Таным

Тырналар

Тырна жұп болып өмір сүреді және тірлігінде тек бір ғана «сүйіктісі» болады. Сол себепті де олар мәңгілік сүйіспеншіліктің символы болып саналады.
Бұл құстардың түп тамыры тым әріде жатыр. Олар эоцен кезінен бастап (бұл шамамен 40-60 миллион жыл бұрынғы кез), динозаврлар дәуірінен бері тірлік етуде. Бұл құстардың тарихи отаны Солтүстік Америка саналады, ол жерден тырналар алдымен Азияға, кейіннен Африкаға және Австралияға қоныс аударған. Қазіргі уақытта тырна популяциясы әлем бойынша кең таралған, тек Антарктида мен Оңтүстік Америкада кездеспейді.

Топ боп ұшқан тырналар

Тырна — ірі, мойны, аяқтары және тұмсығы ұзын, ал құйрығы қысқа, жақсы жүгіретін құс. Көпшілік түрлерінің кеңірдегі ұзын болады, төс қырының маңайында бірнеше түйін бар. Осы кеңірдегіндегі түйіндердің әсерінен олар күшті дыбыстар шығарады. Тырна өсімдік тамырларымен, құрттармен, жәндіктермен, бақалармен, тышқандармен қоректенеді. Жаздың соңғы күндерінде топтанып егістікке барып, шаруашылыққа аздап зиян тигізетіні бар. Тырналардың барлығы да жыл құстары. Олар Оңтүстік Азияда және Африкада қыстап шығады. Тырна — құрлық құсы. Бірақ ағаш басына ешқашан қонақтамайды.
Ол — қорғауға алынған құс. Алайда халықаралық табиғатты қорғау және орнитологиялық қауымдастықтың қарсылығына қарамастан, кейбір елдерде (мысалы, Ауғанстанда және Пәкістанда) әлі күнге дейін тырналарды аулау дәстүрі сақталған.
Тырналар далалық және батпақты жердің барлығында да кездеседі. Жалпы әлемде тырнаның 15 түрі бар. Олардың кейбір түрлері Қызыл кітапқа енгізілген. Жойылып кету қаупі төніп тұрған тырналардың бірі — ақ тырна (лат. Grus leucogeranus). Олар Қазақстанның батыс және орталық аймақтарына көктемгі және күзгі ұшу кезінде тұрақтайды. Бұл кезде Наурызым қорығында, Ырғыз және Торғай өзендері мен Арал теңізі жағалауында жиі кездеседі. Ақ тырнаның сирағының төменгі жағы қауырсынсыз, құйрығы қысқа болады. Мойны, аяғы ұзын. Қанатының қарымы 2 метрге, салмағы 10 келіге дейін жетеді. Қанаты ақ, қанатының ұшы қара, тұмсығы қызыл. Суат маңын, көбінесе батпақты жерлерді мекен етеді. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Бұл түрдің жалпы саны 1,5 мыңнан аспайды. Қазақстанда ұшып өтетін ақ тырналар тек Қорғалжын қорығында ғана қорғалады.
Табиғатта жиірек кездесетін тырна тұқымдасының бірі — сұр тырна (Gгиs dгиs). Оның ұзындығы — 120 см, салмағы — 6 келіге жуық. Сұр тырна тундра мен биік таулардан басқа жерлердің барлығында кездеседі. Ұяларын тоғайлы батпақтарға, өзен жағалауларына, кейде далаға, адам бара алмайтын жерлерге салады. Ұясына небары 2-3 жұмыртқа ғана басады. Балапандары ширақ болады.

 

Үшбұрышты тізбектің сыры неде?

Геофизик В.Шулейкин Қара теңіздің жағасында отырып тырналардың ұшуын бақылаған және олардың үшбұрыш сияқты пішін жасап ұшатынын байқаған. Осыдан кейін ол құстардың ұшуын зерттепті. Егер құстар бір-біріне жақын ұшса, ауа толқыны артқы құсты итереді. Сол себепті құстар ұшқан кезде ұшуына ауа толқыны кедергі келтірмес үшін екі жаққа қарай тізбек жасап ұшады. Олардың көшін ең мықтысы бастайды. Сонда үшбұрыш секілді пішін пайда болады.
Тырналар өзгеріссіз ұша бермейді, үшбұрыштың ең бұрышындағы құс белгілі уақыттан кейін үнемі ауысып отырады, яғни шаршаған соң көшбасшылықты келесі құсқа береді, сол кезде ең аяғындағы құс келесі қатарға шығады. Ал өте әлсіз құстар (жарақаттанған, ауру, үлкейген тырналар) сол үшбұрыштың ішінен тағы бір бөлек үшбұрыш ашып, сонда ұшады және олар алдыңғы қатарға шықпайды.
Үшбұрыштың тағы бір құпиясы туралы айтсақ, алысқа ұшатын әскери әуе ұшақтары (истрибителдер) осылай үшбұрыш жасап ұшса, жанар майды 20 пайызға дейін үнемдейді екен.

 

Бейбітшілік символы

Тырнаны жапон халқы бақыт құсына балайды. Олардың ұғымында бұл құс ұзақ ғұмыр мен бейбітшіліктің символы.
Мұны адамзат тарихындағы алғашқы атом бомбасының құрбаны, Хиросимадағы Садако Сасакидің оқиғасынан білуге болады. Жарылыс толқыны қызды терезеден лақтырып жіберді, дегенмен ол өлген жоқ. Бірақ жетім қалды. Арада 9 жыл өткеннен кейін Садако радиацияның кесірінен ауыр халге ұшырайды. Дәрігерлер оның бір ғана жыл өмірі қалғанын біледі. Ал Садако «Мың қағаз тырна жасаған адамның барлық арман-тілегі орындалады» деген нанымға қалқысыз сеніп, аурухана төсегінде жатып, қағаз тырналарды бүктеп жасай бастайды… Бірақ ол 644 тырнаны жасап үлгерді. Бұдан кейін Садаконың жағдайы туралы әңгіме күллі әлемге тарады. Содан бастап қағаз тырналар бейбітшіліктің символына айналды. Күллі әлемнің балалары ядролық қарусыз әлемді, бейбітшілікті насихаттау мақсатында қағаз тырна жасауды дәстүрге айналдырды.
Түрік мәдениетінде де тырнаның орны бөлек. Олар сұлу қыздарды тырнаға теңейді. Түріктер үшін тырна сұлулықтың, берекенің, тыныштықтың символы.
Тырна үстінен ұшқан немесе қонған егістік берекелі болады. Көктем келгенде тырна аузына бидай тістеп қайтса — молшылық, сүйекпен қайтса — өлім, жыланмен қайтса — апат болады деп сенген. Ал төмен ұшса, ауа-райы суық, жоғары ұшса, жылы болады деп болжайды.
Түріктер қолөнерлерінде тырна бейнесін, тырна аяғын, қанатын, тырна қатарын жиі бедерлейді. Киім-кешекте де, ою-өрнектерінде де осы құстың бейнесі кездеседі. Сондай-ақ түріктер тырна бейнесін есікке, бесікке салғанды жақсы көреді.
Мысырлықтар тырнаны мейірімділік пен достықтың символы деп санайды.  Ежелгі Рим тұрғындары тырнаны сұлулықтың, таланттың, өнердің құдайы деп дәріптетеген.
Қытайлықтар тырнаны бұ дүние мен о дүниені байланыстырушы деп сенеді. Олар қытай тырнасын құстардың патшасына теңейді. Тырналар тізбегі зеңгір көкте бағытты айыра алмай адасып қалса, бұған адамдар кінәлі көрінеді. Өйткені халық арасындағы сенім бойынша адамдардың бір-біріне жасаған жамандықтары, зұлымдықтарына қайғырғаннан тырналар адасып кетеді екен.
Тырналар — махаббатына адал. Егер аңшы жұп болып ұшып жүрген тырнаның бірін өлтірсе, көп жағдайда екінші тырна да бұл өмірмен қош айтысады, өзін суға тастайды. Болмаса сыңары өлген жерге қонып, ұшпай қояды. Сол себепті де мұндай тырнаны аулау өте оңай болады. Халық арасында тырнаны өлтірген кісінің отбасы қайғыға батады деген наным бар.

 

Тырналар күні

Күздің алғашқы айында экологиялық мереке көп. Қыркүйек айының екінші жексенбісінде Дүниежүзілік тырналар күні тойланады.
Алғаш рет тырналар күні 2002 жылы АҚШ-та атап өтілді. Жоғалу қаупі төніп тұрған америкалық тырнаның түрін сақтап қалу үшін эколог-ғалымдар оның жұмыртқасын қауіпсіз жерге ұя салуға кететін тырнаның басқа түрінің ұясына салып отырған. Құтқарылған құстардың бір тобы ұя салуға кеткен күн жаңа экологиялық мереке деп жарияланды, ал тырна табиғатты қорғайтын ұйымдардың символына айналды.
Дүниежүзілік тырналар күні мерекесі — жылы жақта қыстайтын тырналардың санағымен сәйкес келеді. Мереке күні әртүрлі елдерде тырналарға арналған фестивальдар ұйымдастырылады. Сондай-ақ бұл күні түрлі акциялар, байқаулар және фотокөрмелер, сонымен қатар құстардың күзде жиналатын орындарына экскурсиялар өткізіледі.
1973 жылы Халықаралық тырналар қоры құрылды. Негізгі мақсат — тырналарды зерттеу, олардың жоғалып бара жатқан түрлерін сақтау және қорғау.
1974 жылы Кеңес Одағы мен Америка қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. 1978 жылы Винсконсин штатында тырнаның арнайы қорығы құрылды, оған жабайы табиғаттан табылған тырналардың жұмыртқалары жеткізілді.
Бүгінде Ресейде, Қытайда, АҚШ-та және Бельгияда тырна өсіретін қорықтар бар.

 

Тырналар қайтып барады…

Елімізде және ТМД елдерінде тырналар бейнеленген ескерткіштер көп. Бәріне тән ортақ идея — мезгілсіз өлімді бейнелеу.
22 қазан — Дағыстанның Мемлекеттік мейрамы — Ақ тырналар мерекесі. Атаулы күн соғыс кезінде ұрыс даласында опат болғандарды еске алу мақсатында 30 жылдан бері атап өтілуде. Бұл мерекенің бастамашысы — Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов. Неліктен ақ тырналар осы мерекенің символына айналды? Кавказда ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлер тырналарға айналады деген аңыз бар.
Жапонияның Хиросима қаласында Балаларға арналған бейбітшілік монументінде де тырна бейнеленген.
Үстінде үлкен қағаз тырнасы бар Садако ескерткіші бомбалаудың салдарынан өмірі ерте үзілген және жарылыстан зардап шеккен Хиросима мен Нагасаки балаларына арналған.
Кейіннен бұл оқиғаға арнап атақты ақын Расул Ғамзатов «Тырналар» поэмасын жазды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button