ЖастарӘлеумет

«Болашақтың» түлегі

Жайық Сұлтан — халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ол  2013 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Брунель университетінде тағылымдамадан өтті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін филология мамандығы бойынша тәмамдаған ол қазір С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде еңбек етеді.

Ауыл еңбеккерлері үшін  саll-орталық ашылады

Жайық өзі оқыған британдық университеттің зерттеушілерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олармен бірлесіп, әзірлеп жатқан жобалары да бар. Соның бірі — ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін мамандарға, кәсіпкерлерге кеңес беру мақсатында саll-орталық ашу.

Әлемде азық-түліктің сапасы төмендеп кетті. Ал біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің,  ет, сүт, астық  өнімдерінің сапасы жоғары әрі арзан. Шетелдіктер осыған  қызығады.

Орталық ашудағы мақсат — ауыл шаруашылығы саласының мамандарына, ауыл еңбеккерлеріне жан-жақты кеңес беріп, шаруалардың шаруашылықтан мол өнім алуларына септігімізді тигізу. Сөйтіп, өнімді экспортқа бағыттауға көмек көрсету. Өнім экспортқа шыққанда экономикамызға үлкен пайда әкеледі. Әйтпесе, мұнай мен газ өндірісіне иек арта бермеу керектігін экономикалық қаржы дағдарысы ұқтырды емес пе? Сол себепті, ауыл шаруашылығын дамытуға күш салу керек, — дейді Жайық.

Ол орталықтан кеңес алу үшін кәсіпкерлер уақыт жоғалтып, сенделіп, мекемеге келіп әуреге түспейтінін айтады. Шаруалар телефон арқылы хабарласып, сауалдарын қойып, дереу жауап алуларына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, осы салаға байланысты көптеген түйінді мәселелер туындаса, мұндай сауалдарға жауап  электронды пошта арқылы беріледі.

Бұл туралы Жайық былай дейді:

Біз Канада, Ұлыбритания елдеріндегі мамандармен тікелей байланысқа шығып, солардың кеңестерін жеткіземіз. Канада — егін шаруашылығының дамуы жөнінен әлем бойынша көш бастап тұр.

Бізде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасы ауа райына тәуелді. Қуаңшылықтың салдарынан егін бітік шықпайды. Жауын-шашынның  кесірінен де шығын көбейіп кетеді. Міне, осындай жағдайда тығырықтан қалай шығуға болады және басқа да түйткілді мәселелерге қызу желі арқылы жедел жауап алуға болады.  

Қажет жағдайда жылына бір-екі рет шетелдік мамандарды Ақтөбеге шақыртып, семинар, курстар өткізе аламыз.

Ол бұл жобасының облыстық әкімдік тарапынан қолдау табатынына үмітті.

«Болашақтан» не үйрендім?»

Кейіпкеріміз Лондондағы Брунель университетінде ғылыми педагогикалық кадр ретінде бір жыл тағылымдамадан өтті. Тағылымдаманың тақырыбы — сын тұрғысынан ойлау технологиясы.

Сын тұрғысынан ойлау білім саласына ғана емес, жалпы қоғамға қажет. Өйткені қазір ақпарат ағыны өте күшті.

Жастар жұмыс таңдау және жұмысқа орналасқан кезде қаншалықты сын тұрғысынан ойлай алады? Осы сауалға жауап алу үшін қазақстандық және британдық университет студенттері, магистранттары, докторанттары, оқытушылары арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргіздім. Сауалнамаға жалпы 300-ге жуық адам қатысты. Екі елдің азаматтарының жауаптарының арасында айырмашылықтар өте көп болды. Өкінішке қарай, еліміздің азаматтарының көпшілігінің сын тұрғысынан ойлау қабілеттері төмен. Олар ақпаратты ой елегінен өткізіп, жан-жақты талдау жасап, саралай алмайды, яғни ақпараттың шынайылығына көз жеткізбей, сол күйінде қабылдаймыз. Сөйтіп, көптеген келеңсіздіктерге тап боламыз. Ақпараттың ар жағында  біреулердің мүддесі тұр ма, бұрмаланған ақпарат па, мұның ара-жігін айыру жеке басымыздың қауіпсіздігі үшін ғана емес, ел үшін де маңызды.

Бізде кітап оқитын жастар өте аз (Кітапты көп оқитын елдердің рейтингісінде де сол дамыған елдер көш бастап, алдыңғы орындарда тұр). Сын тұрғысынан ойлауда қателіктерге жиі жол беретініміздің бірі себебі осыдан, — дейді Жайық.

Өркениетті, дамыған елдерден үйренеріміз көп. Сол мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. — Ұлыбританияның білім сапасы өте жоғары деңгейде. Мұнда біздегідей тенденция жоқ. Яғни мектеп түлектерінің бәрі жоғары оқу орындарына оқуға түсуді мақсат етпейді. Түлектердің көп дегенде 30 пайызы университет, академияға түседі. Қалғаны жеке кәсібін дамытуға күш салады, ата-аналарының бизнесіне көмектеседі, қызмет көрсету мекемелерінде жұмыс істейді. Ал өзінің шығармашылық қабілетін дамытқысы келетін, көбірек ізденуді қалайтын жастар  ғана жоғары оқу орнына түседі. Онда да материалдық жағдайына қарайды. Британияның университеттерінде оқу ақысы өте қымбат. Шамамен бір жылдық оқу ақысы: 10 мың фунт стерлинг. Шетелдік азаматтардың оқу ақысы 20 мың фунт стерлингке дейін жетеді.

Ерекше қабілетті, асқан талантты студенттердің ғылымға зор үлес қосатынына сеніп, университет басшылығы өз оқу орнының рейтингісі үшін дарынды жастарға  арнайы гранттар береді. Бұған олар мүдделі, — дейді кейіпкеріміз.

Ол британдықтардың ішкі мәдениеті өте жоғары, пейілдері кең, ақкөңіл екендігін тілге тиек етті:

Британияның халқы бірін-бірі танып, танымасын бір-бірімен күлімсірей амандасып, әр кез көмек көрсетуге дайын тұрады. Мұндағы адамдар бір-біріне құрметпен қарайды.

Олар салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысады, таза ауада көбірек серуендеуге көңіл бөледі. Тамақты талғап жейді.

2014 жылы сәуір айында елге оралған Жайық Сұлтан қазір С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде тағылымдадан алған тәжірибесін оқу процесінде пайдаланып жүр. Университетте шетел тілі, аударма ісі мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттерге «Елтану» пәнінен дәріс береді.  Ақтөбенің оқу орындарымен бірге, еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында түрлі тақырыпта семинарлар өткізіп, лекция оқиды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button