Жастар

«Кореяның тәжірибесін қолданып жүрмін..»

Болашақтың түлегі

Ақтөбелік Айгүл Раманқұлова үш жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы Оңтүстік Корея еліне барып, төрт айлық тағылымдамадан өтіп келді. Бүгінгі күні ол

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  патологиялық анатомия және сот медицина кафедрасында ассистент болып қызмет етеді.

Айгүл М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде емдеу ісі мамандығы бойынша жеті жыл білім алып, 2002 жылы оқу орнын қызыл дипломмен аяқтайды. Сол жылы ол хирург-дәрігер мамандығы бойынша интернатураға түседі. Өзінің білімдігімен, ізденімпаздығымен көзге түскен Айгүл кейін университет басшылығының қолдауымен патологиялық анатомия және сот медицина кафедрасына жұмысқа қабылданады. Ал 2010 жылы университетте жаңадан ашылған магистратура бөліміне түсіп, білімін жетілдіреді.

  • Магистратура бөлімінің алғашқы түлектерінің бірімін. Менімен бірге осы бөлімде 8 студент оқыды. Біз магистратураны аяқтаған жылы университетке «Болашақ» бағдарламасы бойынша кеңес беретін мамандар келіп, кездесу өткізді. Олар Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламаның тиімді жақтары мен мүмкіндіктерін айтып, түсіндірді. Содан университетте оқып, қызмет етіп жүрген 12 жас маман бағдарлама арқылы білімін жетілдіру үшін құжаттарын дайындады. Емтихан тапсырып, одан алтауымыз ғана өттік. Сөйтіп тағылымдамадан өту мақсатымен «KD Global Training Center» оқыту орталығы мамандарының көмегімен Оңтүстік Корея еліне аттандық, — дейді Айгүл.

Оның айтуынша, тағылымдама Оңтүстік Кореяның Сувон қаласындағы Аджу медициналық университетінде өтіпті. Бір ай бойы кәріс тілін үйреніп, кейін өз мамандығы бойынша дәріс алған.

— Оңтүстік Корея — медицина жүйесінің дамуы бойынша әлемде екінші орында тұрған мемлекет. Ол жақта медициналық сақтандыру жүйесі жолға қойылған. Жүйе бір орталықтан басқарылады, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігіне байланысты оңтайлы жағдай жасалған. Әр университеттің өз ауруханалары бар. Менің бір таңқалғаным, Оңтүстік Кореяда бір оқу орнында жылына 40 шақты студент ғана оқып шығады. Және оларды өздерінің клиника, емханаларына дәрігер етіп дайындап,  жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол жақтағы медицинаның бір ерекшелігі —  диагностиканың жақсы дамығандығы. Мәселен, бір тәулікте кез келген адамды толық зерттеуге мүмкіндік бар. Қалай дегенде де ол жақта бұл сала мықты дамыған. Дәрігерлері өте білімді, білгендерін үйретуден жалықпайды, — дейді кейіпкеріміз.  

Айгүл Оңтүстік Кореяға өз мамандығының қыр-сырын үйреніп, ол жақтағы жаңашылдықты өз тәжірибесінде жүзеге асыру үшін барғанын айтады. Сондай-ақ ол Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Болашақ» бағдарламасының еліміздегі жастардың шетелде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға септігі тиіп жатқанына қуанатынын жеткізді.

  • Елімізде осы бағдарлама арқылы шетелге барып, білім алып, үлкен жетістіктерге жетіп жатқан жастарымыз аз емес. «Болашақ» бағдарламасының біз сияқты жас мамандарға берері, үйретері көп. Ол жақта алған біліміміз бен үйренген тәжірибемізді өз елімізге келіп, қолданып жатырмыз. Сондықтан бұл бағдарламаның біз үшін маңызы зор. Тағылымдамаға барар кезде менде «Ол жақта біз сияқты мамандарды қалай даярлайды екен?» деген сауал болды. Төрт ай мерзім ішінде мен сол сауалыма толыққанды жауап алғандай болдым. Себебі Оңтүстік Корея елінде студенттерді 3-курстан бастап өз мамандықтары бойынша бөлек дайындап, сол саланың қыр-сырын үйретеді. Ал біздің елімізде болашақ дәрігерлер жеті жыл бойы жалпы білім алады. Одан кейін өз мамандығы бойынша резидентураға түседі, — дейді ол.

Әңгіме арасында кейіпкеріміз Оңтүстік Кореяда Наурыз мейрамын атап өткенін де жеткізді. Мерекелік шара барысында қазақстандық жастар арқан тартыс, асық ату сияқты ұлттық ойын түрлерін өткізіп, кәрістерге қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсыныпты.

  • Наурыз мерекесінде бауырсақ пісіріп, ет асып, үлкен дастарқан жайдық. Корейлік дәрігерлер біздің салт-дәстүрлерімізді көріп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. Кәрістер біз сияқты мәдениетті, ілтипатты, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін халық. Сондықтан олар біздің ұйымдастырған іс-шарамызды жылы қабылдап, құрмет көрсетті, — дейді Айгүл.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің  патологиялық анатомия және сот медицина кафедрасында ассистент, сондай-ақ облыстық патологиялық-анатомиялық бюроның жалпы патология бөлімінде патологоанатом болып жұмыс жасайтын Айгүл Раманқұлова шетелде алған білімін бүгінде өз тәжірибесіне қолданып, өңіріміздегі медицина саласының дамуына өз үлесін қосып жүр.

Өткен жылы біздің оқу орнына корейлік дәрігерлер келіп, екі университет арасында меморандумға қол қойылды. Соның арқасында алдағы уақытта біздің болашақ дәрігерлер Оңтүстік Кореяға барып, білімін жетілдіріп, тәжірибеден өте алады. Бұл — «Болашақ» бағдарламасы арқасында біздің қол жеткізген тағы бір мүмкіндігіміз. Сондықтан бұл бағдарлама жастардың қиялына қанат бітіріп, білімін ұштайтын, жаңа биіктерге жетелейтін үлкен жоба, — дейді «Болашақтың» түлегі.

Бүгінде Бақытжан есімді ұл өсіріп, бір отбасының ұйытқысы болып отырған Айгүлдің болашаққа деген сенімі нық, мақсаты айқын.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button