Жастар

Айбектің асуы

«Болашақтың» түлегі

Ақтөбелік Айбек Өтеуов ерте жасынан еңбекке араласып, өндіріс саласында әбден шыңдалған маман. Жас болса да, зауытта 9 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен Германия Республикасында білімін жетілдірді.

30 жастағы жігіт — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мұнай-газ ісі мамандығының түлегі. Студент кезінде-ақ Ақтөбе бейметалл құбырлар зауытына қарапайым жұмысшы-оператор болып қызметке орналасқан Айбек еңбегі мен іскерлігінің нәтижесінде ауысым басшысы, бас технологтың орынбасары, инженер-құрастырушы, техникалық директорлыққа дейін көтерілген. 2011 жылдан бері соңғы аталған лауазымды абыроймен атқарып келе жатқан кейіпкеріміз Елбасының бастамасымен іске асырылған «Болашақ» бағдарламасына ілігуін өміріндегі айшықты оқиғалардың қатарына қосады.

— 2014 жылы жұмыс орнымызға облыстық әкімшілік пен «Атамекен» Одағы» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан ұсыныс хат келіп түсті. Онда инженер мамандарға «Болашақ» бағдарламасымен Германия мемлекетінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік бары, егер бұл қызықтырса, жоғарыда аталған ресми орындарға хабарласу керектігі егжей-тегжейлі жазылыпты. Зауыттың бас директоры Ян Тампаев ондай бастамаларды әрдайым қолдайтын, жастардың жоғары технологияларды меңгеруін құптайтын азамат. Содан бұл мүмкіндік маған бұйырды. Сол жылы осындағы мен сияқты мамандар болып, жаппай тест тапсырдық. Сыннан мүдірмей өткен 3 адам жолдамаға ие болды.

Өткен жылдың наурыз айында «Болашақтың» 1200 еуро көлеміндегі бір реттік шәкіртақысын алып, өзім жұмыс істейтін өндіріс орнының қолдауымен Германияның Берлин қаласына аттандық. Ондағы мақсат — 1 айлық курс аясында біліктілігімізді көтеру, — деген Айбек оқу бағдарламасы бойынша негізінен құрылыс материалдары өндірісінің қалай жүргізілетінін жіті білу үшін барғанын қосты.

Дрезден, Гамбург, Кёльн, Бонн, Гёрлиц сияқты өндірісі ерекше дамыған қалаларда болған ол бағдарламаның айтарлықтай қызықты өткенін айтады. Неміс кәсіпкерлерінің жұмысымен жан-жақты танысқан болашақтықтар түске дейін теориялық білім алса, күннің екінші бөлігінде зауыт-фабрикалардың өзіне барған. Цемент, терезе, құбыр, т.б. құрылысқа қажетті заттар шығаратын бас-аяғы 20  кәсіпорынды аралаған Айбек ол туралы былай дейді:

— Мені ерекше қызықтырғаны, ол жақта барлығы автоматтандырылған екен. Қолмен жасалатын жұмыстар жоқтың қасы. Көбінесе адамдардың орнына роботтар «жұмыс істейді»… Жұмысшылар біздегідей көп емес, бірақ шаруасына мығым. Айталық, әрқайсысының өзіне белгіленген жұмысы бар, ол адам басқа ештеңеге араласпайды. «Өзіңнің жұмысыңды бітірсең, маған көмектесіп жіберші» деген атымен жоқ.

Сосын біздегідей жұмысшыларды қадағалап отыратын ешкімді байқамадым. Әр маман таңертең тапсырмасын алады, соны күн ұзағына бітіргенше асығады. Олардың қызметінде адалдық басым, өздері үшін еңбек ететіндей көрінді. Тиісінше жалақысы да жақсы. Салыстырмалы түрде алсақ, еңбекақысы бізден 4-5 есе жоғары. Содан да шығар… Өндіріс орындарындағы кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Мәселен, оларда қауіпсіздікке баса мән беріледі, жылына бір рет еңбегіне сай жақсылап демалуға бар жағдайды жасайды, тіпті, ұл-қыздарын балабақшаға орналастыру жайын да қамтамасыз етеді. Біздегідей бас қатырып, ширатын тосып жүретіндер Германияда жоқ. Жұмыс берушілердің басты талабы — жұмысыңды тиянақты істе, қалған тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерді өздері-ақ шешіп береді.

Айбек Баймұратұлы сапардан алған әсерін сөзбен жеткізу қиын екенін, шынымен Германияны өркениетті елдердің ішіндегі мықтысы ретінде мойындауға болатынын тілге тиек етті. Айтпақшы, курс аяқталған соң әңгімелесушіміз сондағы профессор-оқытушыларға, сала мамандарына емтихан тапсырып, одан «5» деген баға алғанын білдірді. Тиісінше оны растайтын сертификат та табыс етілген.

Сөз арасында немістерден көрген-білгенін, әсіресе, олардың өндірістегі автоматтандыру жүйесін осында енгізуді қалайтынын жеткізген Айбек оны жүзеге асыруға әзірге қаржылық дағдарыстың қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Бірақ алдағы уақытта барлығының сәті түсетініне сенімді жігіт қайткенде де Германиядағы оқуды айтулы белеске балайды.

…Бүгінде екі баланың әкесі атанып отырған Айбек ата-анасымен бірге тұрады. Қарашаңырақтың иесі шетелдік компаниялар тарапынан қандай ұсыныс түссе де, туған жерден жырақтамайтынын және келтірді. Ақкөңіл, елгезек һәм жауапкершілігі мол жігіттің сөзіне бірден иландық.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button