Ауыл

Балық өсіруге бет бұрды

Кәсіпкерлік

 Өңірімізде балық өсірумен айналысуға ынталы кәсіпкерлер қатары аз. Солардың бірі — «Садик» шаруа қожалығының басшысы Николай Караулов.

Аталмыш қожалыққа тиесілі 700 гектар жер Қарақұдық ауылдық округының аумағында жатыр. Осында Кеңес заманы кезінен қалған тоғандар бар. Негізінен, егін шаруашылығымен айналысатын Николай Караулов үшін қуаңшылық жылдар қиынға түскен. Сондықтан егін мен бақшадан бөлек, жаңа бір іспен айналысу жайлы ой жиі мазалайтын болды. Жанашыр жандармен ақылдасып, әдебиеттерді ақтара жүріп, бір жағынан, тартымды іс көрінгендіктен де, соңғы 2-3 жыл шамасында балық өсірумен айналыса бастады. Алдымен аумағы 30 гектар болатын тоған қалпына келтірілген. Содан соң шабақтар әкелініпті.

— Шабақ әкелу тым қымбатқа түседі екен. Сондықтан личинкаларға көшкенді жөн көрдім. Алдымен аз ғана мөлшерде алдым. Мұны жалғастыруға болатынына көз жеткізгеннен кейін, 2015 жылы көп мөлшерде әкелдім. Амур балығы, тұқы сынды балық түрлерін өз тоғаныма жібердім. Әзірге өсіп жатыр. Тек үш жылдан кейін ғана оларды базарға шығаруға болады, — дейді Николай.

Жасанды су көзінде уылдырықтан енді шыққан личинкалардың үлкен балыққа айналғанға дейінгі күтімі оңайға түспейді. Оларға алғашқы екі аптада бөлекше күтім керек, одан соң мүлде басқа күтімді, басқа қорек түрлерін қажет етеді. Ал қыста неғұрлым тереңге жіберіп, суды оттегімен байытып отыру керек, т.с.с. Балық өсірудің қыр-сырын Николай өз бетімен үйреніп жүр: әдебиеттерді ақтарады, интернет арқылы осы іспен шұғылданатын жандармен кеңеседі, қайткенде де, талмай оқуға, ізденуге тырысады. Тәжірибелі балық өсірушілермен кездесу үшін, бірнеше рет Ресей жағына барып келген.

Биыл 80 гектар жерге балыққа азық ретінде берілетін өсімдік түрлерін егіпті. Сонымен қатар, биылғы жылы бақша аумағын да, өткен жылмен салыстырғанда, едәуір арттырған. Егер өткен жылы небәрі 14 гектар аумаққа бақша егілсе, биыл оның көлемін 65 гектарға жеткізген. Бақша өсіру үшін, ол ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып отыр.

Николайдың ендігі жоспары — өз жеріндегі көлемі 70 гектар болатын тағы бір тоғанды қайта қалпына келтіру. Өйткені болашақта балық өсіру ісін кеңейткісі келеді.

— Кез келген істе, ақша табамын деген мақсаттан бұрын, алдымен қызығушылық керек. Осы іске қатты қызыққандықтан да, үнемі алда қалай дамытуға, жандандыруға болады деген ой жетегінде жүремін, — дейді ол.

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА,

Алға ауданы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button