Ауыл

«Айым» дүкені ашылды

Кәсіпкер

 Жақында Жарқамыс ауылынан сауда дүкені ашылып, кәсіпкерлер қатары көбейді. Ауыл кәсіпкері Қанзия Бурабаеваның «Айым» азық-түлік дүкені ел игілігіне есігін айқара ашты. Ауылдың сауда нысандары тағы бір дүкенмен толықты.

Бүгінде округ бойынша 25 кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасын  тиімді пайдаға асырған ауыл кәсіпкерлері 1 наубайхана,

1 дәріхана, 1 сән салонын ашып,  халыққа қызмет жасауда. Сонымен қатар, бау-бақша өнімдерінің кәсібі іске асырылып жатыр.

Дүкеннің ашылуында ауыл әкімі М.Әжімкин, аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Ш.Ермұханбетов кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, ауыл ақсақалдары баталарын берді. Сондай-ақ, жаңа сауда дүкені халыққа үлгілі қызмет көрсететініне сенім білдіріп, дүкен иелеріне алдағы уақытта да зор табыстарға жетуді тіледі.

«Айым» сауда дүкені өз тұтынушыларына күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерін ұсынады. Дүкен басшылығы тарапынан алғашқы сатып алушыларға жеңілдіктер де жасап жатты. Азық-түлік бағасы да қалыпты. Бизнесте алғашқы қадам жасаған дүкен иесі Қанзия Бурабаева алдағы уақытта басқа да өнімдерді тұтынушылардың сұраныстарына сай сатуға тырысатындарын да айтты.

— Биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл. Еліміз жыл сайын дамып, ауылдық жерлер де көркейіп келеді. Бүгінде қандай да бір кәсіпті бастағың келсе мемлекет тарапынан да қолдау табылып жатыр. Дегенмен біз отбасымызбен өз қаражатымызға, яғни 2,5 миллион теңгеге дүкен ашып, кәсібімізді дамытуға бел будық. Ауылымызда сауда орындары көбейіп келеді. Халыққа тиімді бағамен азық-түлік ұсынатын боламыз. Дүкендегі тауарлардың бағасы аудан орталығымен бірдей. Алдағы уақытта да тұрақты бағаны ұстайтын боламыз, —  дейді кәсіпкер Қанзия Бурабаева.

Жаңадан ашқан дүкен сөрелерінде дені — отандық тауарлар. Кәсіпкердің алға қойған жоспары бар. Ол азық-түлік сатып қана қоймай, шаруашылық тауарларын да сатпақ ойда. Өздерінің еңбекқорлылығы мен жігер-талаптарының арқасында олар отбасылық істерін жалғастырып, алдағы уақытта бизнесті кеңейтпек. Еңбегіне қарай өнбегі.

Майра МАНАРБЕКҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button