Жастар

Білімін шетелде шыңдады

«Болашақтың» түлегі

Темір ауданынан түлеп ұшқан Жанат Ерниязова — бала күнінен ізденімпаз, еңбекқор. Олай дейтініміз, ол Шұбарқұдықтағы №4 қазақ орта мектебінде жақсы оқыды, тек сабаққа үлгеріп қана қоймай, ағылшын тілін үйренуге өз бетінше талпынды. Оған өзі оқитын мектептің ағылшын тілін тереңдетіп оқитындығы да себепші болса керек. Алайда ол ағылшын тілінің мұғалімі емес, экономист болуды таңдады. Сөйтіп, Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің экономика мамандығы бойынша білім алды. Ғылым жолын таңдаған ізденімпаз бойжеткен білімін одан әрі тереңдетуге тырысты. Осы сала бойынша шетелде магистратурада оқуды мақсат тұтты.

Қарапайым отбасыдан шыққан Жанаттың арманына қол жеткізуіне «Болашақ» бағдарламасы ықпал етті. Тәуекелге бел буған Жанат ауылдағы үйін кепілдікке қойып, қажетті басқа да құжаттарды тапсырып, емтихандардан сүрінбей өтіп, «Болашақ» стипендиясын жеңіп алды. Сөйтіп, жігерлі қыз Ұлыбритания елінде оқып, елге оралды.

— Алғашқы жылымды ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білуге жұмсадым. Алдымен Оксфордтағы тіл үйрететін мектепте оқысам, кейін Лондонда ағылшын тілін академиялық деңгейде білуге үйрететін мектепте білім алдым. Содан кейін Лондондағы қалалық университетте магистратурада өз мамандығым бойынша оқыдым. Диссертациямның тақырыбы — «Зейнет жасы мен зейнетақы жүйесінің арақатынасы». Не үшін бұл тақырыпты таңдадым? Сол кезде біздің елде әйелдердің зейнет демалысына шығу жасы 58-ден 63 жасқа ұзартылады деген әңгімелер айтылып жатты. Мен ғылыми жұмысымды Ирландия елінің мысалымен жазып шықтым. Неге дейсіз ғой? Біздің елдегі зейнетақы жүйесінің базасы сақталмаған. Министрлікке хат жаздым, жұмысыма пайдаланатын мәлімет ала алмадым. Біздің елде зейнетақы жүйесі бойынша қажетті деңгейде ақпарат жоқ. Оған себеп — Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жаңадан құрылғандығы. Мен еліміздегі бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, осы мәселемен айналысатын басқа да ұйымдардан қажетті мәлімет алуға тырыстым. Алайда, ғылыми жұмыс жазуға қажетті ақпараттың болмауы салдарынан жұмысымды басқа елдің негізінде жазуға тура келді. Ал Ирландия еліне қатысты мәліметтер қолжетімді екен. Интернеттегі арнайы сайттарда бәрі жазулы тұр. Мен ғылыми жұмыс жазғанда қолданбалы «Stata» бағдарламасын пайдаландым. Барлық мәліметтерді соған салып, талдап, соған салып есептедім. Сосын ағылшындар авторлық құқыққа қатты мән береді екен. Көп ізденіп, әр мәліметке мұқият қарауды үйрендім, — дейді Жанат Ерниязова.  

Бір қызығы, магистрлер жазған ғылыми жұмыстарын біздердегідей қорғамайды, тапсырады. 2-3 айдан соң барып, жұмысының қалай бағаланғандығы туралы жауап алады.

— Ол жақтағы білім беру жүйесінің мына тұсы маған қатты ұнады. Емтиханның 25 пайызы тест болса, 75 пайызы жазбаша өтеді. Таратып айтсам, тестте бір дұрыс жауапқа 2 балл, жауап бермей кетсең — 0 балл қойылады. Ал белгілеп, дұрыс емес жауап берсең, онда бір балл (-1) шегеріледі. Сондықтан да білмейтін сұрақтарға жауап бермей өту — тиімді. Осындай жүйе біздің елде де болса ғой, — дейді ол.

Жанат Ұлыбритания елінің әр қаласы мұражай секілді сақталғанына қайран қалады. «Көне ғимараттардың көптігіне қарап, олардың мұрагерлікке ерекше көңіл бөлетінін аңғару қиын емес. Ағылшын елінде саябақтар мен ойын алаңдары өте көп. Мысалы, 1759 жылы салынған Патшайымның ботаникалық бағы саналатын Кью саябағының өзі неге тұрады? Лондон кереметтерінің бірі — сол. Сосын көшеде жергілікті тұрғындардың үлкені де, кішісі де велосипед теуіп жүреді. Тағы бір байқағаным, ол жақта қаланың әр ауданында кітапхана бар. Ол жерлерге өз кітабыңмен де бара аласың. Балаларға арналған бұрыштар қарастырылған. Айтпақшы, сессия кезінде университет кітапханалары тәулік бойы жұмыс істеп тұрады. Сосын үлкені де, кішісі де ерікті болып жүргені. Еріктілер қоғамы өте көп, әрі белсенді жұмыс істейді. Менің де ерікті ретінде алғашқы тәжірибем де осы Англияда болды», —  дейді ол.

Лондоннан келген соң соң Жанат өзі оқыған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде оқытушы болып қызмет етті. Қызмет барысында шетелден алған білімін, жинаған тәжірибесін пайдалануға тырысады, әсіресе, болашақ экономистерге «Кәсіби бағдарланған ағылшын тілі» курсынан дәріс береді.

— Өркениетті елдерден үйренеріміз көп. Қарапайым мысал, ағылшындар елінде жергілікті халықтың мәдениеті өте жоғары. Кезек күтіп тұрса да, алдыға ентелеп, киліккен адамды көрмейсің. Ал суретке түсіп жатқаныңды көрсең, сонша асығып бара жатса да, кедергі келтірмей, күтіп тұрады, — дейді Жанат.

Қазір Жанат — Ақтөбе облысының сыртқы байланыстар және туризм басқармасының бас маманы. Ол шетелмен байланыста болатын, әрі ағылшын тілін қолданатын салада жүргеніне қуанышты. Себебі, шетелде оқып жүріп жинаған тәжірибесін қызмет бабында мейлінше пайдаланбақ. «Көре-көре көсем боласың демекші», өзге елдің мәдениетін, тұрмыс салтын, білім жүйесін көрген-білген жақсы. Іштей өсесің, салыстырасың, кем-кетікті түзеуге тырысасың, үйренесің», — дейді «Болашақтың» түлегі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Жанат менiн группаласым, омiрлiк жакын курбыМ! Оте бiлiмдi, iзденiмпаз! Жанат табыстарга кол жеткiзе бер, армандарын орындалсын! Бiз сенiмен мактанамыз!

  2. Жанат әрқашанда өз білімін арттыруға талпынып,ізденіс үстінде жүретін. Жанатпен бірінші таныстығымыз оқу орнында болатын,қазір менің құрбым.Оның өмірдегі мінезі де өте сабырлы,салмақты,адал және әділдік ушін күреседі.Сенің қазіргі өз біліміңмен қол жеткізген жетістігіңе қатты қуаныштымын және де әрі қарай биік шыңдардан көрінуіңе,өмірлік жарыңды кездестіруіңе тілектеспін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button