Жастар

Тәжірибемен ұштасқан дәрістер

«Болашақтың» түлегі

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Гүлнара Рысмағанбетова осыдан екі жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы Нидерланды (Голландия) елінде үш айлық тағылымдамадан өтіп келді.

Педагогика және психология мамандығы бойынша Нидерланды елінің Лейден қаласындағы Лейден университеті жанындағы DAAS ICLON біліктілікті жоғарылату  институтында 3 ай мерзімде ғылыми тәжірибеден өтіп келген Г.Рысмағанбетова мұндай мүмкіндікке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізгенін айтады. Шетелдік білім беру жүйесінің ерекшеліктері турасында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Г.Рысмағанбетова былай дейді:

Батыс Еуропадағы екі жүз жылдық тарихы бар Лейден университетінің аты бүгінде әлемге әйгілі. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасымен жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың шетелде біліктілігін жоғарылату мақсатында ғылыми тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болдым. Сол жылы педагогика және психология мамандығы бойынша университеттен 4 оқытушы шетелде өз білімімізді жетілдірдік. Бүгінгі күні еліміздің білім беру жүйесіне инновациялық білім берудің технологиялары, сыни тұрғыдан ойлау, қашықтықтан оқыту әдістері енгізілуде. Қазір біз халықаралық стандартқа сай қазақстандық модель құруға бет алдық әрі оны жүзеге асырып та жатырмыз. Соның бірі —елімізде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы жұмыс жасайды.  Орталықтың мақсаты — әлемдік және қазақстандық тәжірибе негізінде педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу. «Болашақ» бағдарламасы бойынша DAAS ICLON біліктілікті жоғарылату институтында ғылыми тәжірибеден өткен кезде, бізге білім берудің осы әдістері жан-жақты түсіндірілді. Әрине, бұл жүйенің теориялық жағы біз үшін түсінікті болғанмен, еуропалық тәжірибені өз көзімізбен көрген қызықтырақ болды. Институт сабақтарына қатысып, профессорлардың дәрісін тыңдадық. Мен үшін Лейден университетінің профессоры, бірнеше монографиялардың авторы Отта Булемен бетпе-бет кездесіп, оның дәрісін тыңдаудың маңызы зор болды, — дейді Гүлнара.

«Болашақ» бағдарламасының стипендиясының иегері еуропалық стандарт бойынша білім беруде жаңа технологияның маңызы зор екенін айтады. «Шетелдің жоғары оқу орындарында, тіпті мектептердің өзінде техникамен жарақтандыру ісі жоғары деңгейде қамтылған. Соның бірі — лингафон кабинеттері. Мұндағы заманауи техниканың мүмкіндігі зор. Сол құрылғы арқылы білім алушының қаншалықты тақырыпты ұғынып, түсінгені жазбаға жазылып қалады. Техникамен басқару ісі қатаң жолға қойылған», — дейді Гүлнара Рысмағанбетова.

Шетелде білімін шыңдау кезінде ол орын алған қызықты жайттармен де бөлісті.

— Білім ордалары түгелдей интернет желісіне қосылған. Сабақ интернетпен байланыстырылып өтеді. Студенттер сабақ барысында интернеттегі жаңалықтармен бөліседі. Қарақұмықтың қымбаттауына байланысты сұрақ қойылған кезде, голландиялық студенттер бұл дақылдың не екенін білмей бастары қатты. Өйткені, Нидерландыда қарақұмық ас ретінде мүлде пайдаланылмайды екен, — дейді ол.  

Оның айтуынша, шетелде білім алушыларға еркіндік берілген. Мектептерде оқушылардың топтасып білім алуы, сол арқылы үлгерімі нашар оқушыларға көмектесу, яғни Кембридж бағдарламасы бойынша оқытудың бұл тәсілі Лейден қаласындағы білім беру мекемелерінде де жүзеге асырылуда.

Мұны айтуымның себебі — Кембридж оқыту бағдарламасы бүгінгі күні Қазақстанның білім беру саласында кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Нидерланды елінде болған үш ай мерзім көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Біз оқыған кезде Нидерланды елінің футболшылары өз алаңында Қазақстанның ұлттық құрамасы ойыншыларымен кездесті. Сол сияқты «Астана-Опера» балет театрының ұжымы гастрольдік сапармен осы елге келді. Бұл шараларға қатысуға бізге тегін билеттер таратылды. Бұл — Қазақстан мен Нидерланды арасында достық, ынтымақтастық қарым-қатынастың бір көрінісі еді, — дейді Гүлнара Рысмағанбетова.  

Бүгінде шетелден алған тәжірибесін шәкірт бойына дарытуда талмай еңбек етіп келе жатқан Гүлнара Рысмағанбетова үнемі ізденіс пен шығармашылық үстінде жүреді. Бұған дейін ол аспан асты елінде білімін шыңдап, Қытайда бірнеше жыл қатарынан шәкірттерге дәріс оқыды. Ол жайында кейіпкеріміз былай дейді:

— Менің Қытай Халық Республикасымен таныстығым 2010 жылы басталды. Өздеріңіз білесіздер, қазір Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанынан Конфуций институты ашылып, жүйелі жұмыс жасап жатыр. Бұл — Қазақстан мен Қытай арасындағы берік қарым-қатынастың белгісі. Екі ел арасында білім берудің сапасын жақсарту, тәжірибе алмасу бағытында оң шешімдер, келісімдер бар. 2010 жылы мен Үрімші қаласындағы Синьцзян Қаржы және экономика университетінде студенттерге ежелгі және орта ғасырлардағы шығыс әдебиетінен орыс тілінде дәріс бердім. Мен үшін бұрын көп естіп, көп оқып жүрген Қытай елінде студенттерге дәріс беріп, қызмет істеу өте қызықты болды.

Ол Қытайда жүрген кезінде, яғни 2011 жылы Шанхай қаласында өткен орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне арналған Халықаралық Конгреске де қатысты.

«Болашақтың» түлегі бүгінде алыс-жақын шетелдерден алған тәжірибесі мен білімін өз Отанының болашағы, яғни жастардың мықты маман болып қалыптасуы жолында жұмсап жүр. 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button