Таным

Жылан мен қарақұрттың уы күшейетін мезгіл

Елімізде улы жәндіктер атауы дегенде үлкеннің де, кішінің де есі­не жылан мен қарақұрт оралатыны шындық. Күз мезгілінде бұлардың уының қуаты артып, қауіпті болады. Алайда, олардың түр-түсімен екінің бірі таныс емес. Тамыз айының 15-нен кейін далалық аймақтарда абайлап жүрген абзал. Есте ұстап сақтанып жүрулері үшін жылан мен өрмекші туралы оқырмандарға аз-кем мағлұмат беруді жөн көрдік.

Қарақұрт ­— өр­мек­шілер тобына жатады. Шөл және шөлейт жерлерде көп кездесетін улылығы жағы­нан аса қау­іпті жәндік. Құрсағы дөңгелек пішін­ді, қара түсті. Арқасында қызыл дақ­тары болады. Оның шаққан уы адамға да, малға да қауіп төндіреді. Ырымшыл халқы­мыз «қарақұрт шағыпты» дегеннің орнына, «қарақұрт тиіпті» деп айтады. Бұл атын атаса жәндіктің уы бойға тез тарайды деген түсі­нік­тен туса керек. Ол Қа­зақ­станның шөлді ай­мақтарында, Қырым­да, Кавказда кездеседі. Сонымен бірге Иранда, Ауғанстанда, Жерор­та теңізі жағалауларында және Сібірдегі Енисейде, Африканың солтүстігінде, Орта Азияның ба­ты­сы мен тау етектерінде, Еуропаның оңтүстігінде және Украинаның оңтүстігінде кең тараған.

Қарақұрт ұяларын құрғақ ар­ық­тардың көлеңке жағына, кемір­гіштердің індеріне және жусанның, жантақтың, жыңғылдың түптеріне салады. Алдымен, қарақұрт құ­мырс­қалармен, шегіртке тәрізділермен, барылдақтар­мен (түнде ұша­тын қоңыздар) қо­ректенеді. Сон­дай-ақ, олардың торларынан шаяндарды және үлкен емес кес­ірткелерді де кездестіруге болады. Олардың адамдарды және жануарларды шағу қаупі тамыз айының соңына таман шағудың ең жоғарғы сатысына жетеді. Бірақ маусым айының ек­ін­ші онкүндігінен басталып, қыркүйектің соңына дейін шағудың кездесетіні де анықталған.

Қарақұрт малдарға және адамға өздігінен шабуыл жаса­майды. Улы жәндіктің уы туралы ғалым Кобреттің мағлұматы бойынша, жоғары молекулалық сал­ма­ғы бар және сақтағанда өте тез бұзы­лады. Қарақұрттың уы алдымен жүйкеге әсер етеді. Адамдар мен түйелер өте тез уланады.

Қарақұрт шаққанда не істеу керек?

 Егер адамды қарақұрт шақса, алғашқы кезекте шаққаннан қалған дағынан бірінші қанның тамшысын сығып шығару және ауызбен уды сорып алу қажет. Көмек берушінің аузының ішінде жаралары болмауы тиіс. Жәндіктің шаққаннан қалған дағын калий перманганат ерітіндісімен өңдеп, ол жерге суық сулы шүберек қойып таңған абзал. Қандай жағдайда да ауруды ауруханаға жеткізген жөн. Дұрыс және өз уақытысында емдеу удың қауіп-қатерін төмендетеді.

Қарақұрттардың шағуының ал­дын алу медицина және ветеринария үшін маңызды. Жәндік шақ­қан сәтте сол жерді сіріңке шырпы­ларының басын қосып, тұтандырып күйдіруге болады. Неге десеңіз, өрмек­ші теріні өзінің хелицерімен (жұп ауыз аяқтарымен) тереңдігі 0,5 мм ғана тістеп алады. Бірақ мұны шаққаннан кейін кешік­тірмей 1-2 минут ішінде істеу керек. Не­ғұрлым тез жасалынса, соғұрлым тез қайтады. Қарақұрттың ең улысы жы­ныс­тық кезеңде жетілген ұрғашы­лары. Ұрғашысының үлкендігі 1,5-2 см, еркегі 1 см шамасында. Себебі, оның уы жыланның уынан 15 есе күшті. Қарақұрт шаққанда орны қат­ты ауырады, ауырғаны бүкіл денеге тарап, аяқ тартылады. Адамның басы ауы­рады, жүрегі жиі соғып, ентігеді, тілі күр­­меледі, құсады, терлейді, санды­рақ­тай­ды, есінен танады. Тіпті өліп кетуі мүмкін.

Енді қарақұрт шағудың алдын-алу шараларына келсек. Қой, ірі қара бағатын малшылар улы өрмекшілер бар жерде, әдетте түнгі ұйқыға жату үшін жататын орнынан бірнеше рет отарды айдап өткізеді. Жерге киіз төсенішті қойдың терілерін төсейді. Сөйтіп, айналасына су сеуіп, төсектің сыртын қылды арқанмен қоршайды. Бірақ бұл жасалған қарекеттер кейде қарақұрттарды тоқтата алмайды. Сондықтан қазіргі кезде далаға түнегенде жерге ұйықтамаған жөн. Қарақұрт шаққанда ішімдік ішпеңіз. Ішімдік пен у қосылады да нерв жүйесіне әсер етіп, адам естен танады. Мұндай «кок­тейл» адамның тыныс алуын ауыр­латып, жүрек соғысын тоқтатады.  Қарақұрт шаққаннан кейін 40 минут пен 2 сағат арасында адамның жүріп-тұруы­на жауап беретін арқаның бұлшық еттері босаңсиды. Яғни ол өз бетімен жүре ал­майды. Сондықтан зардап шеккен адам­ды тез арада медициналық мекемеге жет­кізу керек.  Қарақұрт шаққанда, жылқы, сиыр, шошқа – 4 күнде, ал түйе 8 күнде өледі.

Жылан уы

 Жаз мезгілінде көбіне табиғат аясына шығып, қала сыртындағы саябақтарда демалуды жақсы көретініміз рас. Бірақ біз қалаған далалық жерлерде қауіпті жыландар мен жәндіктердің болатынын естен шығарамыз. Алайда жыландардың барлық түрі адам үшін улы емес. Жыланмен кездесіп қалған кезде мұқият болу қажет. Жыланды ұстап алуға немесе онымен ойнауға құмартпаған абзал. Жыландар әрқашанда шабуыл жасауы туралы ескертеді: кейбіреуі басын дірілдетеді, кейбіреуі ысылдайды, кейбіреуі оралып алады. Сондай-ақ өлген жыландардан да сақ болу қажет. Олардың кейбіреуіндегі улардың қасиеті ұзақ сақталуы мүмкін, сондықтан өлген жыланның тісі абайсызда тисе улануыңыз бек мүмкін. Жылан уы — улы жыланның сілекей безінен шығатын ақшыл сары не көкшіл түсті сұйық. Құрамында альбулин, глобулин, ферменттер, су, тұздар бар. Құрғақ түрінде 23 жылға дейін сақталады. Жылан уынан медицинада май, сұйық түрінде дәрілер дайындайды. Жылан уының қасиеті жылан түріне байланысты, мысалы, сұр жылан уында қан құйылуына әсер ететін геморрагин, ал көзілдірікті жылан уында нерв жүйесіне әсер ететін нейротоксин болады. Сондықтан жылан шаққанда адамға әр түрлі әсер етеді. Жылан жылқы, қой, сиырды жиі, шошқаны өте сирек шағады. Ал жылқыны көбіне тұмсығынан шағады. Удың әсерінен жылқының тұмсығы ісіп, 10-20 минуттан кейін уланғандықтың белгісі білінеді де, уақтылы емдемесе өледі. Удың 0,0015 грамы қоянды, 0,008 грамы итті өлтіреді. Улы жыландардан сұр жылан, көзілдірікті, қалқантұмсық жыландар жиі кездеседі. Сұр жыланның уы малдың нерв жүйесіне өсер етеді, мал еліреді, жүрек соғуы баяулап, ентігеді, ақырында әлсірейді. Шаққан жер ісініп, көпіріп, тері асты босайды.

Жылан шаққан кездегі көрсетілетін көмек

Ең бірінші зардап шегуші рухани қолдауды қажет етеді!

Уланған адамды көлденең жатқызып, тыныштықта қалдыру қажет. Өйткені қозғалыс удың бүкіл денеге таралуын тездетеді. Аяқты шаққан кезде оны қозғалтпауға тырысыңыз. Шаққан қол-аяқтарды дәкелеп танып және олар біраз көтеріңкі болып тұру үшін тізенің астына бір нәрсе қойыңыз. Қолды шаққан кезде оны бүккен күйде ұстаңыз. Жылан шаққаннан кейін, алғашқы секундтарда саусақтармен басып, жараны ашыңыз, содан кейін уды ауызбен соруды бастаңыз. Қанды сұйықтықты кезеңді түрде түкіріп отырыңыз. Егер сілекей аз болып немесе ерінде, ауыз қуысында жаралар болса, ауызға аз мөлшерде су алып, 15 минут аралығында тоқтамай кезекпен уды сорып алу қажет. Бұл зақымдалған ағзадан удың 20-50 процентін жоюға мүмкіндік береді.
Жәбірленуші адамды жақында орналасқан медициналық мекемеге жедел түрде, зембілдерді қолданып апаруға тырысыңыз. Жыланды тауып, оның түрін тану үшін, дәрігерге әкелген жөн. Қажет болған жағдайда, ұзақ уақытты жасанды тыныс алуды және жүрек массажын жүргізіңіз. Сонымен қатар, жылан және көптеген жәндіктер шағуынан болатын ауырсынуды азайту мақсатында, шаққан жерді бу үстінде ұстау қажет. Шаққан жерді крест тәрізді кесуге және зақымдалған аймақты ойып алып тастауға болмайды. Кездейсоқ заттармен (пышақпен, шыны сынықтарымен) кесулер инфекцияларға, тамырлар мен сіңірлердің зақымдануына әкеліп соғады.

Жыланның біз білмейтін түрлері

 Жыланның әлемде 2600-ге жуық түрі бар. Олар 12 тұқымдасқа бөлінеді. Ең көбі – сарыбас жыландар, олардың 1500-дей түрі кездеседі. Қазақстанда 5 тұқымдасқа жататын: соқыр жыланның 1, айдаһар жыланның 2 түрі, сарыбас жыланның 12 түрі, сұржыландардың 2 түрі, бозша жыланның 1 түрі белгілі.  Жыланның сыртқы құлақ (есту) тесігі және дабыл жарғағы болмайды. Сондықтан олар ауадағы дыбысты естімейді. Сезу қызметін тілі мен бір жұп якобсон мүшесі атқарады. Якобсон мүшесі – кеңсіріктің ішкі жағындағы ауыз қуысына ашылатын, екінші ұшы тұйықталып біткен екі қуыс. Бұл бауырымен жорғалаушылар мен сүтқоректілерде болатын иіс сезу мүшесі. Аяқтары жоқ. Тек айдаhарда, ұршық тәрізді жыландарда, соқыр жыландарда, бүрме ауызды жыландардың кейбір түрлерінде ғана жамбас белдеуінің қалдығы мен артқы аяқтарының тырнақ тәрізді жұрнағы сақталған. Иық және жамбас белдеулерінің болмауына байланысты омыртқа жотасы бөлімдерге анық жіктелмеген: қысқа әрі жуан жыландарда омыртқасының саны 141, ал ұзын әрі жіңішкелерінде 435-ке жетеді. Олардың ішкі  ағзалары бірінің астына бірі орналасады. Ас дұрыс қорытылу үшін жүрек бір жерден бір жерге ығысады. Кейбір жыландар бір туғанда 75 жыланды дүниеге алып келе алады.

 Р.S. Жылан мен қарақұрттар күн мен түнді талғамайды. Олар тек қана шөл мен шөпте емес, лас жерлерден де қорек іздейді. Сондықтан жер үйдегілер, әсіресе ас бөлмені күн сайын тазалап, арнайы дәрі-дәрмектерді сеуіп тұрған артық болмайды. Ал көшеде, далада жүріп бейтаныс жәндіктерді көре қалсаңыз, еңкейіп қарап, я болмаса жалаң қолмен ұстамағаныңыз дұрыс. Сақтағанды құдай сақтайды.

 Ғаламтор материалдары негізінде әзірлеген Қуат ӘБІЛҚАЙЫР.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button