Тарих

Тайлақ батыр

Батырдың аты тарлықта емес, жоқтықта, тыныштықта емес қорлықта, саябырлықта емес соғыста шығатыны тарихымыздан белгілі. Халқымыздың ең елеулі тұлғаларының бірі, аты кең даламызға аңыз болып тараған, талай ала қырғын соғыстан абыроймен шыққан, жан қысылып, халқымыз қызыл қанға боялған кезде Кіші жүз сарбаздарының қолбасшысы болған Тайлақ батырдың қазақтың тарихының төрінен ерекше орын алатын реті бар.

1715 жылдан бастап 1726 жылға дейін созылған жоңғар қонтайшыларының елімізге, халқымызға салған ойран-қырғынының ортасында шыңдалған Тайлақ батыр халқымыздың арқа сүйер арысына айналды. Тайлақ батырдың жас кезінен Әбілқайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалғаны, дос болғаны, той-думанда да, жорықтарда да қатар жүргені, ерлігі мен адамгершілігі туралы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында кеңінен жазылған.

Жері мен халқын ардақтай білетін, елі үшін жанын пида ететін жандардың арасынан шыңдалып шыққан Тайлақ, «Ақтабан шұбырынды» аталып кеткен қазақтың басына түскен ауыр заманда құдіреті күшті қолбасшыға айналды. Білегі қару көтеретін жастан бастап, жасы алпыстан асқан ел ағаларына дейін қолдарына семсер мен найзасын ұстап жоңғар қонтайшыларына қарсы шыққанын ел біледі. Бұл қырғын соңғы 300 жылда өткен соғыс өртінің ең алапаты, ең жауызы, ең қиыны еді, қазақ халқы жоқ болып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Тарихшылардың айтуынша, жерде, суда қанға боялып, өлік жатпаған бұта болмаған сияқты. Қанша жігерлі халық болғанмен ұйымдастыратын басшы болмаса, бастайтын қолбасшы болмаса, қалың әскер де қауқарсыз болатыны белгілі. Осындай қысылған заманда Кіші жүзге басшы болып, барлық тайпаны біріктіріп алға жетелеген Әбілқайыр хан десек, осы халықтың әскеріне бас қолбасшылық жасап жеңіске жетуге бар күшін салған, ақыл, айласымен басқарған Тайлақ батыр болды. Талай қазақтың шаңырағы ортасына түсіп, кейбір тұқымдар түп-тамырымен жоқ болып кеткен дәуірді толығынан зерттеп бағасын берген қазақтың маңдай алды тарихшыларының бірі — Мұхамеджан Тынышпаев болатын. Ол өзінің «Ақтабан шұбырынды» кітабында осы қырғынға баға беріп, көп оқиғаларды зерттеп кітапқа енгізген. Шығарманың 139-бетінде қырғынның бір көрінісін былай суреттейді: «… Джомарт батыр, обычно зимовал возле гор Улькен – тура и Кши – тура по р. Боролдаю (по левой стороне; между обоими «тура» в местности Теректы в речку Теректы впадает ручеек, называемый ныне «Садыр калмаган булак», т.е. ручеек, у которого застряли, т.е. окружены и перебиты садыры. В 1723 году здесь как раз и зимовал Джомарт батыр со своими 9 сыновьями… Все откочевали, и один Джомарт с сыновьями не тронулся с места и чуть ли не на другой день подвергся внезапному нападению калмыков. Нападение было, по-видимому, так неожиданно, что не оказалось наготове верховых лошадей (кастрированные могут переносит передвижения лишь дней 5-7) Очевидно, Джомарт со всеми домочадцами бежал вверх по ручейку и остановился у вертикальных стен гигантских скал Улькен-тура, где все и были перебиты. Предание говорит, что молодая женщина, жена одного из сыновей Джомарта, поспешна оставила в юрте двадцатипятидневного сына, закрыла его котлом, а сама спряталась в густых зарослях кустарника и камыша; только они и уцелели и в тот же день были увезены родственником Куат батыром, рискнувшим разведать о судьбе аула Джомарта».

Жомарт батырдың аулында болған оқиға, қазақтың барлық аулын шарпыды, жоңғарлар жолындағы қазақ елін түгел қырды. Ал Жомарт батырдың аулын мысалға алып отырған себебіміз, бұл Тайлақ батырдың қайын жұрты болатын. Аждаһадай аузын ашқан жау ешкімді аямады, Жетірудың арқа сүйер байы, биі, ақсақалы Тайлақтың әкесінің аулын қырғынға ұшыратып, өзін найзаға шаншып кетті. Бұның бәрін көзімен көрген Тайлақ, қасындағы Әбілқайыр досымен екеуі әкені жерлеп күңіренгеннен басқа ештеңе жасай алмады. Міне, осыдан бастап әр елге жаушы кетті, әр биік төбенің басына от жағылды, әр ру өздерінің батырлары бастаған қолдарын Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың қасына топтастырды. Хан сарайының маңында ел болып ақылдасып, бүкіл 29 рулы кіші жүздің атынан бас әскер басы болып Тайлақ батыр сайланды. Тайлақтың аты сол күндердің өзінде қазақ даласына аңыз болып кеткенін Әнуар Әлімжановтың «Жаушы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабынан анық білуге болады.

Қасірет төнген заманда батырлардың аты билерден жоғары сатыға көтерілгені белгілі, тіпті хандардың өздері атақты батырларға жол берген. Тарихтан белгілі, халық сарбаздары батырлардың жанына топталды, солардан үміт күтті. Табындарды бастаған Бөкенбай батыр, тамаларды бастаған Есет батыр, Жағалбайлыларды бастаған Сәрке батыр, жалпы Жетірудың барлық батырлары Тайлақ батырдың арқа сүйер күші болатын. Батырлығымен қолбасшыға сай ақылы, алғырлығы  Тайлақтың  басқа ру басшыларының алдында абыройы мықты екенін көрсетті, сендірді. Кіші жүздің әскері жоңғар мен Еділ бойының қалмақтары қосылып кетсе, қазақтың шырылдаған жаны шегіне жететінін білді, тез қимылдап бар күшін алға салып Жем, Елек, Қобда бойын қалмақтардан босатып, Жайықтың екінші бетіне қуып шықты. Әбілқайыр ханның басшылығымен бұл шабуылдарда жүрген қазақ әскерінің қолбасшысы Тайлақ батыр болатын. М. Тынышпаев «Ақтабан шұбырынды» кітабының 144-бетінде былай деп баяндайды:

«… Младшая Орда с честью три года воевала с калмыками, пока Тайлак-батыр (из Младшой Орды) с племянником Саурык батыром (Большая Орда, ошакты, род тас-журек) на берегах p.p. Буланты и Буленты (Юго-восточный угол Иргизск. уезда) и в местности Кара-Сиыр нанес калмыкам полное поражение; отсюда и место разгрома калмыков до сих пор известно под именем «Калмак-крылган» —  место гибели калмыков. Весть об этой блистательной победе моментально распространилась по степи, подняла упавший национальный дух и вызвала всеобщий энтузиазм и горячее желание отомстить врагу. На горячий взаимный призыв сбросить неверных калмыков, на отчаянную борьбу не на жизнь, а на смерть откликнулись сыны трех Алаша, затренировали лучших скакунов, перетянули султаном их челки, заплели в косички гривы, туго перетянули хвосты и с пиками, с айбалтами, с луками ринулись со всех концов степи, ведя победоносное наступления».

Қолжазбаларды дәл түсіну үшін сол күйінде беріп отырмын. Тайлақ батырдың үш жүздің жайсаңдарының Ұлы таудың басына жиналмастан бұрын Кіші жүз әскерінің басшысы болғанын, сол жүрген жерде жеңістің туы тігілгенін аңғарып отырмыз. Бұған қосымша Ұлы жүздің атақты батыры, «Аңырақай» соғысында Ұлы жүз әскерінің қолбасшысы болған Саурық батыр мен Тайлақ батыр нағашылы-жиенді екені анықталды. Халық аузында Саурық Тайлаққа жиен екен деген әңгіме бар. Сол дұрыс па деп ойлаймын. Бұл жаудың бетін ойсырата қайтарған шайқас 1724-1726 жылдары болғанын қай тарихты ашсаң да сайрап тұр. Даланы жаңғыртқан шулы хабарды алысымен Ұлы жүзді Саурық батыр барып көтерді, Орта жүзді атағы белгілі қанжығалы Бөгенбай батыр топтастырды, ал Тайлақ батыр кіші жүзден қол жинап дайындыққа кірісті. Қазаққа дабыл қағылып,  қару көтеретін ер адамның барлығы Ұлы таудың баурайына жиналды. Жан қиналғанда қазанның пұшпағына таласпай сұлтандар мен билер, тіпті тудың тұтқасын да мен ұстаймын деп дыбыс шығармады. Ұлы жүз қолының бас сардары Саурық батыр, Орта жүз қолының бас сардары қанжығалы Бөгенбай, Кіші жүз қолының бас сардары Тайлақ батыр ортаға шығып: «Ағайынның аманатын жерге қалдырсам, тұқым-теберіммен, әулет-зәузатыммен құрып кетейін. Арым — алашқа, қаным — қазаққа!» — деп ант су ішті, Құран ұстап ант берісті. Барлық қазақ қауымына басшы болып Кіші жүздің ханы Әбілқайыр сайланды.

Кіші жүз ханы Әбілқайыр орыс патшасының елшісі шығуына байланысты өз ордасын Ырғыз өзенінің маңындағы Майтөбе деген жерге орналастырды, Жетірудың мықтыларын қасына топтастырды. Ал жоңғарлар өз жөніне кете қоймады, басқалары тарқағанмен Кіші жүздің Тайлақ батыр мен Әбілқайыр ханның інісі Бұлғайыр сұлтан бастаған 70 000 қолы ұлт азаттық соғысты әрі жалғастырды.

«Тайлақ батыр кім, қай ұрпақтардан тараған?» деген сұрақтар туады.

Қазағымыздың түп қабырғасы, шежіреге үңілейік. Жетіру шежіресінде былай көрсетілген: «Тайлақ — аты алты алашқа белгілі, Кіші жүздің төбе биі Шеген бидің төртінші ұрпағы. Аты аңызға айналып, бүкіл Жалпақ Жағалбайлы еліне ұран болған Малатау батырдың немересі — Тайлақ батыр».

Мырзабай Жақсылықовтың «Жағалбайлы шежіресі» кітабының 57-бетінде Тайлақ батырдың әкесінің азан шақырып қойған аты Мамыр деп көрсетілген. Сонда Тайлақ Мамырұлы болып шығады. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8-томының 177-бетінде Тайлақ Мәтіұлы деп жазылған. Мамыр бабамыз Шеген би сияқты қазақтың атақты сұңқарының шөбересі екенін ескерсек, жастайынан тәрбие алып, білімнің ордасында өскен Мамыр бабамыздың билік құрып, Мәті би атануына шек келтіруге болмайды.

Батырдың өмірден өткен жылы туралы дәл дерек жоқ. Ұрпақтары құлпытасын тауып, зерттеуге беріп жатыр. Тайлақ батырдың жоңғарлармен соғыстан кейінгі өмірі туралы да толық мәлімет жоқ. Халық аузынан бізге жеткен аңыз әңгімелердің шындыққа ұласатын бір нұсқасы мынау:

«Жауды өкшелеп қуған Тайлақ батыр жоңғарлардың әбден тықырына жеткен болу керек, жекпе-жекте жеңе алмай, талай батырларынан айырылған жоңғар қонтайшылары Тайлақ батырдың басына бәс тігіп, аңдығанға ұқсайды. Бір ыңғайы келгенде аз әскермен қалған Тайлақ батырды көп адаммен қоршаған жоңғарлар батырдың көзін жоюдың амалын жасап бағады. Бұл амалдары толық іске аспағанмен, жараланған батырды қазақ сарбаздары кейін алып шығып, еліне жеткізген екен».

Міне, осыдан болу керек, Әбілқайыр хан орыс патшасымен бірнеше рет шартқа отырғанда бірде-бір құжатта ханның ең жақын досы, елдің маңдайына біткен атақты батыры Тайлақ жоқ. Одан соң болған қалмақтармен, орыс-казактармен және басқаларымен соғыстарда да Тайлақтың болмауы айтылған аңыз әңгіменің дұрыстығын дәлелдейтін сияқты.

Еліміздің іргесі сөгілмеуіне бар өмірін қиған, аяғынан тұрғаннан, көзін жұмғанша халқымыздың бостандығы үшін, қазақтың жоқ болып кетпеуі үшін соғыс өртінің ортасында жүрген Тайлақ бабамыз Батыс Қазақстан облысының, Сырым ауданына қарасты Жамбыл аулының жанында ескі қорымда бір төбешік болып жатыр. Қасында сынып жатқан құлпытасына қарап, асыл ұрпақтарына: «Мен мұнда жатып сендердің тілегіңді тілеймін, ендігісін өздерің біліңдер» деп жатыр-ау деген ойға кетесің.

Баянғали ҚҰЛТАЕВ.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. Баянғали ҚҰЛТАЕВ аға! Тарих қойнауынан мәлімет бергеніңіpге көп рахмет. Сізге өзім білетін мәліметтен ой қосқанды жөн көрдім. Анамның бір арманы еді, атасының тарих кітабына еніп кейінгі ұрпақтар ұмытпағанын о,дүниелік болғанша айтып кетіп еді. Сондықтан, мен тарихшы емеспин бірақ бұл мәлімет Арал ауданы Бөген елді мекенінен шыққан Кіші жуз Әлім атадан тараған менің туған нағашым Айдарбек аталығы Күлік,Берше, Ақпан аталығынан тараған Өтеғұл баласы Тайлақ ата дерегін беріп отырсыз. Сондықтан кей келтірген деректеріңізге күмәнім бар.
    Әбіш Кеілбаевтың «Үркер» кітабында інісі Танықта бейнеленеді. Екеуі де батыр болған. Тайлақ батырдың өмірде болғаны және ерлігі туралы деректер халық арасында бар. Елін, жерін жаудан қорғауда батырлығымен көзге түседі. Күлік аталығы Жаманкөз руының батыры Жәңке батырмен қатарлас өмір сүрген.
    Халық арасындағы ауыз әдебиеті бойынша таралған әңгіме негізінде, мынадай; «Жау тылында қарамағындағы әскерімен тынығып жатырғанда сатқындық жасалынып, жау шабады. Әскерін құтқарып кері шегіндіріп аман алып қалады да, жау ортасында қалған інісі Танықты құтқару жолында інісімен бірге қаза табады» деген деректер бар.
    Ел аузындағы деректерге сүйенсек бейіті Ақтөбе облысы, Темір ауданында. Кей деректерге сүйенсек Тайлақ ата сүйегі шекара тұсында қалған, нақты бейіті орналасқан жер белгісіз. Қалмақ соғысына қатысқан деген де деректер бар. Ол тарихтың еншісінде.
    Ә.Кекілбаевтың «Үркер» кітабында Тайлақ батыр, інісі Танық жөнінде мәліметтер келтіріледі. Өмір сүрген уақыты Әбілхайыр хан басқарған уақытқа сай келеді. Әбілхайыр ханның Арал маңы үлкен Қаратүптегі қысқы ордасында 1730 жылдар шамасында ерлігімен, алғырлығымен інісі Танықпен бірге қызмет етеді.

    Жұмабайқызы Разия анам менің Тайлақ есімді батыр атам бар, тарихта қалу керек деп отыратын.Тайлақ батыр жөнінде дерек беруші Тайлақ батыр баласы Мәжі аталығының ұрпағы Ахметов Абилбек Ілесерұлынан (Тасбөгет поселкесі Ғ.Мұратбаев №149 үй тұрғыны) шежіре алушы Жұмабайқызы Разиядан тараған жиені Балықбаева Гүлжан Төлепбергенқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Өміртіршілік қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» кафедрасының аға оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты
    Қызылорда қаласы, Арал ауданы, Бөген ауылының тұрғыны Әбдиев Тастыбай ағайдың шығарған өлеңі. Мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Ел аузынан естіген Тайлақ батыр туралы мәліметті өлеңге арқау еткен ұстазымыз биыл 2015ж дуние салды. Ұрпаққа із қалдырған ұстазымыз иманды болсын дей отыра, өлең жолдарын келтірдім. Тарих мәліметтерін зерделей отырып, шешімі болар деген ойдамын.
    ТАЙЛАҚ-ТАНЫҚ

    Айқасып «Борсық», «Шұбар» алабында,
    Дұшпанның бұзып талай қамалында;
    Тайлақтар мыңбасы боп шығады екен,
    Баяғы қалмақ қашқан заманында.

    Жігіттің болып небір сұңқарлары,
    Бес қару белдеуінде, тұлпарлары,
    «Жау шапты, аттан!»десе жүре берген,
    Тұрса да кеше түскен іңкәрлары.

    Күн туып, құба қалмақ қайта шапқан,
    Қара бұлт Орта жүзді қайта тапқан.
    Жоңғардың алға легі орға жетіп,
    Орта шеп Шұбар бетте тайталасқан.

    Сол сәтте жәрдем келіп Жаратқаннан,
    Жоңғарды Қытай шауып талап салған.
    Екі оттың ішіндегі қалмақта тек,
    Еділге жету деген талап қалған.

    Бітім боп екі жақты келісіммен,
    Қалмақтар кетер болды тегісімен.
    Тайлақтар жатқан екен тосқауылда,
    Тигізбей мал мен жанға егісімен.

    Өтті жау ұлы жолдың сарнауымен
    Ызалы өкінішпен, зарлауымен,
    Екпінді таудан аққан селдей болып
    Не тұрса, қарсы келген жалмауымен.

    Тайлақтар тосқауылда жатқан дейді,
    Ай бұлтқа тас қараңғы батқан дейді.
    Сол түні Еділ бетке өткен қалмақ
    Бұлардың үстін баса қашқан дейді.

    Көп қалмақ топан судай басқан дейді,
    Қаперсіз қазақтарың сасқан дейді.
    Жаяулап , айқай салып Тайлақ батыр
    Әскерін шегінуге қосқан дейді.

    Сайтандық, аярлыққа болған ұста
    Қашанда бастайды ғой былғанышқа,
    Тайлақтың табылмапты өз тұлпары,
    Шылбырын қиған біреу қызғаныштан.

    Біреу тұр бір ат қосып көкелеген,
    Мініп ап, Тайлақ батыр кете берген.
    Асығыс жаң-жұң айқай сұрамапты,
    Кім еді ол аты бар ма еді жетелеген?……

    Қазақтар сол кеткеннен кетіп болған,
    Тосқауыл төбесіне жетіп қалған.
    Қараса, соғысып жүр жалғыз жаяу,
    «О,кім?» деп Тайлақ батыр жетіп барған.

    Жаяуы – інісі екен қайран Танық,
    Сүйінді мәрттігіне қайран қалып.
    Қосынның ізіменен кету қайда,
    Ұмтылды арашаға айқай салып.

    Ұмтылды көп қалмаққа айқай салып,
    Әскер жоқ мерт болары айдан да анық.
    Қос батыр бірге туған аға-іні,
    Бірі атты, бірі жаяу Тайлақ-Танық.

    Кім білсін сарқылғанын тағат қанша,
    Кім білсін өткендігін сағат қанша?
    Жаралы бір қалмақтың айтуынша,
    Қос батыр беріспепті таң атқанша.

    Көп әскер өтіп жатқан таң атқанша,
    Мал мүлкін түгесерсің санап қанша?!
    Екеуін қоршауға алып босатпаған,
    Біле бер кеткендігін ағат қанша.

    … Еңіреп, соқтығысып сеңдей халық,
    Қараса, айтқан жерге жерлей барып,
    Қос батыр жатқан дейді бір төбеде,
    Өлсе де ел намысын бермей қалып.

  2. Тарихта Тайлақ ата есімді батыр ата көп екен. Мүмкін мен өз нағашы атам туралы ой қосқан болармын. Сонау «Ақтабан шұбырынды» заманында біздер, келешек ұрпақ үшін жанын пида еткен ата-бабалар, қас батырлар иманды болып, рухтары жәй тауып, жандары жәннәтта болсын. Қай батыр ата болмасын құран бағыштай жүрейік. Біздің айтар алғысымыз тек құраннан қалдырмау деп білемін. Өзімнің жеке пікірім.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button