ЭкономикаӘлеумет

«Нанымның» наны

Шағын және орта бизнесте наубайхана ісі қанатын кеңге жайып келеді. Солардың бірі — «Наным» ЖШС-сы. Серіктестікке қарасты наубайханада күніне 3-4 тонна нан пісіріліп,  елуге жуық адам еңбек етеді. Шаруашылықтың  ілгері басуына «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы септігін тигізіпті.

Серіктестік басшысы  Әділбек Әли осыдан екі жыл бұрын «Тағам» мекемесінің ғимаратын жалға алып, наубайхана ісін бастап кетеді. Цехтағы  қажетті жабдықтарды да жалға алады.

Жабдықтарды сатып алуға мүмкіндігіміз болған жоқ. Сондықтан алғашқы жылы жалға алып, жұмыс істедік. Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының облыстық филиалы арқылы «Даму-Өндіріс» бағдарламасының негізінде 31 миллион теңге несие алдық. Алты пайыз үстеме ақымен  берілген қаржыға мемлекет өзі кепілдік берді. Ақша қолымызға тиген соң, жалға алып отырған нан пісіретін пеш пен өзге де жабдықтарды сатып алдық. Нан таситын көлікке қол жеткіздік. Қазір тек қана ғимараттың жалға алу ақысын төлеп отырмыз. Үстеме ақысы аз болған соң биыл тағы да қосымша сегіз миллион теңге алдық. Үстеме ақысы он төрт пайыз болса, оның он пайызы мемлекет тарапынан өтеліп отыр. Қазір біз тек қана төрт пайыз үстеме ақыны төлейміз. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Себебі кірісі аз, әлі аяғынан тік тұрмаған кәсіпкер үшін бұндай үлкен көлемдегі қаржыны алу мүмкін емес. Алған күннің өзінде пайыздық мөлшері көп болады. Ал «Даму Өндіріс» бағдарламасы біз секілді шағын кәсіпкерліктер үшін таптырмас мүмкіндік. Қазір ісім оңға басып, шаруам реттеле бастады. Алға жоспар құрып, тіпті кәсібімді кеңейтуді армандап қоямын, — дейді серіктестік басшысы.

Он екі жыл  «Ақтөбе-нан» зауытында еңбек етіп,  басшылық қызметке дейін көтерілген Әділбек бұл саланың қыр-сырын жақсы біледі. Нарықтағы жағдайды бақылап, мониторинг жүргізіп отырады. Себебі қазір қалада шағын наубайханалар көп. Бәсекелестікке төтеп беру үшін сапасы мен бағасына да көңіл бөлу керек.

Серіктестік негізгі шикізатты «Жаңа Әлжан» комбинатынан  алады. Кейде Қостанай, Орал қалаларынан тасиды.

Бір ғана зауытпен жұмыс істеуге болмайды. Өйткені оларда кейде ұн болмай қалуы мүмкін. Әрі  біз бағасына да қараймыз. Сапасы жақсы, бағасы тиімді болғаны жөн. Мәселен, «Жаңа Әлжан» комбинатының ұнын біз тексермей-ақ ала береміз. Өйткені сапасының жоғары екенін жақсы білеміз. Ал көрші облыстан келетін ұнды бірінші қарап аламыз. Алдымен бір қабын алып, тексеріп көреміз. Көңілден шықса, тапсырыс береміз. Ал бөлкелер мен тәтті тоқаштарға қажетті шикізатты Ресейдің Орынбор қаласынан алдыртамыз, — дейді Әділбек.

Әділбектің наубайханасында нанның онан аса түрі пісіріледі. Біз барғанда наубайшылар нан пісіріп жатты. Қалыпқа өлшеніп салынған қамыр, аз уақыт тұрып, бірден пешке жөнелтіледі. Піскен нанды жұмысшылар арнайы ағаш қалыптарға салып, көлікке тиеп алып кетуде. Бұл жердегі мамандардың барлығы өз ісін жетік меңгерген. Технолог Майра Исмағанбетова нанның дәмі мен сапасына жауап береді. Серіктестік басшысы жұмысшылардың кәсіби біліктілігін жетілдіру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатынын айтады. Жуырда Орынбор қаласынан кәсіби мамандар келіп, шеберлік кластарын өткізбек.

Шаруасы осылай жүре берсе, іскер басшы әлі де біраз жоспарларды жүзеге асыратынын айтады.

Қала тұрғындары қазір «Нанымның» нанын сүйсініп жейді.  Екі жыл ішінде тұтынушылардан арыз-шағым түспепті.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button