Ауыл

Үйренген кәсібіне оралды

Мемлекеттік бағдарлама

 Мал шаруашылығы — табысты сала. Сондықтан да барлық жерде қазір атакәсіпті жаңғырту ісі мықтап қолға алынуда. Шаруасын жақсы жолға қойған кәсіпкерлердің   қатары жыл сайын көбейіп келеді. Соның бірі —Ащысай ауылдық округіндегі «Бердібек» шаруа қожалығының иесі Бердібек Нұрмағамбетов.

Ол төрт түлік мал өсірумен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Бұрынғы мамандығы газ-электр дәнекерлеуші болатын.  Ақсу ауылындағы 9 жылдық негізгі мектепті бітіргеннен кейін 2004 жылы Қандыағаш қаласындағы өнеркәсіптік-экономикалық колледжді тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Ақтөбе қаласында осы мамандығы бойынша бастады.

-—2010 жылға дейін Ақтөбе қаласында мамандығыма сәйкес еңбек еттім. Дегенмен жастайымнан ауылда мал бағып өсуімнен болар, осы кәсіп өзіне тартты да тұрды. Ақырында ауылға қайтуға тура келді. Мал шаруашылығын қолға алдым. 2012 жылы «Бердібек» шаруа қожалығын құрдым, — дейді ол.

Мал шаруашылығына  жастай келген  Бердібек бұл жұмыстың қиындығын да айтады.

-— Жалпы, еңбек етем деген адамға жұмыс қайда да табылады. Тек мен ол кәсібің өзіңнің қалауың болу керек деп есептеймін. Қолға алған жұмысыңның, ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Әсіресе, мал шаруашылығына дайындығың болу керек екен. Бұл жерге жалқаулық жүрмейді. Өзің білек сыбанып кірескенде ғана тірлігің алға басады. Әрине, қазір мемлекет тарапынан талаптанғанның бәріне жақсы қолдау көрсетіледі. Оның игілігін мен де көріп отырмын. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты неше түрлі бағдарламалар болып жатыр. Сол арқылы ауылдағы ағайынның жағдайын түзеуге барынша көмектер көрсетілуде, — дейді Бердібек Нұрмағамбетов.

Бүгінде «Бердібек» шаруа қожалығында 170 ірі қара, 600  қой-ешкі және 15 жылқы бар. Барлығымызға белгілі, соңғы 5-6 жылдың көлемінде мемлекет ауылдағы ағайынның шаруасын ілгері бастыруға барынша қолдау жасап келеді. Пайызы төмендетілген несие беріп, кейбір жағдайда субсидиялық көмек көрсетуде.

Бердібектің шаруа қожалығы да осы мүмкіндіктерді пайдаланып, мал тұқымын асылдандыру жұмысын қолға алды. Бірінші кезектегі міндет — мал басын көбейту болуда. Биыл қожалықта оның жақсы негізі қаланды. Төрт түліктен жақсы төл алынып, малға мал қосылды.

 Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button