Спорт

Олимпиадаға жолданған сәлем

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашылары «Рио-2016» олимпиадасына қатысушыларға өз тілектерін білдірді.

Қашанда ел мақтаныштарын өзгелерге  насихаттауда үлкен шаруа атқарып жүрген кітапханашылар бұл жолы да қарап қалған жоқ. Әрине, мектеп оқушылары жазғы демалыста болғандықтан, балаларды жинап, іс-шара өткізу оңай емес. Соған қарамастан Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашылары журналкроссинг ұйымдастырып, саябақта кешкілік демалып отырған қала тұрғындары мен қонақтарға біздің спортшыларымыз туралы мәліметтер берді, спортшылар туралы жазылған басылымдар мен кітаптарды тұрғындарға таратты. Көзі нашар көретін қарттарға олимпиадаға қатысушы жастар  туралы жазылған мәліметтер мен ақпараттарды оқып берді.

Сондай-ақ, «Рио-2016» олимпиадасына қатысушыларға жалынды сәлем жолдады. «Рио-2016 олимпиадасына қатысушыларға сәлем!» деп жазылған плакатты алып, саябақтар мен қала тұрғындары жиі жүретін көшелерді аралады.

— Бүгінде аналарымыз тақымын қысып, әкелеріміз намысын қайрап отырған шығар. Себебі, ұлт намысын қорғайтын әрбір қазақ спортшысы үшін бәріміз де жауапты екенімізді сезінуіміз керек. Сол себептен біздің ұжым кітапханаға келген әрбір оқырмандарға да, көшедегі қарапайым халыққа да қазақ үшін жанкүйер болуымыздың маңызы зор екенін үнемі айтып отырады, — дейді кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина.

Жаз мезгілін кітапханашылар толығымен қазақ спортына арнап отыр. Олимпиада басталғанша кітапханашылар лагерьлер мен балабақшаларда, спорт мектептері мен үйірмелерде балалар арасында спорттық жарыстар өткізді. Жеңімпаз болған балалардың кеудесіне медаль тағып, болашақта мықты спортшы болуға үндеді. Ал, олимпиадаға қатысушыларға жолданған сәлем — осы жазғы спорттық шаралардың жалғасы.

Спорттық үлгідегі жеңіл киіммен көшеге шыққан кітапханашылар «Қазақ спорты, алға!», «Ел намысы — біздің айбарымыз» деген ұрандар айтты.

Ел тілегі қабыл болып, спортшыларымыз тек жеңіс тұғырынан көрінсін!

Айнұр НЕРМИЕВА,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button