Жастар

«Нидерландының оқыту әдістерін үйрендік»

«Болашақтың» түлегі

 Ақтөбе қаласының тұрғыны Базаргүл Жаппарова екі жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы Нидерланды (Голландия) еліне барып,  үш айлық тағылымдамадан өтіп келді. Қазір ол — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде экология кафедрасының аға оқытушысы.

Әлемге қызғалдақ егумен және ірімшік өндірумен аты шыққан Нидерланды елінде Базаргүлдің көзіне бірден түскені велосипедтердің көптігі болыпты.

— Бұл елде адамдар велосипедті көптеп пайдаланады екен. Велосипедке арналған арнайы жолдар қарастырылған және тұрақтары бар. Сосын жүрдек пойыздарды пайдаланады. Оларға арнайы жүру билетін сатып аласың. Оны тексеретін арнайы кондкутор да жоқ. Аппаратқа тигізсең, төлемің өзінен-өзі төленеді. Үш ай болғанымда тек екі рет тексеріс болды. Барлығы электронды түрде жасалып жатады, — дейді Базаргүл.

Бір қызығы, Базаргүл ағылшын тілін мектептегі және университеттегі алған білімін өзі жетілдіріп, арнайы тіл үйрететін курсқа бармай-ақ, өзі меңгеріп алыпты. Өзінің айтуынша, тағылымдама «Педагогика және психология» мамандығы бойынша Нидерланды елінің Лейден қаласында орналасқан Лейден университетінің ICLON институтында өтіпті.

Ол педагог болғандықтан бізге Батыс Европа елдеріндегі білім жүйесінің ерекшеліктері туралы әңгімеледі.

— Нидерланды елінің білім беру жүйесі өзінің сапасымен әлемге әйгілі. Бұл елдегі білім беру мекемелерінің тек 30 пайызы ғана  мемлекеттік, қалған 70 пайызы қоғамдық немесе діндарлық ұйымдардың, жеке тұлғалардың меншігінде. Мемлекет тарапынан білім беру бағдарламаларына қатаң талаптар қойылады, нәтижесінде мектептер мен университеттердегі жоғары сапалы білім қамтамасыз етіледі. Білім алу деңгейлері үшке бөлінеді. Бастауыш білім 4-12 жас аралығында, орта білім 12-18 жас аралығында оқытылады. Жоғары білім 18 жастан бастап беріледі екен, — дейді Базаргүл. Одан әрі ол Нидерландыда жыл сайын 1 миллионнан астам жастар кәсіби-техникалық, орта және жоғары оқу орындарында білім алатынын, олардың 40 пайызы орта білім алса, 30 пайызы кәсіби білім беру саласында және 17 пайызы жоғары оқу орындарында оқитынын айтты.

— Нидерланды еліндегі білім беру жүйесінде университеттегі дәріс және семинар сабақтарға қатысу міндеттелгенімен, оларға қатыспау еш жазаланбайды. Бірақ, практикалық сабақтардың 25 пайызына қатыспаған студент емтиханға жіберілмейді. Сосын сабаққа дайын болмау деген түсінік жоқ. Практикалық сабақтарға қатыспаған студенттер топтық жобалар мен презентацияларға да қатыса алмайды. Ол жақта оқытушылар біздердегідей «Сабақ үстінде ұялы телефондарыңды өшіріңдер» деп айтпайды, керісінше, сабақтың бәрін қолдарындағы телефондармен, планшеттермен оқиды, тапсырмаларын да сол арқылы алып жатады. Сабағына керек қосымшалар сол телефондарында орналасқан. Соған тіркеледі, — дейді кейіпкеріміз.

Қазір Базаргүл Жаппарова өзі көріп, оқып-тоқып келген білімін, тәжірибесін қызмет бабында пайдаланып жүр. Оқыту әдістемелерімен де бөліседі.

— Голландиядағы білім берудегі басты ерекшелік —  соңғы жетістіктерді пайдалануы. Көптеген жағдайларда «action research», яғни зерттеу әрекеттері әдістері кеңінен қолданылады. Бұл кезде студент өзін қызықтыратын тақырып бойынша іздену жұмыстарын жүргізеді, өз бетімен жоба жасайды. Яғни, осы кезде «Тақырып таңдау, өз-өзіне сұрақтар қою, әріптестеріне сұрақтар қойып талқылау, сол саладағы тәжірибелі мамандармен кеңесу, әдебиеттерден іздену, қорытынды жасау» жұмыстары рет-ретімен жүргізіледі.  Ал көптеген жоғары оқу орындарында «problem-based learning» жүйесі, яғни туындаған мәселені шешу бағытындағы оқыту қолданылады. Бұл жүйе бойынша топтың барлық студенттері оқу процесіне белсенді қатысады. «Проблемалық» деп аталу себебі — білім алушылар барлық оқу материалдарын мәселені өз беттерімен шешу және жаңа ұғымдармен танысу арқылы меңгереді. Бұл кезде білім алушының жан-жақты дамуына мүмкіндік туындайды, оның танымдық қажеттіліктерінің дамуы, интеллектуалды белсенді тұлғаның қалыптасуы жүзеге асады, — дейді Базаргүл өзінің үйреніп келген әдістерімен бөлісіп.

Сондай-ақ, Базаргүл мамандығы эколог болғандықтан Лейден университетінің Жаратылыстану ғылымдары институтына барып, ғылым докторларымен кездесіп, әңгімелескендерін айтты. «Ескере кететін жағдай, олардың экологиялық проблемалары су эвтрофикациясы мен су басу қаупі ғана екен. Сондай-ақ, Нидерланды халқы таза екен. Шашылып жатқан қоқыс көрмейсің. Керісінше, өзендердегі үйректер мен аққуларға мейірленіп, соларды қоректендіріп жатқанын көрдік. Экологияға мән беретіндерін велосипедті жаппай тепкендерінен де аңғаруға болады. Халық тығыз орналасқан. Аяғыңды басып кетсе, не қағып кетсе, дауыс көтеріп сөйлемейді, кешірім сұрай қояды. Күлімдеп тұрғандары. Қала халқы жаяу жүргенді ұнатады. Сонда байқағаным, аяқкиімің шаң болмайды ғой бір. Сосын негізінен теңіз тағамдарымен тамақтандық. Арабтар мен түріктердің асханалары, дүкендері көп, сол жерлерден тамақ ішіп тұрдық», — дейді ол.

Тағы бір айта кететін жайт Мұхтар Әуезовтың қызы Зифа Әуезова сол Голландияда тұрады екен. Сонымен кездесу ұйымдастырылды. Суретке түстік. Опера театрына, музейлерге бардық. Сонымен қатар, тағылымдамадан өтуші әрбір оқытушы өз мамандығына байланысты басқа университеттер мен ғылыми ұйымдарға барып, ондағы мамандармен сұхбаттасуға мүмкіндік алды, — дейді Базаргүл.

Кейіпкерім Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Болашақ» бағдарламасы қарапайым оқытушының шетелде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға септігі тиіп жатқанына қуанатынын жеткізді. «Сырттан үйренген жаңалықтарды қолымнан келгенше өз елімде қызмет барысында қолданып жүрмін, алдағы уақытта да пайдама жарайды деген сенімдемін» — дейді «Болашақтың» түлегі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button