АуылӘлеумет

Механизаторлар әулеті

Еңбек адамы

 Ауылдағы ең қарапайым да мәртебелі мамандықтың бірі — механизатор. Дала төсінде қызу еңбекпен жүретін тракторшылардың еңбегі қай мезгілде болсын ерекше саналады. Солардың бірі — жастайынан тракторды тізгіндеп, өмірінің саналы жылдарын еңбекпен шынығып өткізген Әуелбай Жақыпов. 1935 жылы Жаңажол ауылында туған Әуелбай ата — қазіргі таңда сол маңда өсіп-өніп, ұрпағын жайған бәйтерек. Бүгінде әке жолын қуған үш ұлы трактордың түрін меңгеріп, жер ананың қойнында еңбектенуде. Қашанда өмірден түйген өнегесі мол ардагерлерді ардақтап, олардың өмірлік тәжірибелерінен үлгі алып отыру — кім-кімге де парыз. 

Әуелбай Жақыповтың әкесі ұста болған, Ұлы Отан соғысында Сталинград түбінде шайқаста қаза тапқан. Өзі Жаңажол мектебінде бастауыш сыныпты бітіріп, аудан орталығында 7-сыныпқа дейін білім алып, одан соң Жайсаң СПТУ-де механизатор мамандығын игерген. Еңбекке бала күннен араласып, тышқан аулап, шөмеле үйген. Ерте жастан тракторды тізгіндеген Әуелбай Жарғалиұлы техника тілін жетік меңгеріп, белді механизатор атанған.

— Еңбектене ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайымнан түсіне сол кездегі балалардың көрген ауыртпалығын мен де сезіндім. Техника рөліне отырғаннан қыстай ауылға азық-түлік тасып, егістікке қар тоқтатып, көрші ауылдарға мал азығын тасымалдасақ, көктем шығысымен қайнаған тірлікке ден қоямыз. Таңсәріден егістік алқаптарына аттанып, күн қарая ғана үйге оралатынбыз. Жер жыртып, дән сеуіп дегендей, егін-терін жиылғанға дейін шаруа бастан асатын. Содан 40 жыл тракторда еңбек етіп келдім. ДТ-54-тен бастадым, «Беларусь» тракторында жұмысымды жалғастырдым. 1957 жылы шаңырақ көтеріп, Аллаға шүкір, бес қыз, үш ұлды тәрбиеледік. Кішкентайынан ұлдарым Серік, Қуаныш пен Марат та, май-май боп трактордың асты-үстіне түсіп жүрген маған жәрдем бере жүріп, техниканы тез меңгеріп алды. Әскерден оралған соң, механизаторлыққа оқыды. Ауылда мал ұстап, егін еккеннің ризығы мол болғандықтан, балаларым шаруашылықты құп көрді. Кейін, яғни қайта құру заманында кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, ауылда жұмыс орындары жабылғанда шаруа қожалығын аштық. Қожалықты ортаншы ұлым басқарады, — дейді Әуелбай ата.

Техниканы ұқыпты ұстайтын жігіт ағасы, темір тұлпары сынып далада қалғанда да техниканы қараусыз тастамай жақын елді мекендерге жеткізіп, өзі іске қосып, тапсырылған шаруаны тындырып жүретін. Осы еңбегі де барынша бағаланып,  сол кезеңдегі барлық мадаққа ие болған. Өмірлерін бірге өрген жұбайы Сәлима апай отағасының жетістіктерін растайтын мақтау грамоталарын мақтанышпен тізбектеп көрсетті. Бірқатар ордень-медальдары да бар.

Әрбір темір-терсегіне дейін жетік білетін әкесінің өнегесін алған балалары «Салтанат» шаруа қожалығын ұстап, ауылда жемісті тіршілікті дөңгелетіп отыр.

— 1998 жылы шаурашылық ашып, тума-туыс боп күнкөріске көштік. Ағайынды үшеуіміз де ескі тракторларға отырып, бірқатар ауылдастарымызды да жұмыспен қамтыдық. Бейнетсіз зейнет жоқ қой, кесе-көлденең келген біраз қиындықтарды да бірлесіп жеңдік. 2007 жылға қарай шаруашылығымыз шарықтай бастады. Соңғы 4-5 жылдың шамасында қуаңшылық тұсаулағанымен биыл 1000 гектар жерге сепкен арпамыз бен күнбағыс бітік шықты. Шаруашылықта 3 комбайн, екі МТЗ-1221, Т-4, ДТ, МТЗ-82, МТЗ-52, МТЗ-80 тракторларымыз бен 35 ірі қара мал бар. Қазіргі таңда қысқы мал азығын түгел үлгеріп, шауып алдық. Ара-тұра ауылдықтарға қол ұшын созамыз. Жері барлардың шөбін шауып береміз. 90-шы жылдары «Үздік комбайнер» атанып үш жыл қатарынан сыйлыққа жылқы міндім. 1992 жылы егін шаруашылығы өнімдерін арттырып, жоғары нәтижелерге жеткенім үшін Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен наградталдым, — дейді шаруа қожалықтың басшысы Қуаныш Жақыпов.

— Мен алғаш рет тракторға 16 жасымда отырдым. Содан бері несібемді осы техникадан айырып келемін. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, бірлескен еңбегіміздің арқасында жағдайымыз да жақсы. Ең бастысы, еліміз аман, тыныштық болғай, — дейді отбасының тұңғышы Серік ағай.

Отбасылық шаруашылықты дамытқан ағайындылардың еңбегін балалары ақтауда. Ағайындылардың балалары жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір мамандықты игерген. Ұлдың кенжесі шаңырақтың иесі Марат қана шаңырақ көтеруге асығар емес. Ал қарашаңырақты қолына алатын бір ибалы келінді аңсайтын қариялар ендігі армандары да сол екенін жасырмады.

Айтпақшы, келесі жылы Жақыповтардың отбасында үлкен той — Әуелбай ата мен Сәлима әженің отасқандарына 60 жыл толмақ.

Аманат ҚАЛПИЕВА,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button