Жастар

Тарихшы Нұргүл

«Болашақтың» түлегі

Кез келген мамандыққа қатысты үмітті қадамдар көбінесе мектеп қабырғасында басталатыны белгілі. Әсіресе озат оқушылар ертеңгі жүрер жолын аттестат қолға тимей тұрып алдын ала шешіп қояды. Солардың бірі — Нұргүл Демеуова еді.

Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияны үздік аяқтаған ол ешқайда алаңдамастан бірден Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарих факультетіне бет бұрды, асқан ынта-ықыласпен білім алды. Әрине, қабілетті жас қай тақырыпты да жүйелі игерді, дегенмен соның ішінде Қазақстан тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеді.

Кейін университетте қызметке қалуына осындай мұқият ізденімпаздығы мен жігерлі еңбекқорлығы себепші болды.

Осылайша оқытушы болып жүрген ол өзі тәрізді талай талапты жастардың Президентіміздің «Болашақ» бағдарламасының шарапатымен көркейіп жатқанын көріп, өзі де сол қатарда болғысы келді.

— Бірде үзілісте деканатқа барғанмын. Президентіміздің «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға талаптанғандарды шақырған қағаз жатыр екен. Бір бет парақта қойылатын талаптар да жазылыпты. Тіпті де жеңіл емес. Сонда да нартәуекелге бел буып, үш оқытушы дайындыққа кірісіп кеттік. Барлық сынақтардан мүдіріссіз өткенімді естігенде қуанышымда шек болмады. Сөйтіп 2012 жылдың 1 қарашасынан 2013 жылдың 1 сәуіріне дейін білімімізді одан әрі шыңдап келдік, — дейді Нұргүл.

Сөйтіп ол әйгілі ғылым ордасынан — М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен бес ай тағылымдамадан өтті. Тақырыбы — педагогикалық тарих білімі.

Әрине, Мәскеудің оқу-тоқуды терең үйретерлік тәсілдері мол, ғалымдары да кілең ғұламалар.  Дегенмен басқа ғылымдарға қарағанда тарихтың жолы бөлек. Айталық, әлдебір математикалық теңдеулер немесе химиялық талдаулардың жаңадан пайда болған әртүрлі тың нәтижелері күллі адамзаттың ешкім жатырқамайтын ортақ меншігіне айналып жүре береді. Ал тарихта олай емес. Тарих, түптеп келгенде, кешегі де, бүгінгі де, тіпті ертеңгі де саясаттың бір бөлшегі іспетті. Өкінішке қарай, ел тарихына қатысты әңгіме болғанда әр мемлекеттің ғалымдары нақты деректің өзін өз пайдаларына қарай бейімдеуге тырысатыны ешкімге де құпия емес. Міне, осының кесірінен жан-жақтан келген жас тарихшылар жапа шегіп қалады. Себебі отаршылдық, Қазақстандағы көптеген ұлт-азаттық көтерілістері, кәмпескелеу, ашаршылық, қуғын-сүргін тәрізді тақырыптарды біздің жас ғалымдарымыз қаншалықты дәлелді деректермен баяндаса да, кедергіге тап болып қалатын сәттер мол. Осының салдарынан бұрындары бірқатар ізденуші жастар ғылыми жобаларын қорғай алмай қалған жайлар да кезігіп тұрыпты. Алды 90 жасқа иек артқан кілең бір тұғырлы ғұламаларға балғын талапкерлер қайдан төтеп бере алсын. Бұл ретте өзіміздің қазақстандық ғалымдарымыздың арасында да бір тақырыпқа қатысты алуан пікірлер шарпысып жататынын ұмытуға болмайды.

Дегенмен, қалай болғанда да, тағылымдамадан ойдағыдай өткен Нұргүлдің зердесіне түйген жайлары көп. Мысалы, ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан тарихы, сол кездегі Кенесары ханның ролі туралы докторлық диссертация қорғап, сүбелі еңбек жазған Ермұхан Бекмахановтың қайтіп сотталып, қалай ақталғаны көзі қарақты оқырмандарға әбден мәлім. Нұргүл Мәскеуде сол атақты ғалымның қызы Ләйла Бекмахановамен жүздескенін, оның байыпты әңгімелеріне қаныққанын ғылым жолындағы сәтті кездердің бірі ретінде естен шығармайды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Ал Мәскудегі музейлердің көптігі тіпті бөлек әңгіме. Расына келгенде, музей дегеніңіз де тарихтың жанды деректері ғой.

— Мәскуде музейлердің көптігі таңқалмасыңа қоймайды. Мысалы, Ұлы Отан соғысына арналған көрмені алайық. Әр жылдар деректі бұйымдармен нақтыланады. Майдан оқиғалары сол кездің көріністерімен көз алдыңа келіп тұрады. Қазақстандық жастар жиналып Санкт-Петербургке де бардық. Эрмитаж қандай, бір күнде жартысын да аралап шыға алмайсың. Қос қаладағы театрлар ше?! Жалпы музейлер мен театрлар халықты ілгері жетелейтін, қоғамдық көзқарасты тәрбиелеп, сана өрісін кеңейтін қасиетті ордалар ғой, — дейді Нұргүл.

Тарихшы Нұргүл Қажымұқанқызы Орынборда біздің еліміздің, соның ішінде Ақтөбе облысының да талай тарихи парақтары ашылмаған күйде жатқанын сөз етеді.

— Мен ғылыми ізденістермен Орынбордағы архивке бірнеше рет барып келдім. Архивтегі алақандай әр қағаз сатулы, бағасы да қымбат, оның үстіне қарайтын бет санына да шектеу қойылады. Ал құпия құжаттарға жоғары билік араласса ғана қол жеткізе аласың. Енді менің неліктен Орынбор архивіне барып жүргеніме келсек, мені өткен замандағы әлеуметтік топтардың тыныс-тіршілігі, көпестердің сауда жүргізу әдістері, осы бағыттағы еларалық қарым-қатынастар қатты қызықтырды. Мысалы, мен дипломдық жұмысымды Ойыл жәрмеңкесінің тарихынан қозғадым. Әрине, ауызша тараған әңгімелер баршылық қой, бірақ сол әңгімелер қағаздағы фактілермен дәлелденгені жөн, оған қоса арнасын кеңге тартқаны мақұл. Мен Орынбордан солайша Ойыл тарихына қатысты біршама тың деректер әкелдім. Жалпы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе, Ойыл тарихын түптеп зерттейтін экспедиция құрлыса, белсене кірісер едім, — дейді тарихшы.

«Болашақтың» түлегі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы және пәндер кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Демеуова жастардың жан-жақты білімді болуына, ғылымды терең игеруіне Президентіміз зор қамқорлық жасап отырғанын, жас буын осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі керектігін айтады.

Қуат ӘБІЛҚАЙЫР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button