АуылӘлеумет

Байғанинде серіктестік аясында салынған алғашқы балабақша ашылды

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік

 Өткен аптада Байғанин ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған алғашқы балабақша өз жұмысын бастады. Ерлі-зайыпты Нұрдәулет Сейілханов пен Айнагүл Ізімовалар сауда дүкенін ашып, оны супермаркетке айналдырып, жеке кәсіптерін жолға қойса, енді ауданда алғашқы болып серіктестік аясында бала тәрбиелеу ісін қолға алып отыр.

«Әсем» балабақшасының иесі әрі меңгерушісі Айнагүл Ізімованың айтуынша, 75 орындық балабақшаға әзірге 50 бөбек келіп жүр. Дегенмен, бірте-бірте толығарына сенімді. Себебі, мектепке дейінгі жекеменшік мекеме болғанымен, бағасы мемлекеттік балабақшамен бірдей, яғни күніне 300 теңге. Ата-аналардан түсетін бұл қаржы баланың тамағына жұмсалады. Әзірге өзге топ балаларына қарағанда, кіші топтың сәбилері көбірек. Айнагүлдің айтуынша, кадр жасақтау мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. Жас та болса, тәжірибелері бар педагогтер мен өзге  де қызметкерлер қабылданды деп есептейді кәсіпкер.   

— Мектепке дейінгі білім беру ісінде мол тәжірибесі бар әдіскер және  тәрбиеші,  күтуші, медбике, есепші, аспаз секілді қызметкерлер өз қызметтеріне кірісті. Жауапкершілігі мол, белсенділікпен жұмыс жасауға ниетті жандарға таңдау жасауға тырыстым, — дейді кәсіпкер. Оның үстіне Айнагүлдің өзінің де педагогикалық білімі бар. Сондықтан баламен жұмыс жасау оған аса қиыншылық тудыра қоймасы анық. Десе де, мектепке дейінгі бала тәрбиесі аса бір төзімділікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Әр үйдің бір-бір еркесінің күні бойына ішіп-жемі, жайлы ұйықтауы, көңілді ойнай алуы, тазалығы, қауіпсіздігі секілді мәселелердің барлығы өзекті. Айнагүлдің айтуы бойынша, балдырғандар 4 мезгіл тамақтанады, жайлы төсекте ұйықтайды, түрлі ойыншықтармен ойнайды, танымдық көкжиектерін кеңейтеді. Әзірге тек тәрбиелеу ісімен айналысқанымен, алдағы уақытта білім беру ісін де жолға қоюды көздейді.

Кәсіпкерліктің жанданғаны мемлекет үшін қаншалықты маңызды болса, ұрпақ тәрбиесі де соншалықты кәделі әрі өте кірпияз мәселе. Сондықтан қалалық жерлерде жекеменшік балабақшалар көптеп ашылуда. Аудан орталығы мен ауылдарда  да қолға алынып жатыр. Дегенмен, ауылдарда әлі де болса, жекеменшік мекемеге түрпідей қарайтындар табылады. Өйткені ұрпақ тәрбиесі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді деген күдік те жоқ емес. Бала тәрбиесінде орашолақтыққа ұрынбас үшін мемлекет серіктестік аясында ашылған мектепке дейінгі мекеменің жұмысын қадағалап отырады. Аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру және бастауыш сынып әдіскері Назгүл Нияздың айтуынша, жеке балабақшадағы тәрбие мәселесі де мемлекеттік балабақшадағы тәрізді жіті бақылауда болады. Серіктестік аясында ашылған балабақша кезектегі бала санының едәуір азаюына да септігін тигізетінін жеткізді.

Бүгінгі таңда аудан орталығында мектептердегі шағын орталықтарды айтпағанда, 3 мемлекеттік балабақша жұмыс жасап тұр. Әдіскердің  айтуы бойынша, балабақша кезегінде 257 бала тұр. Оның 218-і — 2 жасқа дейінгілер болса, қалғаны — селолық округтер тізімінде тұрғандар. Аудан орталығындағы 3-6 жастағы бөбектер балабақшамен толық қамтылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де өте тиімді. Өйткені осы жобаның арқасында ел экономикасы жаңа белеске көтеріледі және кәсіпкерлер мемлекетпен бірлесіп, бизнесін гүлдендіре түседі. Жалпы, Ұлт жоспарын жүзеге асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің қосар үлесі көп.
Қазіргі кәсіпкерлік ісінде тек сауда дүкенімен алға шығу мүмкін емес дейді жас кәсіпкерлер. Алғашында ұялы байланысқа бірлік салып тірлік бастаған олар осыған дейін де біршама істі кәсіп етіп көрді. Заманға сай компьютерге қатысты қызметтер, кабельді телевидение қызметін орнату, азық-түлік дүкені секілді қызметтер көрсеткен еді. Қалай болғанда да заманға сай бейімделіп, нарықтық заманның сұранысына сай болуға тырысты. Міне, бүгінде шағын дүкенді супермаркетке, өз тұрғын үйлерін балабақшаға айналдырды. Жарасымды жұп болып бірлесіп жұмыс істеп, бір-бірімен кеңесіп, қолдау білдіріп, тәуекелге бару —Нұрдәулет пен Айнагүлдің жаңа бастамаларында да жалғасын табатынына сенім мол.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button