Ауыл

Өзен жағасы — өзгеше тірлік

Мемлекеттік бағдарлама

Қобда өзенінің суын ауданның шаруа қожалықтары тиімді пайдаланып отыр. Бірі өзен жағасына көкөніс ексе, енді бірі бадана мен асбұршақ егуді қолға алыпты. Ауданда ұйымдастырған баспасөз туры кезінде бірқатар шаруа қожалықтарының жұмысымен таныстық.

 

Субсидия және су

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен Талдысай ауылының маңындағы «Жандос» шаруашылығының жұмысын көрді. Шаруашылық иесі Алтынбай Сакиев көкөніс егуді осыдан екі жыл бұрын бастапты. Өткен жылы 15 гектар жерге картоп ексе, биыл қияр, қызанақ, қарбыз секілді көкөніс түрлерін де қоса салыпты. Тұқымды Ресейден әкелген.

Өнімнің шығымы жақсы. Қазір қияр, қызанақтарды жинап алып, сатып жатырмыз. Ақтөбедегі «Табыс» базары мен аудан орталықтарындағы сауда нүктелеріне  апарамын.

Су болса көкөніс егуде ешқандай қиындық жоқ. Егер тамшылатып суару сияқты, су әкелудің тиімді жолы болса, тіпті қиналмай жұмыс істеуге болады. Қазір суды Қобда өзенінен мотор арқылы алып отырмыз. Жұмыстың барлығы қолмен атқарылады. Ал тамшылатып суарудың қажетті құралдары өте қымбат. Біз секілді қарапайым шаруаның қалтасы көтермейді. Егер осындай  құрал болса, тіпті жақсы болар еді,  — дейді шаруашылық басшысы.

Қазір бұл жерде Алтынбайдың ағайын-туыстары еңбек етеді. Былтыр әр гектарына елу мың теңге субсидия алған.

 

Түйеқұстың балапандары

Талдысай ауылынан шықан соң баспасөз турына қатысушылар  тарихи түп-төркіні Африка құрлығынан өрбитін түйеқұстың балапандарын әкеліп, бағып отырған Әлия ауылының тұрғыны Сайлау Матаевтың үйіне барды.

Көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсты облысқа  бірінші болып әкелген азаматтың ауласында  қазір 20 балапан жайылып жүр. Сайлау Матаев балапандарды Ресейдің Самара қаласынан әрбіреуін 68 мың теңгеден сатып алыпты. Ондағы фермерлерден бұл құсты күтіп-баптаудың қыр-сырын үйреніп алған.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы арқылы мемлекеттен аз пайызбен 1 миллион 700 мың теңге көлемінде несие алдым. Бұл қаржы құсты сатып алуға, әкелуге жұмсалды. Болашақта қора салып, шаруашылықты одан әрі кеңейткім келеді, — дейді Сайлау Матаев.

Балапандар қазір өсіп қалыпты. Біреуінің салмағы — 3-4 келі, бойы 20 сантиметр болады. Сайлаудың айтуынша, түйеқұстың балапандары күтімді қажет етпейді. Жем-суы уақытында беріліп отырса, кәдімгі тауықтың балапандарындай жүре береді. Орамжапырақ секілді көкөністерді де жей береді.  Әсіресе, жоңышқаны сүйсініп жейді. Қазір Сайлау Ақтөбеден құстарға арналған арнайы жем алдырып береді. Бұл балапандардың тез жетілуіне жақсы. Сондай-ақ бұл құстың еті — диеталық тағам. Құрамында холестерин жоқ. Сондықтан дамыған елдерде спортшыларға түйеқұстың еті беріледі екен. Жұмыртқасының да денсаулыққа пайдасы көп.

Сайлау Матаев құстар жетіліп кетсе, әрі қарай етін өндіріп, сатуды көздейді. Тек қана еті емес, терісі, тұяғы, тұмсығы — бәрі пайдаға асады.

Түйеқұстың балапандары көп шуды жақсы көрмейді. Күтімі жақсы болса, бір  маусымда 30-40 жұмыртқа береді.

Журналистер таңсық құсты тамашалап, суретке түсірді.

 

Бадана, асбұршақ, жасымық… жайқалып тұр

Бұдан кейінгі сапар Ақырап ауылында жалғасты. Ауылдан әрі қарай 18 шақырым жердегі «Құттығай» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Бұл шаруашылыққа облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев те барды.  Қожалық  басшысы Талғат Шалимов облыста алғаш рет дәнді дақыл тұқымдасына жататын  бадана (фасоль), асбұршақ (горох), жасымық ( чечевица),  үрмебұршақ (маш) егуді қолға алыпты. Тұқымды Өзбекстаннан сатып алған. Сол жақтағы мамандардан дәнді дақылды қалай егіп, күтуді үйреніп келген. Қазір егіс басында өзбекстандық екі маман жүр.

Бұл жолғы салынған егінді тек қана тұқымдық мақсатқа пайдаланамыз.  Себебі тұқым қымбат. Бір тоннасы — 180 мың теңге. Сондықтан биыл тұқымдық өнімді алсақ, келер жылдан бастап негізгі өнім алу үшін еңбектенеміз. Жалпы бұл дәнді дақылды Иран секілді Орта Азия елдері жиі тұтынады. Егер өнім бітік шығып жатса, келер жылы Қазақстаннан бөлек, шет елдерге де экспорттауға болады, — дейді Талғат Шалимов.

Қобданың ауа-райы өнімнің өсуіне қолайлы. Қазір жапырақтары жайқалып, өсіп тұр. Суды Қобда өзенінен алып отыр. Мотормен тартылған су қазылған арық бойымен жүйелерді жағалап, құйылады.

Шаруашылық басшысы өнімді қыркүйек айының ортасына таман жинайтынын айтты. Егер биыл жоспар ойдағыдай орындалса, келер жылы жер көлемін 300 гектарға дейін ұлғайтуды көздейді. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев барлық шаруаны өз қаржысына тындырған азаматтың жұмысына оң баға берді. Мемлекеттен  субсидия беру жағын қарастыратынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button