Құқық

СУДЬЯЛАР СЪЕЗІНДЕ СОТ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОЙЫЛҒАН ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

Заң

Еліміз тәуелсіздік алғалы демократиялық үрдістердің дамуы сот жүйесін қайта құру және нығайтумен тығыз байланыста өтті. Қоғамның әлеуметтік-саяси өміріндегі өзгерістер мен жаңа экономикалық қарым-қатынастардың орын алуы, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғай алатын,  заңдылық пен әділеттіліктің кепілі бола алатын жаңа сот жүйесін қалыптастыруды талап етті.

Осыған байланысты сот жүйесі алдында тұрған мақсат-мүдделер Қазақстан Республикасы судьяларының әр съезінде айқындалып тұрды. Осы алқалы жиындарда қабылданған шешімдер кезең-кезеңімен орындалып, сот жүйесінің жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.

2013 жылдың қараша айында Судьялардың VІ съезі болып өтті. Аталмыш форум дәстүрлі түрде сот жүйесін жетілдіру бағытында жаңа ұсыныстар мен шешімдер талқылау үшін ұйымдастырылды. Жиын шын мәніндегі сындарлы ой-пікірдің алаңына айналды деуге болады. Осы алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сот жүйесін жетілдірудің басты стратегиялық мақсатын нақтылаған болатын.  «Ұлттық сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің, қоғам мен мемлекет мүдделерін мүлтіксіз сақтаудың, қазақстандықтардың құқығы мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналуға тиіс. Қазақстан судьялары қауымдастығының халыққа қызмет етуінің зор маңызы осыған саяды. «Қазақстан — 2050» стратегиясын іске асырудың күрделі жұмысындағы Қазақстан судьяларының басты борышы — осы»,—  деп атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев, сот жүйесі алдында тұрған бес нақты бағытты белгіледі. Бұл — елдегі заң нормаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіру, сот құрылымын одан әрі жетілдіру, даулар мен келіспеушілікті шешудегі баламалы әдістерді енгізу, сот төрелігінің халыққа қолжетімділік аясын кеңейту, Қазақстанның сот корпусының кәсіби біліктілігін жоғарылату.

Сондай-ақ, Елбасы біздегі сот жүйесінің озық елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек екенін де тапсырған болатын. Мемлекет басшысының «Егер де біз реформа жасағанда сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек»,— деген еді.

Бүгінде сот жүйесіндегі жаңа электронды жүйелер — ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, сотқа жүгінушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеу және қағазбастылықтан арылуға  мүмкіндік берді.

2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Судъялар Одағы Орталық Кеңесінің «Судъялар Одағының кезектен тыс VII-ші съезін шақырту» туралы қаулысы шыққан болатын. Оған сәйкес алқалы жиынның өтуі үстіміздегі жылдың қазан айына белгіленді. VII съезд қарсаңында судьялардың Әдеп кодексінің жаңа жобасы әзірленді. Бұл құжатта қазіргі уақыттағы судьяның кәсіби және моральдік деңгейіне қоғамдағы жоғары қойылып отырған талаптары ескерілген.

Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдауға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ұйытқы болды.

Ерлан БАҚЫТЖАН,

Ақтөбе қаласының №2

сотының судьясы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button