Спорт

«Астана» жалғыз қалды

УЕФА

«Қайратым» деп мен жүрмін, Қайрат қылмай сен жүрсің» дейтін өлең жолдары ертеректе көп айтылғанын аға буын жанкүйерлер ұмыта қоймаған шығар. Бұл жолы да солай болды.

Ешкімге мәлім емес албаниялық «Теута» командасының қақпасына Алматыда жауапсыз 5 гол соққан «Қайратымыз» біздің ойлауымызша өзімен деңгейлес деуге келетін «Маккабиге» қарсы қайрат көрсетіп жарытпады. Өткен аптада Алматыда 1:1 есебімен тең ойнады да, осы бейсенбі күні сырт алаңда 1:2 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Қазақстан чемпионатының қазіргі үздік сұрмергені Жерар Гоу да, кеше ғана Францияда өткен Еуропа чемпионатында Украина құрамасы сапында алаңға бір-ақ рет, онда да екі минутқа болса да шыққан Анатолий Тимощук те, кезінде Ресейдің ұлттық құрамасында жасындай жарқылдаған Андрей Аршавин де, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Ермек Қуантаев, Ғафуржан Сүйімбаев, Станислав Лунин, Владимир Плотников, басқалар да екінші сын-сайыста-ақ сүрініп тынды. Осылайша биыл Қазақстан чемпионатында қарсыластарын 6:0; 5:0; 6:2; 5:2 есептерімен қақырата ұтып жүрген «Қайрат» 2-ші кезеңде израильдық «Маккабиден» (Тель-Авив) жеңілді де қалды. Өкінішті-ақ.

Рас, бұл «Маккабиіңіз» былтыр біздің «Астана» тәрізді Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнады. Бірақ «Астанадан» өзгешелігі, бұлар 6 ойында бірде бір жеңіске жеткен жоқ, оның үстіне қарсыластар қақпасына 1 ғана гол соғып, өз қақпасына 16 гол өткізіп алғаны бар. Ал «Астана», ұмытпасаңыз, сол топтық ойында 4 рет тең ойнап, 2 рет жеңіліп еді ғой. Дегенмен, әділдік үшін айта кетелік, «Астананың» қарсыластары «Бенфика» (Португалия), «Атлетико» (Мадрид, Испания), «Галатсарай» (Түркия) болды да, «Маккабиге» жеребе кіл мықтыларды тізіп беріп еді: «Челси» (Англия), «Порту» (Португалия), «Динамо» (Киев).

Бұл, әрине, сөз арасындағы әңгіме. Биыл сол топтық кезеңге «Астана» жете алар ма екен? Әрине, жетуіне тілектеспіз. Әйтсе де еуропалық деңгейде танымал бола қоймаған литвалық «Жальгиристі» өз алаңымызда 90 минутқа жалғасқан қосымша минуттарда соққан гол арқылы әзер жеңген астаналықтарымыз көңілді күпті қылып қойғанын да жасырудың реті жоқ-ақ. Өйткені Чемпиондар Лигасында ойнап жатқан «Астананың» келесі, 3-ші іріктеу кезеңіндегі қарсыласы — белгілі «Селтик» (Шотландия).

Чемпиондар Лигасы. «Астана»

2-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 11 шілде. «Жальгирис» (Литва)-«Астана» (Қазақстан) — 0:0;

Қарымта кездесу. 20 шілде. «Астана» (Қазақстан)-«Жальгирс» (Литва) — 2:1.

3-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 26/27 шілде. «Селтик» (Шотландия)-«Астана» (Қазақстан)

Қарымта кездесу. 2/3 тамыз. «Астана» (Қазақстан)-«Селтик» (Шотландия)

Еуропа Лигасы. «Қайрат»

1-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 30 маусым. «Теута» (Албания)-«Қайрат» (Қазақстан) — 0:1;

Қарымта кездесу. 7 шілде. «Қайрат» (Қазақстан)-«Теута» (Албания) — 5:0.

2-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 14 шілде. «Қайрат» (Қазақстан)-«Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) — 1:1;

Қарымта кездесу. 21 шілде. «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль)-«Қайрат» (Қазақстан) — 2:1.

Еуропа Лигасы. «Ордабасы»

1-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 30 маусым. «Чукарички» (Сербия)-«Ордабасы» (Қазақстан) — 3:0;

Қарымта кездесу. 7 шілде. «Ордабасы» (Қазақстан)-«Чукарички» (Сербия) — 3:3.

Еуропа Лигасы. «Ақтөбе»

1-ші іріктеу кезеңі:

Бірінші кездесу. 30 маусым. «Ақтөбе» (Қазақстан)-«МТК Будапешт» (Венгрия) — 1:1;

Қарымта кездесу. 7 шілде. «МТК Будапешт» (Венгрия)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 2:0.

Осылайша «Ордабасы» мен «Ақтөбеге», міне, «Қайрат» қосылып, «Астана» Еуропа алаңында Қазақстан атынан енді жалғыз өзі ойнайтын болды.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button