Спорт

Ең ерекше есеп «Ақтөбе»-«Ордабасы» — 4:4

Премьер-Лига

Чемпионат басталғалы ақтөбеліктер бір ойында 4 гол соғып көрген жоқ болатын, сол сияқты шымкенттіктер де биыл қақпаларына бір кездесуде 4 доп енгізіп көрген жоқ еді. Қалай болғанда да, Ақтөбеде сенбі күні өткен ойын жанкүйерлердің жүйкесін сынға салған ең ерекше есеппен аяқталды.

Ең әуелі «Ақтөбе» гол соғуы тиіс еді. Марат Ситдиковтың айып алаңына тамаша тастаған добын, әттең, Асланбек Кәкімов қақпадан асыра теуіп жіберді. Одан соң Алексей Щеткиннің соққан добын шымкенттік қақпашы қақшып түсті. Бұрыштама допты да қонақтар әупіріммен қайтарды. Сөйтіп жүргенде 16-минутта, қарымта шабуыл сәтінде Отар Марцваладзе біздің екі қорғаушыны қапы қалдырып, нысананы дәл көздеді: 0:1.
Алаң иелері аса абыржыған жоқ, ештеңе болмағандай шабуылды үдете түсті. 39-минутта Игорь Бойчук бастаған қарымта қарқынды Асланбек дереу голға айналдыра жаздады, бірақ тәжірибелі қақпашы Сергей Бойченко алдана қоймады, дегенмен Асланбек жантая құлаған күйі Алексей Щеткинге пас тастап үлгерді де, ақтөбелік шабуылшы мүмкіндікті қалт жіберген жоқ — 1:1.
Әрине, қонақтар да қарап қалғысы келмейтіні белгілі еді. Әйтсе де бірінші таймның соңғы сәтін тағы да ақтөбеліктер өз пайдасына шешті. А.Щеткин бастаған, И.Бойчук жалғастырған, бірақ айып алаңына кіреберісте үзіліп қалған шабуылды Асланбек нәтижеге айналдырды, алдына келе қалған допты қиялай теуіп қақпашыны қапы қалдырды — 2:1.
Ал екінші таймда төреші Бағдат Абдуллаев «Ақтөбенің» қақпасына екі рет күмәнді пенальти белгіледі де, 57,77-минуттарда екеуін де Александр Гейнрих голға айналдырды. Біріншісінде біздің ойыншы шымкенттік ойыншыны құлатқан болып шықты, екіншісінде біздің футболшы қолмен ойнаған болып табылды. Бұл жайтты бейнежазба арқылы көріп, тиісті футбол шенеуніктері нақты бағасын бере жатар, дегенмен есеп төрешінің қалауымен солайша өзгертілді, әуелі — 2:2, сосын — 2:3.
Уақыт зырлап өтіп бара жатты. Әйтсе де ақтөбеліктер тіпті де жүнжіп қалған жоқ. 84-минутта А.Щеткин допты Жалмұқанға тастады, ал Жалмұқан оны Виктор Крюковқа лып еткізіп жеткізіе қойды да, Виктордың соққысынан соң доп жібек торда тулап жатты — 3:3.
Осыдан төрт минут шамасы өткен соң «Ақтөбе» тағы да алға шықты. Бұл ретте Никита Бочаровтың шеберлігіне қол соқпасқа амал кем. Әуелі Ренат Абдуллинді, одан соң Бақдәулет Қожабаевты алаңға енді шыққан жас балаларша алдап өтіп, жер соқтырған Никита қарсыластар қақпасынан жарты метр жерде жүрген Алексей Щеткиннің алдына допты қолмен қойғандай етіп тастады, Алексей, әрине, мүлт кетпеді — 4:3.
Әттең, төреші 90-минутқа соншама мырзалықпен қосқан 5 минут «Ордабасыға» көмектесті. Ақтөбеліктер тағы бір гол енгізіп алды — 4:4.

Екі рет жеңіліп жатып, екі рет қайтадан үстемдік құрған, екі пенальтиден де жасымаған жерлестеріміздің бұл ойындағы ерік-жігеріне тек ризашылық білдірген жөн.
«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 4:4
Гол авторлары: Отар Марцваладзе, 16-минут (0:1); Алексей Щеткин, 39-минут (1:1); Асланбек Кәкімов, 45+1 минут (2:1); Александр Гейнрих, пенальти, 57-минут (2:2); Александр Гейнрих, пенальти, 77-минут (2:3); Виктор Крюков, 84-минут (3:3); Алексей Щеткин, 88-минут (4:3); Александр Гейнрих, 90+5 минут (4:4).

Ескерту қағазын алғандар: В.Крюков, 77-минут; Ә.Әбдукәрімов, 79-минут («Ақтөбе») — А.Гейнрих, 55-минут («Ордабасы»).

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев (капитан), Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров, Вук Митошевич (Сандро Цвейба, 66-минут), Асланбек Кәкімов (Дидар Жалмұқан, 46-минут), Виктор Крюков, Кирилл Шестаков, Алексей Щеткин, Игорь Бойчук (Әбілхан Әбдікәрімов, 46-минут), Саят Жумағали.

«Ордабасы»: Сергей Бойченко, Александр Гейнрих, Абдулай Диакате, Александр Симчевич, Отар Марцваладзе, Гогита Гогуа (Еркебұлан Тұңғышбаев, 53-минут), Қайрат Әшірбеков (Доминик Чатто, 46-минут), Мұхтар Мұхтаров (Ренат Абдулин, 53-минут), Мардан Төлебек, Бақдәулет Қожабаев, Самат Смақов (капитан).

13 тамыз. Ақтөбе. Қобыланды батыр атындағы орталық стадион. 5150 адам.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Астана» — «Ертіс» 3:0

Гол авторлары: Юрий Логвиненко, 11-минут (1:0); Жуниор Кабананга, 32-минут (2:0); Джордже Деспотович, 90-минут (3:0).

«Оқжетпес»-«Қайрат» — 1:3

Гол авторлары: Бауыржан Исламхан, пенальти, 17-минут (0:1), Николас Каналес, 45+2 минут (1:1); Исаэль, 55-минут (1:2); Герсон Асеведо, 90+4 минут (1:3).

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Дидар Жалмұқан — 5 гол (екеуі — он бір метрлік айып добы);

Самат Смақов — 5 (4);

Никита Бочаров — 4;

Алексей Щеткин — 3;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Асланбек Кәкімов — 2;

Бобир Давлатов — 1;

Сандро Цвейба — 1;

Кирилл Шестаков — 1;

Дмитрий Голубов — 1;

Лассина Дао — 1;

Виктор Крюков — 1.

«Ақтөбе» өз алаңымызда 12 кездесу өткізіп, 5 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 17:17. Ұпай — 19. Сырт алаңда 11 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 4 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 10:19. Ұпай — 10.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

1-6 ОРЫНДАР

1.Астана      23       18       2          3          37-14    56

2.Қайрат      23        15       4          4          53-23    49

3.Ертіс          23       12       5          6          37-21    41

4.Оқжетпес  23       11       4          8          34-26    37

5.Ордабасы 23        9         7          7          30-31    34

6.Ақтөбе       23        7         8          8          27-36   29

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*   *   *

20 тамыз, сенбі  күні өтетін 24-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда алматылық «Қайратты» қабылдайды.

Басқа турлар:

«Ертіс» (Павлодар) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Астана» (Астана) — «Ордабасы» (Шымкент)

 

Үш кездесуде екі гол соғылды

7-12 орындардағы командалар арасында 14 тамыз, жексенбі күні өткен кездесулер төмендегідей есеппен аяқталды:

«Шахтер»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Деслей Уббник, 66-минут (1:0).

«Ақжайық»-«Жетісу» — 1:0

Гол авторы: Мирослав Лечич, пенальти, 60-минут (1:0).

90+5 минутта екінші рет ескерту қағазын алған Тоқтар Жаңғылышбай («Жетісу») жасыл алаңнан қуылды.

«Тобыл»-«Атырау» — 0:0

85-минутта ойын ережелерін өрескел бұзғандары үшін Виктор Дмитренко (Тобыл») мен Вячеслав Шарпар («Атырау») жасыл алаңнан қуылды.

*   *    *

Бұл топта 7-8-орындарда 29 ұпайдан жинаған «Тобыл» мен «Атырау» командалары тұр.

9-орын иесі — 24 ұпайы бар «Шахтер».

23 ұпай жинаған «Жетісу» 10-орында тұр.

«Тараз» 19 ұпаймен, «Ақжайық» 14 ұпаймен 11-12-орындарда келе жатыр.

*  *   *

21 тамыз, жексенбі күні өтетін 24-тур кездесулері:

«Тараз» (Тараз) — «Атырау» (Атырау)
«Жетісу» (Талдықорған) — «Тобыл» (Қостанай)
«Шахтер» (Қарағанды) — «Ақжайық» (Орал)

 

23-турдың нәтижелері

3-4-турлардағы секілді бұл 23-турда да 17 гол соғылды.

Алаң иелері 10 гол соқса, қонақтар 7 доп өткізді.

3 кездесуде алаң иелері, 1 ойында қонақтар жеңді, 2 кездесу тең есеппен аяқталды.

Үш гол ойынның соңғы сәттерінде, 90; 90+4; 90+5 минуттарда соғылды.

Бір ірі есеп нәтижесі (3:0) тіркелді.

Шапшаң гол авторлары — Юрий Логвиненко, 11-минут  («Астана»); Отар Марцваладзе, 16-минут («Ордабасы»); Бауыржан Исламхан, пенальти, 17-минут («Қайрат»).

Бір ойында Александр Гейнрих («Ордабасы») үш гол; Алексей Щеткин («Ақтөбе») екі гол соқты.

Үш футболшы жасыл алаңнан қуылды.

4 пенальти орындалды.

Чемпионат басталғалы 4:4 есебі алғаш рет тіркелді.

Мергендер көшінің басында 15 гол соққан Жерар Гоу («Қайрат») тұр.

Чемпионат басталғалы 138 кездесу өтті. 67 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 41 тайталаста қонақтар басым түсті, 30 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 335 гол соғылды (алаң иелері — 185, қонақтар — 150), сөйтіп әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,42 гол енді.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button