі жиын-терін мәселесі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы Амантай Досекешовпен әңгімелескен едік.

 — Енді аз күннен кейін ауыл шаруашылығы қызметкерлері өздерінің төл мерекесін атап өтеді. Осымен байланысты биылғы жылы ауданда  атқарылған қандай тың істерді айтар едіңіз?

— Ауыл шаруашылығы саласының  еңбеккерлері әр жылдың  өз ырысы бар деп есептейді. Елбасы қойып отырған міндеттерге, облыс әкімінің  тапсырмаларына сәйкес биыл біздің ауданда да бірқатар тың істер қолға алынды.Ырғыздың бойы ен бақшаға айналды. Аудандық әкімдіктің  аппараты, бүкіл бөлімдерінің, мектептер мен балабақшалардың  қызметкерлері, араға көп жылдар салып, алғаш рет картоп, көкөніс екті. Мұны көріп зейнеткерлердің де арасынан  белсеніп шыққандар болды. Мысалы, Таланды Жиенбаева апай көкөніс егуде жақсы үлгі көрсетті. Біз тек жерін тегін жыртқызып бердік, қалған шаруасын балаларымен  өзі атқарды.

Аудан бойынша 239 гектар жерге картоп, көкөніс салынса, соның 70 гектары аудан орталығында Ырғыз өзенінің жағасында болды. Қазір ауданда күзгі жиын-терін жұмыстары толық аяқталды, 130 гектар картоп, 52 гектар көкөніс, 51 гектар бау-бақша өнімдері жинап алынды. Бұрын қауын-қарбыз, картоп, көкөніс өнімдері ауданға сырттан, еліміздің оңтүстік өңірлерінен  келетін еді. Биыл, көп жылдан бері алғаш рет, жергілікті өнімге қол жетті.

— Шаруашылықтарды ірілендіру қадамдары, кооперативтер құру мәселесі  қалай жүзеге асырылуда?

 — Шаруашылықтарды ірілендіру талабының қойылуына байланысты ауданда екі кооператив құрылды. Оның бірі — Аманкелді ауылдық округінде. Үш адам бірігіп құрды. Жеке сиырларын қосып, кооператив болып жұмыс жасап жатыр. Басшысы бұрын ауылда мұғалім болып қызмет атқарған азамат. Кооперативтің көп мәселелері жергілікті жерде  шешілді. Жерін беріп, әрмен қарай мал тұқымын жақсарту шараларын қарастырып жатырмыз.  Осы мақсатта кооператив лизингке асылтұқымды  3 бұқа алды.

Осыдан бес жыл бұрын, облыста бірінші болып біздің ауданда «Агробизнес — 2020» бағдарламасы аясында,  шалғай жайылымдықта қой шаруашылығымен  айналысатын  шаруа қожалықтарын дамытудың сынамалық жобасымен 6 мың қой  алынған еді. Бұдан кейін де «Алтын асық» бағдарламасы бойынша қой саны ауданда көбейді. Соның нәтижесінде 11 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік осы саланы дамытуға бағыт ұстады. Қазір осы шаруашылықтар бас біріктіріп «Алтын асық-Ырғыз» ауылшаруашылық коопертативін құрды. Оның  14 құрылтайшысы бар. Негізгі шаруасы — қой өсіру. Жыл сайынғы алған төлдерін сыртқы рынокқа шығарады. Бұған қосымша шаруа қожалықтарының кәрі саулықтарын, еркек қозыларын  қабылдап, бір жерге жинап, бордақылап семіртіп, етке өткізу үшін  3 мың бастық бордақылау алаңын салды. Іріленген шаруашылықтың артықшылығы сол — мемлекеттен берілетін қаржылай жәрдемді алады.

— Жергілікті жерлердегі осындай қолайлы жағдайларға, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау-көмектерге қарамастан, малдың өсуінің баяулығы жиі айтылып жүр. Облыс әкімінің талабы бойынша төрт түліктің жылдық өсімі 10 пайыздан кем болмау керек.

— Мал басының өсуінде қарқын бар. Мысалы, өткен жылға қарағанда, биыл ірі қара 3,4 пайыз, қой-ешкі 5,4 пайыз, жылқы түлігі де осы шамада,  түйе 3,7 пайыз өсті. Қазір біздің өңірде 39 мыңға таяу ірі қара, 148 мың қой, 8694 жылқы, 1250 түйе бар. Жалпы төрт түлік малдың өңірдегі өсу қарқыны алда жоғарылай түсуге тиіс. Бұл жерде 2012 жылы қайта түгелдеу жүрген кезде,  ауданда малдың басының кемітілгенін де ескеру керек сияқты.

— Алыс аудандар үшін жеке шарбақтардағы малдарды шалғайдағы бордақылау алаңдарына, ет комбинаттарына жеткізу, өткізіп сату оңайға түспейтін. Бұл мәселе қазір қалай шешілуде?

— «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы  Ырғыздан 10 шақырым жерден 3 мың ірі қара семіртетін бордақылау алаңын салды. Бұрын аудан тұрғындары малдарын Хромтауға, Алғаға апаратын.  Жеке адамдар үшін ол үлкен шығынға түсетін. Қазір малды өзіміздегі бордақылау алаңына өткізеді, шарттары бірдей.

— Ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін ең қиын мәселе не?

— Бізге облыс тарапынан алға қойылған екі міндетті орындау қиынға түсіп отыр. Ол — ауданда сүт және ет өңдейтін кәсіпорындар құру ісі. Бұған шаруа қожалықтары белсеніп шыға қоймады. Өйткені ірі шаруа қожалықтарының қаражаттары болмады. Барлығының дерлік мойындарында миллиондаған теңге несиелері, кепілдіктері бар. Енді бірқатары соңғы үш жылда «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша мал алып, шаруа құрды. Бұл — бір жағынан, екінші , ауданның шалғайлығынан қорқады. Ойдай қаржыға кәсіпорын тұрғызып, ертең өнімімізді өткізе алмай қаламыз ба деп алаңдайды.

— Сол сүт өнімін өткізетін өңдеу орындарының болмағанынан  шығар, бізге адамдар сиырлардың ала жаздай бұзауымен, биелердің құлынымен бірге жүретінін айтады…

— Ол бекер әңгіме. Ала жаздай осы аудан орталығына жақын 5 жерде бие сауылды. Биені қазақша қолмен сауды. Қымызын ашытып, осындағы азық-түлік дүкендеріне салды. Ырғыз, Қызылжар селолық округтерінде де ала жаздай жылқы сауылды. Шаруа қожалықтары өздерінің шамасына қарай 8 биеден 12 биеге дейін сауып, қымыз дайындап, сатылымға шығарды.

Ал сиырды әр үй өзінің қажетіне қарай сауады. Сүт өнімін базарға шығаратындар да бар. Мысалы, Тәуіп селолық округінде Аманкелді шаруа қожалығының төрайымы Майра Тұяқова аудан орталығында 10 сиыр сауып, сүтін тарттырып, қаймағын дүкендерге салды. Сол сияқты бізде сүт өнімдерін  өңдеп, құрт, ірімшікке айналдырып, көрші Арал өңіріне шығарып отырған шаруа қожалықтары өте көп.

— Бұрын біздің өңірлерімізде еленбей келген сүтті ешкі, құс өсіру, бөдене, қоян бағу, омарта шаруашылығы  сынды шаруаның түрлері қолға алынып жатыр ма?

— Ырғыз — сулы-нулы жер. Судың жағасында тұратындар қаз-үйректі өздері үшін ұстайды. Ал енді жаңағыдай қосалқы шаруашылықтармен  қазір бізде бұрыннан мал бағып жүрген шаруа қожалықтары шұғылдануда. Ешкі шаруашылығының дамитынына күмән жоқ. Бізде малдың бұл түрі жетерлік, әңгіме сүтті ешкіні көбейтуге байланысты ғой. Қазір бір-екі шаруа қожалығы бұл істі қолға алды. Ал Тәуіп селолық округінде «Қазбек» шаруа қожалығының басшысы Болат Қазбеков өзінің бастамасымен 50 бөдене алып өсіруде. Мұны біз біразға дейін білмей келдік. Қоян бағуды қолға алып жатқандар да, ықылас білдірушілер де бар. Аманкөл селолық округінде Оразбай Жумин 8 қояннан бастап, бұл кәсібін дамытып келеді.  Бұрын осы Ырғызда тұрып, кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударған бір кәсіпкеріміз ауданнан тауық фермасын ашып, жұмыртқасын дүкендерге салып тұр.

— Қалай десек те, ауданның негізгі шаруасының төрт түлік малмен байланысты екені даусыз. Өңірдің болашағы да осы саланың бүгінгі жай-күйімен өлшенеді. Осы ретте мемлекттік бағдарламалардың орындалуы қалай?

— «Ырыс» бағдарламасы  бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Сүтті бағыттағы сиырлар алып шағын ферма ашуға бағыт ұстап отырмыз. «Сыбаға» бағдарламасы да алғашқы алты айдың ішінде-ақ асыра орындалды. «Құлан» бағдарламасы ғана аздау болып тұр. Бірақ құжат тапсырғандар бар, жыл аяғына дейін орындалуға тиіс.  «Алтын асық» бағдарламасын орындаудың шаралары алынуда. Жалпы аудан мемлекеттік бағдарламаларды жылда да артығымен орындап жүр. Бізге қиындық келтіріп жүрген несие алу мәселесі. Себебі шаруа қожалықтарының кепілдікке қоятын мүлкі арзан бағаланады. Олардың көпшілігі баяғы кеңшарлардан қалған ескі үйлер, ғимараттар.

— Бұрынғы жылдары  Ақтөбе қаласында Ырғыздікі деп  сазан балықтар сатушы еді, қазір көрінбейді?

— Соны көбейтудің  шарасын алып жатырмыз. Биыл өзен-көлдерге су келуге байланысты балық шаруашылығы қайта жолға қойылуда. Су айдындарын бекітіп беру,  балық аулау лимитін көбейту жұмыстары жүргізілуде. Өзен-көлдерді балықтандыру шаралары алынуда. Өйткені, кейінгі жылдары су болмай, Ырғыздың балығы көп кеміді. Сыртқа шығарып сататын балық болмады. Көлдерге биыл ғана су келді. Балық аулаумен тым аз мөлшерде «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадасы, Соркөлдің адамдары  ғана айналысады.

— Балық өңдейтін зауыт ашыла ма?

— Ырғыздан «Балық — береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ашылды. Жылына 150 тонна балық өңдейтін цех салынуда. Бұл кәсіпшіліктің келуімен  өңірде балық көбейеді. Оны аулау ісі де жолға қойылады.  Оған негіз бар.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Аралдың балықшылары осыннан 2 мың тоннаға дейін балық аулап жүрді. Кейін су болмай, азайып қалды. Одан бергі кезеңде жылына 30 тоннадан артық балық аулап көргеніміз жоқ.  Биыл көлдерге су толып, үміт оянды. Бізде балықтың көзі — Нұрада. Бірақ ол жақта қазір балық ауланбайды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ырғыз ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button