Жастар

Ақтөбе мен Аджудың арасы

«Болашақтың» түлегі

Ақтөбелік білікті маман, жоғары дәрежелі дәрігер-уролог Қуаныш Сүлейменов осыдан екі жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяда үш айлық тағылымдамадан өтіп келді. Қазір білікті дәрігер науқастарды емдеуде озық елден үйренген тәжірибесін қолданып жүр.

 

«Баламалы орталыққа да бардық»

Қуаныш Сүлейменов М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің хирургиялық аурулар кафедрасында оқытушы, әрі облыстық клиникалық ауруханада дәрігер-уролог болып еңбек етеді. Қуаныш Газетұлы 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Кенги-До провинциясының орталығы Сувон қаласындағы Аджу университеті медициналық орталығының базасында үш ай тағылымдамадан өтіп келді. «Урологиядағы эндовидеохирургия» тақырыбында біліктілігін арттырып, заманауи технологиямен жұмыс істеу тәсілін үйренді.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін алдымен Астана қаласында  бірнеше емтихан тапсырып, комиссия мүшелерінің алдында жеке сұхбаттасу сынағынан өттім. 2015 жылдың 25 желтоқсанында конкурстан өткен үміткерлердің тізімі сайтта жарияланды. Тізімнен өзімнің аты-жөнімді көріп қуанып кеттім. Себебі бұл бағдарлама бойынша тағылымдамадан өтіп, сырт елдің тәжірибесін көру кез келген маман үшін үлкен жетістік.  Осыдан кейін мен және  «Болашақ» бағдарламасының жетекшісі,  өзім еңбек ететін университет басшылығы, яғни үш жақты келісімге келе отырып, Алматы қаласына аттанып кеттім.  Қазақстанның әр жерінен 22 адам болдық. Оның кейбіреуі денсаулық сақтау саласындағы менеджмент тақырыбынан өтсе, қайсыбірі  практикалық денсаулық сақтау саласы бойынша тәжірибе жинақтады, — дейді Қуаныш Сүлейменов.

Қазақстаннан барған мамандарға алғашқы екі аптада Оңтүстік Корея мемлекетінің денсаулық сақтау саласының дамуы, жетілу тарихы, денсаулық сақтаудағы медициналық сақтандырудың маңызы, менеджмент сұрақтары жөнінде дәрістер оқылды. Сондай-ақ олар медициналық мекемелердің, оның ішінде дәстүрлі емес, яғни баламалы медициналық орталықтардың жұмыс барысымен танысты. Кейін практикалық кезеңде Аджу университетінің клиникалары мен емхана, аурухана, ота жасау блогы, зертхана және эндоскопиялық рентгенологиялық кабинеттерінде емдеу жұмыстарымен танысып, сол елдің медицина саласының қыр-сырын кеңінен білуге мүмкіндік алды.

Ота жасауға ассистент, яғни көмекші ретінде  қатысуға мүмкіндік берілді. Жұмыс барысында түрлі сұрақтар қоюға, оған бірден жауап алуға барлық жағдай жасалды. Себебі  әрқайсымызға жеке үйлестіруші берілді. Біздің еркін жауап алып, сұрақ қоюымызға кедергі болған жоқ. Бұны бағдарламаның бір артықшылығы деп айтуға болады, — дейді  Қуаныш Газетұлы.

 

«Да Винчидің» отасы

Бүгінде біздің елімізге енді-енді әкелініп жатқан замануи қондырғылар мен медициналық түрлі жабдықтар бұл елде осыдан 30-40 жыл бұрын енгізілген. Соның арқасында оталардың негізгі бөлігі эндоскопиялық әдіспен жасалады. Соңғы үлгідегі  ерекше әдіс «Да Винчи» роботталған жүйесімен ота жасау әдісі оң жолға қойылған. Бұл әдіспен қуық асты безінің қатерлі ісігі — протатэктоми, ісік кезіндегі бүйректі алып тастау секілді түрлі сырқат кезінде, адам денесін жарақаттамай-ақ оңай ота жасауға болады. Сонымен бірге клиникада әйелдердегі зәр ұстамау, ер жыныс жүйесіндегі аурулар кезінде жасалатын пластикалық оталардың түрлі жолын меңгеруге мүмкіндік туды. Қуаныш Газетұлы үш айда урологиядағы эндовидеохирургиялық отаның осындай түрлі тәсілін меңгергенін айтты.

— Оңтүстік Корея елінің медицинасы өте жоғары деңгейде қызмет көрсететін, ұзақ жылдар тарихы бар, қалыптасқан медицина саналады. Мұндай деңгейге аз уақыт ішінде жету мүмкін емес. Алайда біздің елімізде осының алғышарттары жасалып жатыр, дамыған елден үйренеріміз әлі көп. Озық жүйе ел медицинасына біртіндеп енгізіліп жатыр. Қазіргі күні облыстық аурухана заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған. Әрине, әлі де қосымша құрал-жабдықтар қажет. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері. Мәселен, Кореядан келгеннен кейін несеп тас ауруын анықтауда зертханалық тексеру әдісіне сол елдің жүйесін енгіздік. Әр түрлі диагностикалық зерттеулер жасалды. Эндоскопиялық оталар жасалып жатыр. Жаңа әдістің науқас адам үшін тиімділігі өте көп. Бұрын ашық жасалатын оталар, енді пышақсыз жүзеге асуда, — дейді Қуаныш Газетұлы.

Оңтүстік Корея медицинасының дамығаны, жоғары деңгейде қызмет көрсететіні өз алдына, бұл елде ақ халаттыларға да барлық жағдай жасалған. Мәселен, Аджу клиникасындағы жағдай тіпті ерекше.

— Бұл медициналық орталықтың бір артықшылығы,  кіші медицина қызметкерлерінен бастап, дәрігерлерге дейін барлық жағдай жасалған. Әр қызметкердің жеке шешініп-киінетін, аяқ киімінен бастап, басқа да киімдерін орналастыратын арнайы шкафтары бар. Медицина қызметкерлері халат, немесе ота жасау кезінде ауыстырып киетін формаларын үйінен әкеліп жүрмейді.  Оның бәрі аруханадағы шкафтарда  қажетті размерлерімен жиналып тұрады. Сонымен бірге аурухана ішінде қызметкерлердің қажетті жеке санитарлық-гигиеналық шараларын жасау үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Дәрігерлердің демалыс бөлмесі массажды креслолармен жабдықталған. Сол бөлмеде кофе ішіп, әңгімелесуге болады, — дейді уролог.

Ал клиникада дәрігер мен кіші қызметкердің еркін жұмыс істеуі үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, рентгенологиялық тексеру туындаған жағдайда әр ота жасау бөлмесінде қажетті жабдық дайын тұрады. Оған рентгенолог маманды шақыртудың қажеті жоқ. Оператордың көмекшісі немесе резидент дәрігердің өзі сол жұмысты атқара береді. Тағы бір айта кетерлігі, ота жасауға қажетті материал, қосымша құрал -жабдықтар сол бөлмедегі аты нақтылап жазылған шкафтардан табыла береді. Ол кіші қызметкердің анда- мында шауып, уақытын өткізбеуі үшін тиімді, әрі ота жасау уақытын үнемдейді.

 

Бас дәрігер де сайланады

Қазақстаннан барған мамандарды аурухана басшысының, тіпті  сол провинцияның денсаулық сақтау департаменті директорының қарапайымдылығы қатты таңғалдырыпты. Үш айда басшының немесе басқа да лауазымды қызметкердің өзінің қарамағындағы адамға дөрекі немесе дауыс көтеріп сөйлегенін көрмепті. Әркім өз жұмысын ғана біледі.

Медициналық орталықтың басшысы қызметкерлерімен бірге ота жасау бөлімшесінде киімін ауыстырып, бірге асханада кезекке тұрып тамақтанады. Олардағы жақсы бір үрдіс, медициналық орталық басшысын сол қызмет істеп жүрген жеріндегі аурухана ұжымы сайлайды екен. Жалпы медицина қызметкерлері жекенің қолында болғанымен осы үрдіс өзінің жалғасын тауып келе жатыр. Өте жақсы жұмыс істеген басшының өзі екі жылдан екі мерзімге ғана сайлана алады, яғни төрт жыл басқарады.  Сондай-ақ Кореяда медициналық сақтандыру жүйесі  жақсы жолға қойылған, соның арқасында медицина қызметкерлерінің де жалақысы өте жоғары. Көп пациент қабылдап, емінің нәтижесі көрінген, науқасқа шипа сыйлаған  қызметкердің жалақысы өзгелерге қарағанда  анағұрлым көп болады, — дейді білікті маман.

Аджу ауруханасында науқас пен медицина қызметкерлерінің тамақтануына ерекше мән беріледі. Аурухана асханасында ас мәзірінің түрлері жетіп артылады. Оның ішінде теңіз өнімдері айырықша орын алады. Тамақ ішер алдында ең бірінші су ішуге ерекше мән беріледі.

Жалпы кафе, мейрамханаларда тамаққа тапсырыс бермей тұрып даяшы  графинмен су әкеліп құйып береді. Бұл да сол елдің тұрғындар денсаулығына деген үлкен жауапкершілікті көрсетеді, — дейді Қуаныш Сүйлейменов.

Медицинасы озық елге жасаған сапары кезінде білікті дәрігер көңілге көп нәрсені түйіп қайтқанын айтты. Енді «Болашақ» бағдарламасы арқылы алған тәжірибесі мен білімін өз халқының, болашақ жастардың денсаулығын нығайту жолында жұмсап жүр. 

Білікті маман Оңтүстік Корея елінен бұрын Ресейдің ірі емдеу мекемелерінде білімін толықтырып, еліміздің іргелі медициналық орталықтарында ұйымдастырылған халықаралық конференцияларға қатысты. Отыздан астам ғылыми мақаласы жарық көрді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button