Ауыл

Көркі кірген қос мектеп

Білім күні Дөң және Оңғар ауылдарындағы мектептерде жылдағыдан ерекше аталып өтті: оқушылар мен ұстаздардың көңілдері жайдары, ата-аналары да мәз. Себебі де анық, жылдар бойы күрделі жөндеу көрмей ескіріп тұрған осы екі ауылдағы білім ордасына жаңа оқу жылы қарсаңында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни, мектеп жаңарып, ауылдың көркіне айналды. Осындай қуанышты сәтті тұрғындар мен аудан басшылары да бірге бөлісті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бастау алған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданымыздағы «Восход -Ориел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Дөң мен Оңғар орта мектептерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 86 миллион теңге бөлген болатын.

Құрылысшылардың қолы тиген екі ауылдағы екі мектептің сәні кіріп, жаңа келбетке ие болды.

Дөң орта мектебіндегі алғашқы қоңырау рәсіміне аудан әкімі Аязбай Османғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев қатысты.

Мектеп қабырғасын аттағалы отырған балаларға Елбасы Н.Назарбаевтың кітаптары сыйлық ретінде таратылды. Оқушылар әдеби-сазды бағдарламасын ұсынды: ән айтты, би биледі, өлең оқыды. Ал тұрғындар балалардың өнеріне сүйсініп, қоштап отырды.

Аудан әкімі бастаған топ Дөң ауылдық округіне қарасты Оңғар ауылындағы жаңа мектепті де аралап көрді. Бұған дейін мектептің  едендері ескіріп, есік-терезелері көнеріп, тіпті жылу қазандығы мен мектеп ауласы да осы күнге дейін айтарлықтай проблема тудырып келген болатын. «Восход -Ориел» ЖШС-ның демеушілігімен мектеп толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған өз мектептеріне оқушылар таңдана, тамсана қарасты.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button