Спорт

Жұмыстан кейінгі жарыс

Спартакиада

Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттан спартакиада өткізу дәстүрге айналды. Таяуда спорттың бес түрі: волейбол, стол теннисі, шахмат, дойбы және тоғызқұмалақтан жарыс өтті.

Спартакиадаға қатысқан 16 команданың қай-қайсысының да жеңіске деген құштарлығы байқалды. Волейболдан облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне, шахматтан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына тең келер команда болмады. Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы дес бермеді.

Биылғы спартакиадаға облыстық Қазынашылық департаментінің қызметкерлері мол дайындықпен келгендігін дәлелдеді. Олар стол теннисі мен шахматтан бірінші орынды жеңіп алды. Сонымен қатар спорттың басқа түрлерінен де жүлдегер атанған қазынашылар командалық есепте жеңімпаз болды. Ал екінші-үшінші орындарды облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы мен облыс әкімі аппараты командалары иеленді.

Осылайша бірнеше күн бойы жұмыстан кейін спортты серік еткен мемлекеттік қызметшілер бір сергіп қалды.

Футбол

Бізге бүгін жеңіс керек!

Футбол жанкүйерлері чемпионаттың соңғы турын асыға күтуде. Себебі 2 қарашада өтетін матчтарда әрбір команданың алатын орны анықталмақ. Ал қола медальдың иесі қазірдің өзінде белгілі. 26 қазанда Қарағандыда Өскеменнің «Восток» командасын қабылдаған кеншілер 5:0 есебімен жеңіске жетіп, үшінші рет қола медальға қол жеткізді. Осылайша үшінші орыннан үміткер Қостанайдың «Тобылының» жолы кесілді. Бұған дейін «Шахтер» 1995 және 2007 жылы қола медальды жеңіп алған болатын. Сонымен бүгін ақтөбеліктер «Тобылды» қабылдайды. Жеңіске жетсек, қатарынан үшінші рет Қазақстан чемпионы атанамыз. Ал 2 қарашада соңғы турда жерлестеріміз Ақтөбеде Қызылорданың «Қайсарымен» кездеседі.

2 қарашада мына командалар соңғы матчтарын өткізеді: «Атырау» — «Восток», «Жетісу» — «Ертіс», «Қызылжар» — «Оқжетпес», «Локомотив» — «Қазақмыс», «Тобыл» — «Ордабасы», «Шахтер» — «Тараз».

Чемпионаттың шымылдығы жабылар алдындағы турнир кестесіне көз жүгіртейік.

Турнир кестесі

Команда                                       Ойын  Ұтыс  Тең  Жеңіліс  Доп айырмасы Ұпай

1. «Ақтөбе» (Ақтөбе)                    24         19      2        3            57-16                59

2. «Локомотив» (Астана)              25         19      0        6            54-24                57

3. «Шахтер» (Қарағанды)             25         16     3         5            49-18                54

4. «Тобыл» (Қостанай)                 24          13     9        2            49-18                48

5. «Жетісу» (Талдықорған)          25          12     5        8             31-26               41

6. «Атырау» (Атырау)                  25           10     7        8             33-27               37

7. «Ордабасы» (Шымкент)          25           10     6        9             33-28               36

8. «Тараз» (Тараз)                       25            9      6       10            37-35               33

9. «Ертіс» (Павлодар)                 25            8       5       12            24-29               29

10. «Восток» (Өскемен)              25             7      5       12            30-52               23 (-3)

11. «Қазақмыс» (Сәтпаев)          25            7      3        15           32-58               21 (-3)

12. «Оқжетпес» (Көкшетау)        25            6      3        16            22-51               21

13. «Қайсар» (Қызылорда)         25            3      5        17            14-41               14

14. «Қызылжар» (Петропавл)    25             3     3         19            14-56               9 (-3)

Бокс

Олар Оралға барады

Жақында бокстан жастар арасында облыстық чемпионат болып өтті. Біріншілікке қаладағы бокс мектептерінің шәкірттерімен қатар Шалқар, Хромтау, Алға секілді аудандардың да боксшылары қатысты.

— Жақында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы сәтсіздікке ұшырағаны белгілі, — деді облыстық туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасының олимпиадалық ойын түрлері және резервтер даярлау бөлімінің бастығы Ізбасар Сатыбалдин. — Бұл сәтсіздіктен кейін министрлік бапкерлерді алмастырып, облыстардағы басқармаларға да қатаң талап қойды. Сондықтан биылғы облыстық біріншілікке аса зор көңіл бөлінді. Өйткені бүгінгі жастар ертең ересектер арасында ел намысын қорғайтын болады.

І.Сатыбалдиннің айтуынша чемпионатқа жастар арасындағы кілең мықтылар қатысқан. Облыс чемпионы атанғандар 10 күн оқу-жаттығу жиынынан кейін 18-24 қарашада Орал қаласында өтетін республика чемпионатына қатысатын болады. Оралға тек 54 килограмм салмақта чемпион атанған Н.Бижанов қана бармайды. Өйткені бұл салмақ дәрежесінде Нұрбол Қалжанов чемпиондықты сарапқа салады. Қазірдің өзін Қазақстан құрама командасына алынған Нұрбол құрама сапында оқу-жаттығу жиынына қатысуда.

Үш күнге созылған облыс біріншілігінде мына боксшылар чемпиондықты жеңіп алды: М.Жұмабаев (46 кг.), Қ.Төребекұлы (48 кг.), Қ.Қажен (51 кг.), Н.Бижанов (54 кг.), М.Жүнісов (57 кг.), Н.Аққұлов (60 кг.) — бәрі де Ақтөбе қаласынан, Ғ.Құдайбергенов (64 кг.) — Шалқардан, К.Шаксуварлы (69 кг.), С.Турин (75 кг.) — Ақтөбе қаласынан, Е.Сейтімбетов (81 кг.) — Хромтаудан, Ж.Логинов (91 кг.) және Н.Қожаниязов (91 кг. жоғары) — Ақтөбе қаласынан.

Бокс

Үшеуі үш медальға ие болды

Ақтөбеде спорттың бокс түрінің дамуы кең қанат жаюда деп айтуға болады. Болашағынан үміт күттіретін боксшылар мамандар аузына ілігуде. Бірқатары өз шеберліктерін түрлі жарыстарда дәлелдеп жүр.

12-18 қазанда Украинаның Симферополь қаласында бокстан халықаралық турнир өткен болатын. Турнирге Ресей, Украина, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Молдова және Қазақстаннан 100-ден астам спортшы қатысты. Бұл турнирде ақтөбеліктердің мерейі үстем болды. Турнирге барған спорт шеберлері Мәди Шолақов (57 кг.) жеңімпаз атанса, Сүндет Зұлпихаров (75 кг.) күміс, Жандос Миқанов (69 кг.) қола медальды жеңіп алды.

— Бүгінгі күні Мәди еліміздегі мықты боксшылардың қатарынан саналады, — дейді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жәнібек Құлниязов. — Ол ақтық сайыста украиналық боксшыны жерлестерінің алдында жерге қаратты. Бұл турнирде командалық есепте Қазақстан украиндықтардан кейін екінші орынды иеленді. Мұндай жарыстар спортшылардың шеберлігін шыңдай береді. Қазірдің өзінде алдағы жылдың ақпанында өтетін Қазақстан чемпионатына әзірлік жасаудамыз.

Бокс жанкүйерлерінің есіне сала кетейік, 3-8 қарашада халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Ақшолақов атындағы кезекті халықаралық турнир өтетін болады. Бұл турнирдің бір ерекшелігі, жеңімпаздарға спорт шебері атағы берілетін болады.

Ардагер

Серік Қонақбаев елуге толды

25 қазанда қазақтың аты аңызға айналған даңқты боксшысы Серік Қонақбаев 50 жасқа толды. Серік —  қазақ боксшылары арасында КСРО-ны былай қойғанда, Еуропа чемпионы атанған, әлем кубогын иеленген, олимпиаданың күміс жүлдесіне қол жеткізген былғары қолғап иелерінің бірі де бірегейі.

Серік бокс әлеміндегі тума талант иесі болды. Шаршы алаңда жүргенде жеңіл қимылдап, қарсыласына көп соққы беріп, өзіне дарытпайтын. Ара қашықтықты сақтай отырып, тосыннан шабуылға көшетін. Қарсыласы тосыннан тың тәсіл қолданбаса, мұрттай ұшатын. Өйткені ол қарсыласының қандай тәсіл қолданатынын алдын ала біліп қоятын.

Серіктің бокстағы ерекше қасиеті туралы Олжас Сүлейменов былай деп жазды: «70-жылдары Серік Қонақбаев жоғары шенді төрешілердің қазақстандық боксқа қарсы орнатқан қабырғасын қақыратып жіберді. Төрешілер жеңісті Серіктен басқаға алып бере алмады. Серік — қазақстандық боксшылар арасында кездесулерін айқын басымдылықпен жеңе білген алғашқылардың бірі.»

Шынымен де, Серіктен кейін төрешілер мен бапкерлер қазақтың бокстесе алатынын мойындады. КСРО-ның құрама командасына алды. Тіпті, Серікті команданың комсоргі етіп сайлады. Серік армяндардың атақты боксшысы Исраэл Акопкохянды қай салмаққа барса да, қуып жүріп сабады. Сол жылдардағы әлем жұртшылығы асыға күтетін КСРО — АҚШ кездесулерінде америкалықтарды шаң қаптырды. 1979 жылы АҚШ-та Дон Карриді, 1980 жылы Дарелл Чамберсті жеңді. 1981 жылы Лас-Вегаста Келвин Бартонды бірінші раундта нокаутқа жіберді. 1982 жылы Мәскеуде Робинсонның аяғын аспаннан келтірді. Келесі жылы Лас-Вегаста Эссеттің бокстесуіне мүмкіндік бермеді. 1984 жылы Мәскеуде Уоткинсті тәубесіне келтірді.

Жақында Серік Қонақбаевтың 50 жасқа толуына байланысты футболдан жолдастық кездесу өтті. Қазақстанның бокс ардагерлері мен КСРО бокс ардагерлері жасыл алаңда күш сынасты. Есеп — 5:5. Серік бір гол соқты.

ФИФА-ның жаңа жүлдесі

Халықаралық футбол ассоциацияларының федерациясы ең әдемі гол үшін жаңа жүлде тағайындады. Жүлде атақты венгр футболшысы Ференц Пушкаштың атымен аталады.

ФИФА президенті Зепп Блаттердің айтуынша, бірінші лауреат жылдың үздік футболшысын «Алтын доппен» марапаттау кезінде белгілі болады.

«Ұлы футболшыларды есте қалдыру өте маңызды», — депті Блаттер Пушкаш атындағы футбол академиясына келген кезде.

Бетті әзірлеген Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button