Спорт

Ақтөбелік боксшылар неге өзге ел мен өңірлердің атынан шығады?

75 кг салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Жәнібек Әлімханұлының ширек финалдағы жеңілісі біз үшін екі есе күйінішті болды.

Жәнібек Рио рингінде өткізген алғашқы жекпе-жектерінде жарқын өнер көрсетіп, өзіміз ғана емес, шетелдік бокс жанкүйерлерінің де ілтипатына ие болған еді. Оның жолына үлкен үмітпен қарап отырғанбыз. Сөйткен боксшымыз медальға бір қадам қалғанда жарыс жолынан шықты.

Әзірбайжан атынан шығып, Жәнібекті жеңген боксшы Камран Шахсуварлы — Ақтөбе бокс мектебінің өкілі. Иә, ол — соңғы екі Олимпиадаға өз топырағынан шыққан бірде-бір спортшы жібере алмай, тек қана легионерлер аттандырып келе жатқан Ақтөбе өңірінің ұланы. Ақтөбелік бокс жанкүйерлеріне Камранның есімі жақсы таныс екені күмәнсіз.

Камран Жәнібекке дейін қытайлық Чжао Минган мен ресейлік Артем Чеботаревті жеңді. Қазір ол жартылай финалға өтіп, Әзірбайжан қоржынына кем дегенде қола медаль салып отыр. Ақтөбенің тәуелсіздік жылдарында Олимпиадада алған тұңғыш жүлдесі, осылайша, басқа елге бұйырды.

Біз Камранды 11 жыл бойы жаттықтырған ақтөбелік бапкер Болат АРЫНҒАЗИЕВКЕ хабарластық.

— Ақтөбеге, қазақ еліне бұйырмағанымен, бұл жеңіс те — қазақ боксының жетістігі. Олимпиада жүлдегерін тәрбиелеп шығардыңыз. Құттықтаймыз!

— Рахмет.

— Камранды 11 жыл бойы жаттықтырған екенсіз…

— Иә, бала кезінде маған інісі екеуі бірге келді. Өте еңбекқор боксшы. Республикалық деңгейдегі жарыстарда біраз жыл облыс намысын қорғады. Жастар арасындағы ұлттық құрама сапында халықаралық турнирлерге де қатысты.

— Кейін тарихи отанына көшіп кетті ме?

— Әзірбайжанға кеткісі келгеннен кеткен жоқ. Ол жақтың тілін де білмейтін. Кәдімгі өз балаларымыз секілді, қазақша, орысша сөйлеп жүрген бала ғой. Әкесі мен інісі әлі де осында тұрып жатыр.

— Демек, Қазақстанда ұлттық құрама сапына қабылданбады…

— Ұлттық құраманың бапкерлеріне ешқандай өкпе жоқ. Олар Камранды оқу-жаттығу жиындарына шақырды, Камран 1-2 рет барып, қатысуын қатысты. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, Жәнібек Әлімханұлы — әлем чемпионы. Бұл салмақта басқа да боксшылар бар. Тәжірибелі маман ретінде әр боксшының, әр шәкіртіңнің шамасын көріп-біліп отырасың. Камран да — қатардағы көп боксшының бірі емес, өте талантты боксшы, осы спортты жан-тәнімен сүйіп, тынбай жаттығады, жоғары дәрежедегі жарыстарда өнер көрсетуге әбден лайық. Мұны біле тұра, жолына бөгет болуға қандай хақым бар? Сондықтан мен Камранның Әзірбайжанға кетуіне қарсы болған жоқпын. Ұстазы ретінде ақ жол тілеп, рұқсатымды бердім.

— Әзірбайжан жағы оны қалай қабылдады?

— Құшақ жая қарсы алды. Камран ол жақта жарыстарға қатыса жүріп, бірте-бірте өзін мойындатты. 2015 жылы Ресейде өткен мұнайлы елдер арасындағы Әлем кубогінде жүлдеге ие болды. Бұл жарысқа әлемнің 20 елінен боксшылар қатысты.  Ал Олимпиада жолдамасын биылғы маусымда Бакуде өткен лицензиялық турнирде иемденді.

Әзірбайжандық бапкерлермен хабарласып тұрамыз. Олар Камранның әр жеңісінен кейін: «Сендердің еңбектеріңнің арқасы» — деп, рахметтерін айтады.

— 2005 жылы Ердос Жаңабергеновтің әлем чемпионатындағы алтыны, 2013 жылы Берік Әбдірахмановтың әлем чемпионатындағы қола жүлдесі бізге бұйырмап еді. Камран Шахсуварлының Рио Олимпиадасындағы медалі де Ақтөбеге бұйырмай отыр. Бұл қашанға дейін жалғасады? Неге өз ұлдарымызды өзекке тебеміз?

— Мен ешкімді жамандағым келмейді. Бірақ, соңғы жылдары Ақтөбе бокс мектебінің жетістіктері өз өңірімізге бұйырмай жүргені шындық. Ердостың алғашқы бапкері — ақтөбелік Ерік Балжанов болатын. Қазір Ерік басқа жаққа көшіп кетті. Берік Әбдірахманов та дүбірлі додаларға өз туған өңірі атынан қатысуға мүмкіндік болмайтынын білген соң, бапкері Руслан Оңалбековтің рұқсатын алып, Маңғыстау облысына кетті.

— Осы Олимпиадаға Ақтөбе бокс мектебінің екі бірдей өкілі қатысып отыр. Камраннан бөлек, Берік Әбдірахманов барды. Риода Берік бірінші айналымда жеңіліп қалғанда: «Егер осы үлкен додаға туған жерінен, кішкентайынан өзін баулыған бапкерлерінің ортасынан аттанғанда, бәрі басқаша болар ма еді?» — деген ой келді…

— Мен де солай ойладым. Әрлі-берлі ауысып жүру спортшыға оңай емес. Менің де Камраннан айырылғым келген жоқ. Бірақ, Ақтөбеде жүрсе, үлкен жарыстарға шыға алмайтынын білген соң, басқа амалым болмады.

Әлі де Ақтөбенің атын шығаратын жастар бар. «Ағай, мені жақсылап үйретіңізші. Токио Олимпиадасына қатысқым келеді» — деп, құлшынып тұрған балаларды көргенде, өзің де құлшынасың… Боксқа, әдетте, ауқатты отбасылардан емес, қарапайым отбасынан шыққан балалар келеді, қандай да бір табысқа жету жолында көп қиындыққа төзеді. Біз де солардың ынта-жігерлері, талпыныс-талаптары текке кетпесе екен деп, аянбай еңбектенеміз, қолымыздан келгенше көмектесеміз.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button