Құқық

Кәсіби біліктілік — басты сын

Съезд қарсаңында

 Республика судьяларының І съезі болғалы жиырма жыл уақыт өтті. Осы уақыт сот жүйесінде айшықты да айқын бағыттарын белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістерді әкелді. Бұл жылдар көптеген ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру және соған лайық базасын дайындау жылдары болды.

1996 жылдан бері судьялардың алты съезі өтті. Тек судьялар ғана емес, Елбасы, Парламент және атқарушы билік өкілдері, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де кең түрде қатысып келген әрбір съездің алдына қойған биік мақсаттары болды және олар нәтижелі түрде іске асырылып келеді.

Бір кездері судьялар ескі ғимаратта, қол машинкасымен үкім, шешімдерді басып, соттарда куәлар мен жәбірленушілерді сотқа шақыруға байланысты шығындар, іссапар шығындары, үй-жайларды жалға алу, көлікпен қамтамасыз ету және байланыс қызметтерін төлеуге қаражаттар болмай, соттар қызметін қаржыландыру өте төменгі деңгейде жүргізілген сот жүйесі бүгінгі күні биік белестерден көрініп отыр.

Соттардың  қызметінің тиімділігін арттыру үшін оларды мамандандыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті жерлерде мамандандырылған экономикалық, әкімшілік соттары, кәмелетке толмағандардың ісін қарайтын ювеналды соттар, өте ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған қылмыстық соттар, әскери қызметшілерге қатысты істерді қарайтын мамандандырылған әскери соттар дүниеге келді.

Бір кездері өзекті мәселенің бірі, еліміздің сот саласының материалдық-техникалық жабдықталуы әлемдік деңгейден әлдеқайда артта қалғаны, бірінші кезекте судьяларды компьютермен қамтамасыз етуді қолға алу керектігі тілге тиек болды. Бұл мәселе түбегейлі түрде шешімін тапты. Сот саласы түгелдей компьютерлендірілді. Электронды пошта, локальдық жүйе судьялар жұмысын жеңілдетуге үлкен септігін тиігізіп отыр. Осы кезеңдерде соттардың материалдық-техникалық базасы анағұрлым нығайды, еңбекақысы едәуір өсіп, республикалық бюджеттен судьяларға тұрғын үй алу үшін ақша бөлу қарастырылып, тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Қазіргі кезде үкімет тарапынан қолдау жасалып, соттарға жаңа үлгідегі типтік ғимараттар салу және жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Бүгінгі сот жүйесінің материалдық жағдайы, мәртебесі, беделі күннен-күнге жоғарылап келеді. Бұл тәуелсіздік алған жылдардан бері тәуелсіз сот құрылымын қалыптастыруға деген мақсаттың өзін-өзі ақтағанын көрсетеді. Және үшінші биліктің көсегесін көгертіп, жұмысын жандандыруда, сала қызметіне деген сенімді нығайтуға осы уақытқа дейін аз күш жұмсалған жоқ.

Әсіресе, Елбасының тұрақты қамқорлығы саланың аяғынан тік тұрып, қадамын нық басуына оң ықпалын тигізді. Ұлт жоспарындағы 100 нақты қадамның 11-і тікелей сот құрылымына бағытталған. Соған орай, Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің басшылығымен сот жүйесін реформалауға қатысты 11 қадамды жүзеге асырудың жоспары жасалып, олар кезең-кезеңмен іске асуда. Маңызды құжатта бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, судьялыққа үміткерлерге қойылатын талапты күшейту, тергеу судьясының құзыретін кеңейту, алқабилер қатысатын сот салаларын көбейту, азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестеріне дыбыс-бейнежазба құралдарын қолдану, «Төрелік» ақпараттық жүйесі, «Сот кабинеті», инвестициялық дауларды жаңа тәртіпте қарау бойынша нормалар енгізілген болатын. Осы тапсырмалардың нәтижесінде Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізіліп, сот сатыларын оңтайландыруға, дауларды сотқа жеткізбей шешуге, дауларға прокурорлардың қатысуын азайтуға заңдық тұрғыда қадам жасалды.

Дегенмен, материалдық-техникалық және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту судьялардан сол биік міндет деңгейінде жұмысты талап ететінін естен шығармау қажет. Судьяның кәсіби біліктілігі, моральдық бейнесі мен адамгершілік ұстанымы, ар адалдығынан аттамау, сот саласының абыройы мен беделіне нұқсан келтірер келеңсіздіктер мен сөзбұйдалықтан, жемқорлық дертінен ада болу басты ұстаным болып қала бермек.

Үстіміздегі жылы қазан айында өтетін республика судьяларының VII съезінде көкейде жүрген мәселелер кеңінен талқыланып, түйіні шешілер деген ойдамыз.

                                                                         Бекболат ТӘЖМҰХАН,

Ақтөбе гарнизоны

                                                                            әскери сотының судьясы.

                                                                           

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button