Спорт

Екі медальмен бастадық

Риода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиаданың үш күні артта қалды. Алғашқы күні қоржынымызға бір күміс, бір қола түсті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Өткен Олимпиадаға дзюдошыларымыз 9 жолдамамен барып, бірде-бір жүлде ала алмай қайтқан еді. Ал биылғы Ойындар олар үшін сәтті басталды: бірінші күні жарысқа шыққан екі балуанның екеуі де жүлдеге ілікті.

60 кг салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов финалға дейін жетті. Финалда ол ресейлік Беслан Мудрановқа есе жіберіп алды. Әлем чемпионы атағына қол жеткізген, Олимпиадаға тыңғылықты дайындалған Елдостан біз алтын күткен едік. Өкінішке қарай, жартылай финалдағы жекпе-жекте жарақат алып қалды да, күмісті қанағат етуіне тура келді. Елдос алдағы қыркүйекте 24 жасқа толады. Алла қаласа, Олимпиада алтынына қол созуына әлі де мүмкіндігі бар.

Ал қола жүлдені қоржынымызға Моңғолиядан келген спортшы — Отгонцэцэг Галбадрах салды. Ол 48 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ширек финалда жапониялық қарсыласынан ұтылып қалған Отгонцэцэг қола медаль үшін болған жекпе-жекте кубалық Даярес Альваресті иппонмен жеңді.

Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздың аудармасы бойынша, «отгон» — кенже, «цэцэг» — гүл дегенді білдіреді екен. Сөйтіп, соңғы күндері әлеуметтік желілерде моңғол қызы Кенжегүл атанып кетті.

Алғашқы күннің үлкен өкініші — 60 кг салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Берік Әбдірахманов жарыс жолынан шығып қалды. Ол АҚШ боксшысы Карлос Бальдерастан жеңілді.

Бірінші күні өнер көрсеткен басқа спортшыларымыздың арасында ауыр атлет Маргарита Елисееваның (48 кг)  — 5-орынға ие болғанын, ал велошабандоз Андрей Зейцтің топтық жарыста сегізінші нәтиже көрсеткенін атай кету керек.

Олимпиаданың екінші күні жарыс жолына жүзгіш Дмитрий Баландин (финал), ауыр атлет Арли Чонтей, дзюдошы Жансай Смағұлов, теннисшілеріміз, т.б. шықты. Бұлардың арасында ең тәуір нәтиже көрсеткендер — Дмитрий Баландин (8-орын) мен Арли Чонтей (4-орын) болды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button