Таным

Радиофобия

Ақпараттық технологиялардың дамыған уақытында адамдар көп нәрседен қорқатын болды. Пандемия да бұған кері әсерін тигізгені рас. Айталық, ұялы байланыс операторлардың станциясы, шатырға орнатылған антенналар, тіпті қысқа толқынды пештерге де үрке қарайтындар аз емес. Соларға қатысты әңгіме қозғалса, «радиациясы бар», «электромагниттік сәуле шашады» деп долбар жасайтындар баршылық… Сол сияқты «вакцина еккенде чип салынады екен», «атом стансасы адамзатты жоюға бағытталған» деп байбалам салатындар кездеседі. Бұның барлығы бір сөзбен «радиофобия» деп аталады. Ал бұл терминнің тарихы әріден басталады…

Сөздің түп-төркініне үңілсек…

Радиофо́бия — біріккен сөз. «Радио» латын тілінен аударғанда «сәуле тарату, сәуле» дегенді білдірсе, (фобия) сөзі бізге ежелгі грек тілінен енген. Тәржімалағандағы мағынасы «қорқыныш» дегенді білдіреді. Яғни адамдардың не болса содан, әсіресе электр желісіне қатысты құралдардан қорқуын радиофобия деп атаймыз. Аталған термин көпшілік арасында Чернобыль апатынан кейін кеңінен қолданыла бастады. Сол жақтағы атом электростансасында жұмыс істеген мамандар радиофобия сөзін жиі ауызға алып, сол арқылы бұқараның құлағына сіңіп кетті. Бұл сөзді ядролық энергияға қарсы топ та жиі қолданады. Ал бізде, Қазақстанда соңғы 3-4 жылда ғана радиофобияға алаңдаушылық білдіргендер күрт артты. Оған бірнеше мысалды келтіруге болады…

Байланыс антенналарының зияны:

ақиқат пен аңыз

…Осы жазда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі екенін мәлім етті. Оның айтуынша, тұрғындардың шағымына байланысты мамандар үйдің шатырындағы базалық стансаларды алып тастауға мәжбүр. «Біз үйдегі 99 тұрғынды тыңдап, байланыс сапасын қамтамасыз етуіміз керек пе, әлде радиофобиясы бар бір тұрғынды тыңдауымыз керек пе? Базалық станса оның денсаулығына зиян келтіреді деп ойлайды. Оның отбасында біреу қатерлі ісікке шалдыққан, себебін содан көреді. Сондықтан базалық стансаны бір жерден алып тастап, екінші жерге орналастырып отыруға мәжбүрміз. Әрине,
бұл —нәтижесіз жұмыс», — деді Бағдат Мусин ҚазАқпаратқа берген сұхбатында.

Өз кезегінде радиофобиясы бар отандастарымыздың қамын ойлап,  елімізде базалық байланыс стансаларын орнату ережесін қайта қарауды ұсынатындар да бар. Айталық, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева:

— Біздің бастамамен қолға алынатын жаңа заң жобасы базалық байланыс стансаларын орнату ережелеріне қатысты болмақ. Базалық стансаларды орнатуға қатысты қоғамда бірыңғай пікір мен нақты ұстаным жоқ. Сондықтан аталған норманы қоғам белсенділерімен талқылап, көпшілікке түсіндіретін боламыз. Бұл жерде мәселе радиофобиясы бар азаматтарға тікелей қатысты болып тұр. Байланыс қызметін бәріміз пайдаланамыз, сондықтан мәселені артық шу мен дау-дамайға жеткізбеу керек, — дей келе, бүгінгі таңда радиофобия бүкіл әлемде бар мәселе екенін баян етті.

«Иә, радиофобияға қатысты түрлі пікірлер бар. Оның базалық байланыс стансасынан келетін зиян көп деушілер де табылып жатыр. Десек те стансадан келетін зияннан біз қолданып жүрген электроника құралдарынан келетін зиянның бірнеше есе артық екені айтылған ғылыми дәлелдеме бар», — деп пікірін білдірді ол.

7kun.kz сайтының мәліметінше, антенналар, байланыс операторларының стансасының «қаупі» жөнінде аңыздар әу баста былай таралған: 1918 жылы доңыз тұмауы өршіді— сол кезде конспирологтар оны радионың шығуымен байланыстырды. 2003 жылы SARS вирусының таралуын 3G желісінің енгізілуімен түсіндірсе, 2009 жылы доңыз тұмауының етек алуын 4G желісінің енгізілуімен сабақтастыратындар кездесті. Сол сияқты 5G желісі шыға салысымен «аңыз»түрлене түсті. Шын мәнінде, әлгі аңыздар шыққан 100 жылдан астам уақытта бірде-бір рет байланыс технологиялары мен ауру арасындағы байланыс ғылыми тұрғыда дәлелденбеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы байланыстың жұмыс қағидаты мен оның адам ағзасына әсері толық жазылған бюллетень шығарды. Әдетте мобильді байланысқа қазір бос тұрған жиіліктерді береді. Жиіліктің артуы әрекет ететін радиусына байланысты. Жиілік жоғары болған сайын толқынның ұзындығы қысқа және таралу көзінен алыстаған сайын ол тез әлсірейді. Байланыс антеннасынан тарайтын сәуле қысқа толқынды пештің, телефонның немесе радиостанцияның тарататын сәулесінен аспайды, оны ДДСҰ деректері де растайды. Сондықтандаурығуға негіз жоқ.

Коронавирус пен байланыс мұнаралары

Осыдан екі жыл бұрын «мобильді байланыс мұнаралары коронавирус инфекциясын таратады» деген қауесет желдей есті. Бұл қаншалықты шындыққа саяды? 7kun.kz сайты төмендегідей дерек пен дәйекті ұсынады:

«Расында, жаңа вирустың шығуы 5Gжелісінің енгізілуімен сәйкес келді. Бір нұсқа бойынша, дүрбелеңнің жаппай көріністері алғаш рет 2020 жылы көктемде Ұлыбританияда басталды. Сол кезде елде «қастандық теориясы» кең таралды, тіпті бірнеше танымал адам коронавирус пен 5G желісінің байланысын растайтын жазбаны әлеуметтік желіде тарата бастады. Бұның бәрі кейбір елді мекен тұрғындарының байланыс станцияларын бұзуға тырысуына алып келді, тіпті станцияларды өртегендер де болды».

ДДСҰ деректеріне сүйенсек, вирус радиосигналдармен немесе мобильді байланыс толқындарымен таралмайды. COVID-19 індеті көптеген елде, тіпті 5G түгіл, 4G мен 3G тартылмаған елдерде де таралуда. COVID-19 ауа арқылы таралады, яғни сау адамның тыныс жолына науқастың тыныс жолынан шыққан тамшылар түскенде жұғады, мысалы, жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде. Сол себепті көптеген елде бетперде тағу режимі енгізілді. Вирус жатқан жерді ұстап, артынша көзді, ауызды немесе мұрынды ұстағанда да ауруды жұқтырып алуға болады.

Чип салынатыны рас па?

Әлемде таралған тағы бір мысал — «5G миға теріс әсер етеді». Бас ауруы, көңілсіздік, жаппай қадағалау үшін басқару — мобильді байланысқа таңылып жатқан сипаттардың аз ғана бөлігі. Кейбір конспирологтордың айтуынша, антенналар мен жерсерік желілері арқылы адамдарға құпия түрде чип салынуда. Олардың пікіріне сүйенсек, осының бәрінің артында Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс тұр, ол 5G байланысы арқылы Жер бетіндегі бүкіл адамға электронды чип салуды жоспарлап отыр-мыс…Бұның бәрі адамдарды басқару үшін және халық санын азайту үшін деседі. Адамдарға чип салынған соң 5G қосылады да, сол арқылы бізді америкалық суперкомпьютер — «Жыртқыш» басқарады.

Вакцинация арқылы чиптеу жүргізіледі дегендер де болды.

Ақиқаты сол — вакцинацияда шын мәнінде «чиптеу» қағидаты бар, бірақ адамдарға ешқандай чип салынбайды. Вакцинаның мәні — ағза вируспен күресуі үшін және нақты қауіпке қарсы тұруға дайын болуы үшін адамға вирустың зиянсыз «үлесін» салу. Ол туралы білікті дәрігерлер «РИА Новости» ресурсында айтқан болатын. Қысқасы, вакцинациядан соң адамдарды 5G арқылы басқару және қадағалау мүмкін емес.

Жалпы, Қазақстанда байланыс мұнараларының қауіпсіздігі кәсіби мамандар әзірлейтін қатаң нормалар мен стандарттармен реттеледі. Елімізде ұялы байланыс желісінің элементтері үшін электромагнитті сәуле тарату нормалары 10 мкВт/см2 құрайды, Скандинавия елдерінде бұл норма — 100 мкВт/см2, АҚШ-та — 200 мкВт / см2, яғни біздің нормативтеріміз 10-20 есе қатаң.

P.S. Бұрын-соңды болмаған, жаңадан енгізілген нәрседен қорқу — қалыпты құбылыс. Бұл жалпы адамзатқа тән. Бірақ жылдар өткен сайын жаңа технологиялардың өмірімізде бәрібір қолданыс табатынын, бұл өркениеттің бірден-бір көрінісі екенін ұмытпайық.  Сондықтан онсыз да әлсіз жүйкемізді жұқартпай, кез келген дүниеге салқынқандылықпен қарайық. Сала мамандарының ресми мәлімдемелеріне құлақ асайық. Дей тұрғанмен «Сақтансаң, сақтайды» дегенді де естен шығаруға болмайды…

  Айәли АЙБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button