Құқық

Сот жүйесі үздіксіз жетілдіріп отыруды тілейді

Судьялар съезі қарсаңында

Бүгінгі күні қазақстандық сот жүйесі биліктің белді бір тармағына айналды. Судьялар қауымдастығы үшін тәуелсіздік жылдары ғасыр жүгін арқалаған, ізденістерге толы сәттер болғаны шындық. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан сот саласына соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қаржыландыруларына, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді. Судьялар съезі сот жүйесінің дамуына орасан зор әсерін тигізетін маңызды жиын деп айтуға болады,  өйткені съезде судьялар алдында қойған тапсырмалары мен басым бағыттарды жүзеге асыру, сот жүйесінің одан әрі даму жолдарын жетілдіру, реформалау секілді өзекті мәселелер талқыланып келеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары заң жүйесін тұрақты жетілдіру мақсатында, сот-құқықтық реформа аясында сот жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.

Судьялар қауымдастығы съезден съезге дейінгі атқарылатын жұмыстарының мақсат-мүддесін айқындап беретін алқалы жиындарда парасаттылық пен әділдік, рухани тазалық, кәсіби біліктілікті арттыруға ерекше назар аударып келеді. Судьялардың жүктемесін азайту мақсатында дауларды шешудің баламалы әдістерін, соның ішінде медиация заңын қоданудың ауқымын кеңейту, сондай-ақ аралық соттарды дамытуды жандандыру қажет екенін атап өтіп, әділет шеңберінде мамандандырылған соттардың қызметін жаңғырту жөніндегі шаралар қабылданып келеді. Соттың негізгі мақсатына назар аудара отырып, оның қызметіндегі басымдықтарды қайта қарау, сот кадрларын іріктеу, оқыту және даярлау жүйесін жетілдіру, соттардың қызметін тиімді қамтамасыз ету мақсатында сот әкімшілігі функцияларын жеңілдету және жігін ажырату мәселелерін зерделеу туралы тапсырмалар жүктелген болатын. Осындай тапсырмаларды орындау нәтижесінде, қазіргі кезде жалпы сот жүйесін әрі қарай дамытуға бағытталған стратегиялық маңызды мәселелер шешімін тауып келеді.

Ақтөбе қаласының №2 соты азаматтар арасында медиация институтын кеңінен насихаттау мақсатында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сот талқылауын өткізу барысында тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеу құқығы түсіндіріледі. Сонымен қатар прокуратура, адвокатура, құқық қорғау органдары және медиаторлардың қатысуымен медиация тақырыбында үнемі дөңгелек үстелдер, семинар сабақтары өткізіліп жатыр. Медиаторлармен бірлесіп  жұмыс жасағанның нәтижесінде медиатордың көмегімен шешімін тапқан істердің саны жылдан-жылға көбейіп, оң нәтижесін көрсетуде. Айталық, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша 2014 жылы Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңын қолдану арқылы сотталушылардың жәбірленшілермен татуласуларына байланысты 177 қылмыстық істер қысқартылған болса, 2015 жылы – 125 қылмыстық іс, ал 2016 жылдың 9 айында медиация тәртібімен қысқартылған осындай санаттағы қылмыстық істер саны  250-ге жетті.

Сот қызметін жетілдірудің басым бағыттарының бірі сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығының деңгейін арттыру болып табылады. Сот жүйесі қызметіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу — халықтың сот қызметіне барынша қолжеткізуін қамтамасыз ету, негізгі міндеттердің бірі.

Ағымдағы жылы Ақтөбе қаласы №2 сотының барлық 5 залы заманауи үн-бейне жазба жүйесімен жабдықталды. Сондықтан да 2016 жылдың 9 айында үн-бейне жазбасын пайдалана отырып қаралған қылмыстық істер саны 1082-ге жетті, барлық қаралған қылмыстық істер саны — 1092 іс. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 754 істі құраса, 2015 жылы үн-бейне құрылғысын пайдалана отырып 1260 қылмыстық іс қаралды.

Одан басқа бейнеконференция байланысы арқылы сот отырыстарын қашықтан өткізу мүмкіндігімен сот отырыстары залдары аудио-бейне тіркеу жүйелерімен жабдықталды. Тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың өтініштері бойынша сот отырыстары қашықтан өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жайт соттар жұмысын едәуір оңтайландырды.

Қылмыстық сот ісін жүргізу саласына ақпараттық технологияларды енгізу, оның ішінде бейнеконференция байланысын қолдану қылмыстық істер бойынша іс жүргізу нәтижелілігін және сапасын арттыру, процестік мерзімдерді сақтау, қылмыстық процеске қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сотталғандарды айдауылмен әкелу кезіндегі басқа да қатерлерді жою мақсатында жасалған.

Сонымен бірге сот отырысында аудио-бейне тіркеу техникалық құралдарын, бейнеконференция байланысын қолдану сот төрелігінің ашықтығы мен айқандылығының деңгейін, сот отырысы хаттамасының сапасын арттырады. Іске қатысушылар сот кабинетіне кіріп, процестің аудио-бейне материалдарымен таныса алады. Мақсат — барлығына айқын, қолжетімді және заңға негізделген, уақыт талабына сай сот төрелігін жасау болып табылады. «Сот кабинеті» сервисін электрондық іс жүргізу өндірісінің жүйесіне енгізу айтарлықтай сотқа қатысушы тараптар арасындағы байланысты  жеңілдетті. Енгізілген «Төрелік» жүйесі ақпараттық деректермен жедел алмасу мен жоғары деңгейдегі сенімділікті қамтамасыз етті, жеңілдетілген құжат айналымы мен сот ісін жүргізуге қолайлы жағдай туғызып отыр. Облыстың сот корпусы азаматтардың сотқа деген сенім деңгейін арттыруға және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға бағытталған. Сот корпусы алдындағы басты міндет — сот төрелігін атқарудың сапасын арттыру. Сот имиджінің әлеуетіне қол жеткізу үшін сот билігі ұйымдар мен азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуі керек. Заңды сот  актілерін шығару,  сот төрелігін сапалы атқаруды жетілдіру жолымен халық сеніміне қол жеткізуге болады. Жыл сайын азаматтардың соттарға жиі жүгінуі азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің артқандығына дәлел болды. Бұл жағдай, әрине, судьялардың жүктемесін біршама көбейткендіктен, бүгінде Жоғарғы Сот басшылығы заң шығарушы органмен бірлесіп дауды реттеудің соттан тыс институттарын дамыту мен баламалы әдістеріне аса көңіл бөліп отыр.

Әділ қазылық ету  кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол себепті әр съездің көтерген жүгі ауыр, қозғайтын тақырыбы да сан алуан.

Биылғы ұйымдастырылып отырған кезектен тыс VII съезд – Судьялар әдеп кодексін заман талабына сай лайықтап, осы уақытқа дейін көтерілген мәселелерді ескере отырып қабылдануымен ерекшеленбекші. Судьялар одағы бастамашылдық жасаған жаңа Әдеп  кодексі мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың біліктілік қасиетін ғана емес, кісілік келбетін, адамгершілік, рухани бейнесін нығайтуға ықпал етеді деген ойдамыз. Осы алқалы жиында сот жүйесіндегі жетіспеушіліктер толықтырылып, қамтамасыз етілуіне ықпалын тигізетін мәселелер талқыланбақшы, себебі қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлар, яғни террористер, педофилдер, адамды өлтіретін қылмыскерлер қоғам ішінде көптеген пікірлер туғызып отырғандарын жасыра алмаймыз.

Біз келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз,  сондықтан сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы еліміздің кемел болмысының көрінісі болмақшы. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру қоғамның біртұтас дамуына оң әсерін тигізеді.

 Айсұлтан БАЛМҰХАНОВ,

Ақтөбе қаласы №2

сотының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button