Спорт

Еуролигадағы алғашқы кездесу алдында

Футбол

 Еуропа лигасындағы алғашқы іріктеу кездесуінің алдында «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері Юрий Уткульбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, олардың сауалдарына жауап берді.

Бүгін кешкі сағат 19.00-де Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда жерлес командамыз Еуропа лигасындағы алғашқы кездесуін Венгрияның «МТК Будапешт» футбол командасымен өткізеді.

— Мұндай ойындар күнде болып жатқан жоқ. Оның үстіне халықаралық тәжірибе жинақтаймыз. Сонымен қатар жанкүйерлерімізді де қуантқымыз келеді. Сондықтан бұл кездесуде футболшыларымыз барлық күш-жігерін жұмсауға дайын, — деді «Ақтөбе» ойыншыларының кездесу алдындағы көңіл күйі туралы ақпарат берген бас бапкер.

Юрий Уткульбаевтың мәлімдеуінше, команданың еуропалық футбол клубымен өтетін биылғы алғашқы ойыны алдындағы дайындықтары да қалыпты режим бойынша жалғасуда. «Барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Алдыңғы кездесуде ойнаған футболшыларымыз түгелдей сапта. Ал оның алдындағы матчтарда жарақат алғандардан әзірге ешкім ойынға қосыла қойған жоқ», — деді бас бапкер.

Ол журналистердің «Ақтөбенің» ұлттық чемпионаттың соңғы кездесулеріндегі жеңілістері футболшылардың ойынына теріс әсер етпей ме?» деген сұрағына да жауап берді.

— Әрине, соңғы кездесулердегі жеңілістеріміз ойыншыларымыздың психологиялық жағдайына әсер етері сөзсіз. Чемпионаттың алғашқы кезеңін жақсы бастадық, бірақ соңғы ойындарда біраз гол өткізіп алдық. Бұл жеңілістерімізді сараптап, жіберген қателеріміз бойынша жұмыстар жасадық. Қарсыластың барлығы бірдей. 50 пайыз шансымыз бар деп есептеймін. Үміттіміз, — деді «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері.

Ал Еуропа лигасындағы қарсыласымыз туралы айтар болсақ, «МТК Будапешт» футбол командасы — 1888 жылы құрылған терең тарихы мен дәстүрі бар клуб. Өз елінің жоғары дивизионында ойнап жүрген Будапешт қаласының кәсіби футбол командасы. Жеткен жетістіктері де аз емес. Команда 23 мәрте Венгрияның чемпионы атанып, 15 мәрте Венгрия Кубогын иеленген. Тіпті «МТК Будапешт» командасы 1964 жылы Еуропаның Кубок иегерлері Кубогында ақырғы финалға дейін көтерілген.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button