Ауыл

Мектептегі жылыжай

Аудан орталығындағы Т.Жармағамбетов атындағы орта мектептің жанында шағын ғана жылыжай бар.

Біздің аудан үшін тың шаруаны қолға алған мектеп директоры Руслан Хайырмұхамбетовпен тілдескенімізде, бастамаларының құптарлық екенін ұғындық. Оның айтуынша, облыс бойынша 3 мектепте ғана жылыжай бар екен.

Шағын жылыжайға әзірге қияр мен қызанақ қана егіліпті. Сол жұмыспен  айналысқан техникалық қызметкерлер тұқымның 28 сәуір күні егілгенін айтады. Руслан Арыстанұлының айтуынша, мектеп ауласына бақша егудегі мақсат өнімін пұлдап, ақша табу емес.

— Негізінде әр мектептің жанында биологиялық бұрыш болуы қажет. Ол жерде оқушылар практикалық сабақ барысында өз қолдарымен тұқым сеуіп қана қоймай, оны өздері баптайтын болады. Көптеген білім ордаларында биологиялық бұрыш кездесе бермейді. Бірді-екілі ғана болуы мүмкін. Сабақ процесі барысында практикалық тұрғыдан оқушы өз қолымен жасап көруі қажет. Мысалы, Алға ауданының Ақкемер орта  мектебінен осындай жылыжайды көрген едім, — дейді мектеп басшысы.

Жылыжай салып, одан өнім жинаудың мектептер үшін маңызы зор. Біріншіден, мектеп асханасының ас мәзірі адам денсаулығына пайдалы дәрумені мол көкөніспен толығады, екіншіден, оқушылардың көкөніс өсіру дағдысы қалыптасып, еңбек етуге үйренеді. Сондай-ақ, мұғалімдерге  де сабақты практикамен ұштастырып өткізуге мүмкіндік туатыны бесенеден белгілі. Сыныпта алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, тұқым егіп, оны күтіп-баптап, өнім алу мүмкіншілігін бағамдаған оқушы сол тәжірибесін өз үйінің ауласында да іске асыруы бек мүмкін. Сондықтан,  қалай  болғанда да, жылыжай жобасы дұрыс жолға қойылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз. Мектеп директоры жылыжайдан көл-көсір пайда таппаса да, қажетіне жарайтын өнім алатындығына сенімді. «Мұндай жылыжайлардың көмегімен 1 жылда 2 рет өнім алуға болады», —  дейді мектеп директоры. «Осы шағын жылыжайдан өнім алып, жылыжай жұмысын жүйелі жүргізе алатындығымызға көзі жеткеннен кейін аудан әкімі Мамырғали Аққағазов 3 миллион теңге қаржыға көлемі 15*20 метр болатын, жылумен, басқа да қажеттіліктерімен қамтылған жылыжай салып беруге уәде етті. Ауыл тұрғындары да мектеп жанындағы жылыжайды көріп, сабақ алар деп ойлаймыз», — деп пайымдайды Р.Хайырмұхамбетов. Қалай болғанда да мектеп бастамасы көпке үлгі. Жалпы, еліміз бойынша көкөніс өндірісінің көлемі жеткілікті көрінгенімен, іс жүзінде отандық өнімге жарымай отырғанымыз белгілі. Бұған біздің климаттық жағдайымыз да әсер ететін шығар. Сондықтан, жылыжай ісін қолға алып қана қоймай, оны жолға қою қажет-ақ.

Тағы бір айта кетерлігі, оқушылар қол еңбегіне де тартылады. Оларға «екінші үйлерінің» гүлдерін баптап, талдарын суаруға көмектесу жұмыстары тапсырылмақ. Мектеп басшылығының айтуынша, 1200 шаршы метр жерге гүл, 1700 шаршы метр жерге газон егілген. Сондай-ақ  2000 түп тал отырғызылған.

 Бақытгүл ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button