Таным

Көгершін

Көгершін   әлемдегі ең танымал және кең таралған құстардың бірі. Ол негізінен Еуропа, Оңтүстік-Батыс Азия, сондай-ақ Солтүстік Африка аумағын мекендейді.
Адамға жақын бұл құс туралы ел арасында аңыз көп. Су тасқынынан кейін, Нұх пайғамбарға зәйтүн бұтағын осы құс әкеліп, апаттың аяқталғаны жайлы хабарлаған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, Пабло Пикассо есімді әйгілі суретші, осы сәтті өз туындысында бейнеледі. Сол себепті де көгершінді көп халық бейбітшіліктің белгісі санайды, оны жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп сенеді.
Ғалымдардың айтуынша, ең алғашқы кептер осыдан 10 000 жыл бұрын пайда болған. Көгершіндер алғаш рет қазіргі Египет пен Ливия елдерінің аумағында тіршілік еткен.

Бұл кішкентай құстардың ұзындығы — 40 см, ал салмағы  400 граммға дейін жетеді. Бүгінгі таңда олардың 35 түрі белгілі.  Көбінесе орманды жерлерді мекен етеді, тек көк көгершіндер ғана, қалалық ортада өмір сүруге бейімделген.
Адамдар көгершіндерді шамамен 5000 жыл бұрын қолға үйретіп алды. Бастапқыда бұл құстарды ет үшін өсірген. Сонымен қатар көгершіндер төзімділігімен ерекшеленген, 3000 шақырым қашықтыққа 140 шақырым/сағат жылдамдықпен ұшып барған. Сол себепті, көгершін арқылы – хат тасымалдау ең жылдам тәсіл деп есептелді.
Табиғатта өмір сүру ұзақтығы өте қысқа – 6 жыл ғана. Бұған азық-түліктің жетіспеушілігі, вирустық аурулар, жыртқыш аңдар және ауа райының суықтығы себеп болып отыр. Егер туылғанынан бастап, үй жағдайында өмір сүрсе, онда 15-20 жыл тіршілік етуі мүмкін. Көгершін дәндермен, жидектермен және кейбір жағдайларда жәндіктермен қоректенеді. Қала көшелерінде мекен ететіндері бидай, жүгері, сұлы және арпа шоқиды. Олар адамдар көп жүретін аумақтарда ұя салады, өйткені мұндай жерлерде азық табу оңайырақ болады.
Көгершін балапандарын ел-жұрттың, аң-құстың көзіне түсірмеуге тырысады. Сол себепті де ұяларын биік  жартас, үңгірге салады. Әлмисақтан солай.
Өмір есігін енді ашқан көгершін балапаны бастапқы кезде ата-анасына мүлде ұқсамайды. Өйткені олардың қауырсындары мүлде болмайды. Салмағы небары 10 граммға жуық. Балапандардың қауырсындары шамамен бір айда өседі. Оған дейін көгершіндер дамыл таппай, балапандарына қорек тасумен болады.

 

Пошташы құс

Көгершін — туған жер, өскен ортасын жазбай тани алатын құс. Бұл құсты ұстап алып, қай жаққа апарып тастаса да, ұясын іздеп таба алады.
Мұны бұрынғы заманғы адамдар да байқаған. Сөйтіп, көгершін пошташы «қызметін» мінсіз атқарған.
Француздар шағаланы, орыстар сұңқарды, ағылшындар қарлығашты пошта тасуға үйретіп көрген. Қорытындысында көгершін ең жақсы көрсеткіш көрсеткен. Көгершіннің тағы бір қасиеті: жылдам ұшады әрі ауа райының қолайсыздығына қарамайды.
Көгершінді қолға үйретудің тарихы көне гректерден басталады. Көне Грекияда адамдар көгершінді туған жерінен ұстап әкетіп, хат байлап қайта ұшырып жіберетін болған. Мәселен, Олимпиада ойындарының жүлдегерін көгершін арқылы еліне хабарлаған.
1176 жылы Мысырда Нұраддин патшаның кезінде ресми түрде мемлекеттік пошта қызметі құрылған. Негізгі пошташы көгершін болды. Ал француздар 1870-1871 жылдары болған француз-неміс соғысында көгершіннің пайдасын көп көрген. Тіпті немістер хабаршының жолын кесу үшін қаршығаны жіберіп, көгершінді өлтіртетін болыпты. Бірақ француздар мұның да амалын тапқан екен. Көгершіннің тұяғына кішкентай ысқырық тағып жіберетін болған. Құс ұшқан кезде ысқырық ауаға үйкеліп, ащы дыбыс шығарады екен. Бұдан жыртқыш құстар қорқып қашыпты.
Бұрынғы Англияда Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пошташы көгершіннің біріне армия полковнигі атағы берілген екен. Ал құс өлген соң оны шенімен бірге арулап жерлеген.
ХІХ ғасырдың аяғында Гавай аралдарында хат-хабар жеткізу үлкен мәселе болған. Өйткені мұхиттан өтер кеме аз. Сол себепті арал тұрғындары көгершіндерді байланысшы ретінде қолдана бастаған. Пошташы құспен хат та, ақша да жіберген.
Ресейде 1890 жылы пошташы көгершіндердің қоғамы құрылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. «Спортшы көгершіндердің хабаршысы» («Вестник голубиного спорта») атты журнал жарық көрген.
Революциядан кейінгі жылдары Мәскеуде Домашкев есімді құсшының аты жер жарыпты. Ол баптаған көгершіндер бірінен соң бірі ерлік көрсеткен. Мәселен, Домашкевтің көгершіндерінің бірі 1929 жылы КСРО-да рекорд орнатып, 537 шақырым жерді 6 сағат 8 минутта ұшып жеткен.
ХХІ ғасыр — ақпарат пен коммуникацияның заманы. Әлемнің кез келген жеріне хат жіберу — қас қағым сәт. Дегенмен пошташы көгершіндердің қызметі әлі де үлкен сұранысқа ие. Мысалы, Ұлыбританияның Плимут қаласында клиника мен зертхананың арасы жап-жақын, бірақ көлік кептелісінің кесірінен дәрігерлер сараптама қорытындысын дер кезінде жеткізе алмай қиналатын көрінеді. Сол себепті бұл қызметті көгершіндер атқарады екен.
Ал Үндістан әлі күнге дейін шалғай елді мекендерге көгершін арқылы хабарлама жібереді.

 

Шер Амидің ерлігі

Тарихта аты қалған көгершіннің бірі — Шер Ами. Ол  Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама маңызды хабарламалар жеткізіп, 200-ге жуық сарбаздың өмірін сақтап қалды.
Бұл көгершін Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде курьер болды. Құс Францияға 12 маңызды хабар жеткізді. Бірақ Шер Ами нағыз  батылдығын «Аргонна» шайқасы кезінде көрсетті.
1918 жылдың 3 қазанында майор Чарльз Уитлеси мен 500-ден астам жауынгер қоршауда қалады. 4 қазанда батальонды өз одақтастары қателесіп атқылай бастайды. Көптеген америкалықтар алғашқы күні-ақ қаза табады, жараланады.  Батальон командирі атысты тоқтату туралы хабарлама жазып, екі көгершін ұшырады. Бірақ екеуін де немістер атып түсіреді. Жығылған үстіне жұдырық болғандай, көмекке келген артиллерия нысанадан шатасып, Уитлеси әскері жасырынған жерді атқылайды. Соңғы үміт — Шер Амиде. Майор көгершіннің сол аяғына: “Көмекке келген артиллерия өзімізді атқылап жатыр. Біз жолдың шетінде жасырындық. Өтініш, атқылауды тоқтатыңыздар» деген хабарлама байлап жібереді.
Талдың арасынан ұшып шыққан көгершінді неміс солдаттары байқап қалып, оқ жаудырады. Оқ тиіп сұлап түскен көгершіннен Америка сарбаздары үміттерін үзеді. Алайда алған жарақатына қарамастан қайта көкке көтерілген Шер Ами белгіленген межеге хатты жеткізеді.
40 шақырым жерді 25 минутта артқа тастаған қаһарман құс осылайша 194 сарбазды өлімнен арашалап қалады. Ол осы миссиясын атқару кезінде бір аяғы мен бір көзінен айырылды. Кеудесіне тиген оққа қарамастан міндетіне адалдық танытып, 200-ге жуық әскерді аман алып қалған көгершінге соғыс біткен соң Францияның «Әскери крест» медалі мен АҚШ-тың «Алтын медалі» табыс етілді. Емін-еркін қимылдауы үшін дәрігерлер оған ағаштан жасанды аяқ жасап берді. Арада бір жыл өткен соң ол Нью-Джерси штатының Форт Монмут қаласында өлді. Оның қатырылған мүсіні қазір АҚШ-тың ұлттық мұражайында сақтаулы тұр.
1931 жылы Шер Амидің аты жарыс көгершіндерінің даңқ залына жазылды.
2011 жылы Time журналы Шер Амиді ең қаһарман жануарлардың ондығына енгізді.

 

Пайғамбардан бата алған құс

1949 жылдың 20-25 сәуірі аралығында Париж және Прага қалаларында бір мезгілде бейбітшілік жақтаушыларының Бүкіләлемдік Конгрессі өтеді. Екінші дүниежүзілік соғысы аяқталысымен АҚШ пен КСРО сынды әлемдегі екі алпауыт мемлекет атом бомбасын жасап, тіпті бірі Жапонияның екі қаласына тастап та үлгеріп еді. Дәл осындай қатыгездіктер Конгресстің өтуіне себепші болды.
Бейбітшілік жақтаушыларына шұғыл түрде эмблема керек болады да, олар атақты Пабло Пикассодан сурет салып беруін сұрайды. Тұмсығымен зәйтүн бұтағын алып бара жатқан ақ көгершін бейнеленген эмблема осылайша салынған болатын.
Пикассо көгершінді бейбітшілік құсы ретінде бейнелеуінің сыры мұнда жатыр. Кезінде көгершін Нұх Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын жеткізген. Сонымен қатар осыдан сан мыңдаған жылдар бұрын әйгілі Венераның көгершіндері Марстың дулығасына жұмыртқалағандықтан, Соғыс Құдайы кезекті қантөгістен бас тартып, халық аман қалған.
Топан су аңызында кептер Нұхтың кемесіне қуанышты хабар жеткізген құс ретінде аталады. Қырық күн су бетінде жүрген Нұх құрғақ жер іздейді. Бірақ судың қаншалықты тартылып, құрғақ жердің бар-жоғын білу мүмкін емес еді. Нұх: «Құрғақ жер іздеп кел», — деп қарғаны жұмсайды. Ол өлексені көріп, пайғамбардың сөзін ұмытып кетеді. Нұх артынан сауысқанды жібереді. Ол да қарғаның қасында жемтік жеп қалып қойды. Үшінші жолы кептерді ұшырады. Ол зәйтүн ағашына қонады. Ағашқа бұрынғы жойылған қауым мен өлген мақұлықтың қаны жұққан екен. Оның аяғы қанға тиіп қызарып кетіпті. Содан бастап кептердің аяғы қызыл болыпты. Кептер зәйтүн ағашының бір жапырағын тістеп, кемеге оралады.
Нұх кептерден:
— Қарға мен сауысқаннан хабар бар ма? Аман ба екен? — деп сұрайды.
Кептер:
— Иә, көрдім. Қарға өлген малдың басын, сауысқан көтеншегін шұқып отыр, — дейді. Нұх ашуланып қарға мен сауысқанға:
— Жегендерің жемтік, ішкендерің іртік болсын! — депті. Ал кептерге: — Адалдығың білінді. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал! — дейді. Содан бастап кептер үйдің шатырына ұя салатын болыпты.

Бетті әзірлеген Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button