Жастар

«Кореяның үйретері көп…»

«Болашақтың» түлегі

2012 жылдан бастап қазақстандық дәрігерлер мен мұғалімдер, «Болашақ» бағдарламасы аясында, тәжірибесін жетілдіру үшін шетелдерге баруға мүмкіндік алды.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелдегі әріптестерінің тәжірибесімен танысып келгендер қатарында Ақтөбедегі «Әйгерім» сұлулық және денсаулық клиникасының гинеколог-дәрігері Айгүл Ерғалиева бар.

Айгүл еңбек жолын 1988 жылы бастаған. Соңғы жылдары Ақтөбедегі жеке клиникаларда еңбек етіп жүр. Білікті дәрігер ретінде оны ақтөбеліктер ғана емес, Маңғыстау, Атырау өңірлері де таниды, күн сайын іздеп келіп жатады.

— «Болашақ» бағдарламасының мүмкіндіктерін біз жастарға ғана тиесілі деп ойлайтын едік қой. Дәрігерлер мен мұғалімдерге де шетелде тағлымдамадан өтуге болатынын естігенде, мұны көкейіме түйіп қойдым. Ал былтыр осы мүмкіндікті пайдаланып көруге талпыныс жасайын деп шештім. Бағдарлама мүмкіндігін пайдаланғысы келетіндер қатары көп, бірнеше сынақтан өтесің. Мұны айтып отырған себебім, конкурс барысында қазақ тілін жетік білу талап етіледі екен. Мен кезінде Ақтөбе қаласындағы жалғыз қазақ мектебінде — «Спутник» ауданында орналасқан №21 мектепте оқығанмын. Ата-анамның қалауы солай болған еді. Ал медицина саласында орыс тілінің мерейі үстем. Қазақ тілінен сынақ кезінде көптеген әріптестерім қатты қиналды. Мен оп-оңай өттім. Қазақша оқығанымның пайдасы тиді. Сонда әкем Есенғали мен анам Қуандық есіме түсіп, «бұл маған сол кісілердің жасаған жақсылығы ғой» — деп, қатты толқыдым. «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәжірибе жетілдіру сапарым осындай бір толқулы сәттерден басталды, — деп еске алды Айгүл.

Ол Оңтүстік Корея елінің Сеул, Сувон қалаларындағы клиникаларда үш ай бойы  тәжірибе жинақтаған. Оңтүстік Корея — медицина жүйесінің дамуы бойынша әлемде ең алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі. Емдеу мекемелері қазіргі заманғы ең озық құрал, қондырғылармен жабдықталған.

— Заманға сай, озық құрал-жабдықтар қазір біздегі медициналық мекемелерге де келіп жатыр. Мені ол жағынан гөрі, емделушілер мен дәрігерлер арасындағы сый-құрметке ғана негізделген қарым-қатынас көбірек қызықтырды. Оңтүстік Кореяда дәрігерлер ең жоғары жалақы алатындар қатарында екен. Ал жұрты дәрігерге ең бір құрметті адам ретінде қарайды. Осы жағдайлар күш-қайрат беретін болса керек, ол жақтағы дәрігерлердің бойынан нық сенім байқалып тұрады, — дейді Айгүл.

Сонымен қатар, ол кореялықтардың өз денсаулықтарына жоғары жауапкершілікпен қарайтынына да қатты қызығыпты.

— Мен — медицина саласында 28 жыл бойы үзбей еңбек етіп келе жатқан жанмын. Күніне, орта есеппен, 20 адамға дейін қарап, науқасын анықтап, емдеймін. Бізге әдетте науқастар дертін әбден асқындырып алып барып келеді. Асқынған дертті емдеп-жазу өте қиын. Дегенмен, «шегінерге жол жоқ» сәтке дейін жүре беру үйреншікті жайтқа айналған. Ал Кореяда мүлде басқаша: онда әр адам өз денсаулығы үшін басты жауапты тұлға өзіммін деп біледі, денсаулығын күтеді, қандай да бір сырқат белгісі сезілсе, дәрігерге ертерек қаралып, дертті асқындырып алмаудың амалын жасайды. Бір сөзбен айтқанда, «Денсаулығым — өз қолымда» деген ұғым кореялықтардың санасына мықтап бекіген, тап бір қанға сіңген қасиет секілді болып кеткен. Ең алдымен — адамның өзі, сонымен қатар, оны емдейтін дәрігер үшін де бұл қаншалықты маңызды екенін мен сол жерде айқын сезіндім. Әрине, осы мазмұндағы әңгіме, аурудың алдын алу жайлы бізде  де айтылады, Дүниежүзілік денсаулық ұйымы тарапынан жасалған, адамның денсаулығы 50 пайыз жағдайда — өз қолында, ал медицинаның ықпалы 10 пайыздан аспайтыны жайлы тұжырым да баршамызға белгілі. Алайда, бізде соның бәрі тек қана сөз секілді қабылданады. Оны іс жүзінде қолданатын жұртты Кореяда көрдім де, «Қайтсе, қазақстандықтарды осыған жеткізуге болады?» — деген ойға қалдым, — дейді Айгүл.

Оның айтуынша, соңғы кезде біздің елде бедеулікке шалдыққан келіншектер қатары күрт артқан. Бұл қиындық, бір жағынан, жасанды түсіктің көптігінен туындап отыр. Ал Оңтүстік Кореяда жасанды түсікке заң арқылы тыйым салыныпты.

— Оңтүстік Кореяда өткен үш ай ішінде көргеніміз, көкейге түйгеніміз көп. Дәрігерлерге шет елде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілуі — өте дұрыс қадам. Тіпті медицинасы ерекше дамыған елдердің өзі дәрігерлерін, тәжірибе жинақтау үшін, сыртқа жібереді екен. Мысалы, әңгіме барысында кореялық әріптестеріміздің бір бөлігінің, тәжірибе алмасу мақсатында, АҚШ-та, Израильде болғанын білдік, — дейді дәрігер Ерғалиева.

Әңгіме арасында ол шеттегі үш ай ішінде Қазақстанды ерекше сағынғанын да айтты. «Сеул мен Сувон — дамыған қалалар. Көшелерде халықтың жүріп-тұруына, тіпті ұсақ-түйекке дейін, жағдай жасалып қойған екен. Бірақ ол жақта Дала жоқ, кеңдік жоқ. Алыста жүріп, туған далаңның қадір-қасиетін түсініп, жусан исін сағындық» — дейді Айгүл. Ендігі мақсаты — сол сапарда үйренгенін іс жүзінде қолданып, өз емделушілерінің пайдасына жарату…

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button