Спорт

Фархад Харки — қола жүлдегер

Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға Ақтөбеден аттанған екі спортшының бірі — Фархад Харки қола медальға ие болды.

Фархад 62 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 305 килограмм (135 кг+170 кг) көтерді. Бұл — колумбиялық Оскар Фигероа (318 кг) мен индонезиялық Юли Ираван Эконың (312 кг) көрсеткішінен кейінгі үшінші нәтиже.

Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни Риода жүрген қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Фархад Харкидің Олимпиада алдында 69 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткенін, ал Олимпиадаға барар алдында, бапкерлер өтініші бойынша, біраз салмақ түсіргенін атап өтті. Спортшыға жарыс алдында салмақ қуу тіпті де оңайға соқпайды, ағза әлсірейді. Дегенмен, Алексей Нидің айтуынша, Фархад өзінің ерік-жігері, табандылығы арқасында Олимпиада медалін иемденді.

 

Олимпиада жүлдесі бар!

Риодағы ХХХІ жазғы Ойындардың үшінші күнінде зілтемірші Фархад Харки қола жүлдеге ие болғаны белгілі. Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда Фархад Харкидің осы жетістігіне арналған акция ұйымдастырылды.

Шараға ақтөбелік спортшылар, спорт саласының ардагерлері, қарапайым тұрғындар қатысты. Жиналғандар алдында КСРО спорт шебері, ауыр атлетші Бауыржан Ізғарин, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асылбек Құлмағамбетов, ардагер спортшы, Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Кореньков құттықтау сөз сөйледі.

Облыстық олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Айнұр Исмаилова өз лебізін былай деп жіткізді:

— Фархад Харки 2011 жылдан бері Ерболат Қашпаевтың жетекшілігімен біздің орталықта жаттығып келеді. Ол — өте табанды, еңбекқор спортшы. Республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жоғары нәтижелер көрсетті.

Айнұр Исмаилова бұл қола жүлденің тегіннен-тегін келмегенін, үлкен еңбектің жемісі екенін атап өтті:

— Спортшымыз Олимпиадаға тыңғылықты дайындалды, көп тер төгілді, оған жан-жақты ақыл-кеңес берілді, сондықтан бұл біз үшін күтпеген қуаныш болды деп айта алмаймын. Фархад енді 2020 жылғы Токио Олимпиадасына да қатысуды жоспарлап отыр, — деді ол.

Облыстық футбол ассоциациясының бас хатшысы Асхат Қалжанов:

— Фархад Харкидің қола жүлдесі — біздің облыс үшін соңғы төрт Олимпиададағы алғашқы жүлде. Бұған ерекше қуандық. Отандастарымыздың Риодағы әр жүлдесі бізге қымбат, қазақстандық спортшыларға жанкүйер болып, олардың жарыстарын жібермей қарап жүрміз, — деді.

Фархад Харки Риодан Ақтөбеге тамыздың 20-ларына қарай келеді деп күтіліп отыр.

 

Каринаның қоласы

Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың алғашқы бес күні артта қалды.

Бастапқы төрт күн қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында 1 күміс, 3 қола медаль бар. Осы нәтижемен жалпы есепте 30-орынға іліктік.

Алғашқы күні дзюдошыларымыздың 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізгенін оқырмандарымызға хабарлаған едік. Екінші күн медальсыз өтті. Ал үшінші күні ауыр атлет Фархад Харки қола медаль алды.

Ол туралы аз-кем дерек бере кетер болсақ, жасы — 24-те. Ұлты — дүнген. Спорт әліппесін Қытай елінде үйренген. 2008 жылы Қазақстанға келіпті. 2011 жылдан бері жарыстарға Ақтөбе өңірі атынан шығады. 2012 жылы Қазақстан чемпионы атанды. 2013 жылы Азия чемпионатында күміс медаль алды. Биылғы жылы да Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті.

Фархадтан кейін тағы бір ауыр атлетіміз — Карина Горичева да қола жүлде иемденді. Карина Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2014 жылы Алматыда, 2015 жылы Хюстонда өткен әлем чемпионаттарында өнер көрсетті. Әлем біріншіліктерінде бесінші-алтыншы орындардан көрінді. Жас спортшы үшін бұл — жақсы жетістік. Сондықтан ұлттық құрама бапкерлері оны Олимпиада алдында допинг дауына іліккен Майя Манезаның орнына Риоға апарды.

Карина 63 кг салмақ дәрежесінде жарысқа шықты.  Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 243 килограмм көтерді. Бұл салмақта алтын қытай қызы Дэн Вэйге (262 кг) бұйырды, ал екінші орынды   кореялық Хё Сим Чхве (248 кг) иемденді.

Естеріңізде болса, 2012 жылы Лондонда осы салмақта Майя Манеза Олимпиада чемпионы атанған еді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 245 килограмм көтерген болатын.

Жарыстан кейін Карина өзінің жарақатына байланысты ойдағыдай өнер көрсете алмағанына қынжылатынын, бірақ Олимпиаданың қола медалін үлкен жетістік деп санайтынын жеткізген. Енді ол 69 кг салмақ дәрежесіне көтеріліп, аз демалыстан кейін Токио Олимпиадасына әзірлікке кіріспек.

Басқа спортшыларымызға келсек, жүзгіш Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуден финалға жолдама алды. Жартылай финалда ол төртінші нәтиже көрсетті. Финал бүгін таңертеңгілік өтті. (Риода енді ғана таң атқан шақта бізде күн кешкіреді. Өкінішке қарай, арадағы уақыт айырмашылығы Олимпиададағы жарыстар қорытындыларын оқырмандарымызға дер кезінде хабарлауға мүмкіндік бермейді.)

Кеше, сондай-ақ, екі бірдей ауыр атлетшіміз жарыс жолына шықты: Жазира Жаппарқұл (69 кг) мен Ниджат Рахимов (77 кг). Екеуі де — Хьюстонда өткен соңғы әлем біріншілігінде жақсы өнер көрсеткен спортшылар: Жазира күміс медаль алды, ал Ниджат әлем чемпионы атанды. Ниджат бұрын Әзірбайжан атынан шыққан, біздің елге 2014 жылы келді.

 

Үш боксшы келесі айналымға өтті

Рио рингінде әзірге төрт қана боксшымызды көрдік.

Олардың бірі — Берік Әбдірахмановтың жарыс жолынан шығып қалғаны жөнінде бұдан бұрын хабарладық. Беріктің жеңілісін бапкерлер: «Қарсыласын бағаламаудан болды» — деп түсіндірді.

Ал басқа үш боксшымыз жанкүйерлерді жарқын өнерлерімен қуантты.

49 кг салмақ дәрежесінде Риода ұлттық бокс құрамасының ардагері Біржан Жақыпов өнер көрсетіп жатыр. Біржан — ұлттық бокс құрамасының ардагері, құрама сапында ол 2005 жылдан бері жүр. Әзірге үш бірдей Олимпиадаға барған қазақтың жалғыз боксшысы. Жасы 32-де. 2005 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, 2013 жылы елімізде өткен әлем біріншілігінде алтын медаль иемденді. Пекин Олимпиадасында да, Лондон Олимпиадасында да Біржанның жолына қытайлық Зу Шимин бөгет болды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов өте еңбекқор, шеберлігі әбден кемеліне келген Біржанға үлкен үміт артып отыр. Біржан бұл жолы Олимпиаданы екінші айналымнан бастап, алғашқы жекпе-жегінде намибиялық Маттиас Хамуньелді жеңді. Африкалық боксшы десе, әдетте, оңай қарсылас секілді көреміз. Дегенмен, Маттиас Хамуньел алғашқы айгалымда әзірбайжандық Руфат Хусеиновты жарыс жолынан шығарған екен. Тәжірибелі Біржан одан айласын асыра білді. Оның ендігі қарсыласы — өзбек Хасанбой Досматов. Біржан мен Хасанбой арасындағы жекпе-жек бүгін түнде өтеді.

Тіл-көзден сақтасын, 75 кг салмақ дәрежесіндегі боксшымыз — Жәнібек Әлімханұлының алғашқы жекпе-жегін көрген барша жанкүйерлер оның Олимпиадаға қаншалықты тыңғылықты дайындалғанына көз жеткізді. Ресей спорттық арналарының шолушылары да Жәнібек Әлімханұлының шеберлігін ерекше атап өтті. Оның алғашқы қарсыласы — британдық Энтони Фаулер болған еді. Британдық спорт журналистері Жәнібек жайлы «кәсіпқой деңгейдегі боксшы» — деген пікір білдіріпті.

Жәнібек енді ширек финалда алжирлік Ильяс Аббадимен жұдырық түйістіреді. Бұл жекпе-жек 12 тамызда өтеді.

91 кг салмақ дәрежесіндегі боксшымыз — Василий Левит өзінің Риодағы алғашқы жекпе-жегін қытайлық Юй Фенгкайға қарсы өткізді. Жекпе-жек небәрі екі раундқа созылып, Василийдің жеңісімен аяқталды. Қытай бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Левиттің ендігі қарсыласы — маврикиялық Кеннеди Сен-Пьерра.

Олжас Сәттібаев, Қайрат Ерәлиев, Абылайхан Жүсіпов, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко сынды боксшыларымыз Риода әзірге рингке шықпағанын жоғарыда айттық. Негізі, бұл жол қазақ боксшылары Олимпиада толық құраммен барды. Қазақстан — бокстан Олимпиадаға толық құрамда барған санаулы ғана елдердің бірі.

Индира Жаймағамбетова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button