Спорт

1-тур нәтижесі: 22 гол, 1 автогол

Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінің бірінші тур ойындары аяқталды.

Ең көп гол «В» тобында соғылды: 5 гол. Ал «D» тобы 2 голмен қанағаттанды. Қалған көрсеткіштер: «А», «Е» және «F» топтары — 4 гол; «С» тобы — 3 гол.

1 автогол соғылып, 2 футболшы жасыл алаңнан қуылды.

 

№8. Чемпионның жеңісі

 

«D» тобы. Испания-Чехия — 1:0

Гол авторы: Жерар Пике, 87-минут (1:0).

13 маусым. Тулуза. «Стадьом-де-Тулуз» стадионы.

Қазіргі Еуропа чемпионы үш ұпайды әбден діңкелеп әзер олжалады. Бұған таңғалуға да болмас. Себебі испандар соңғы үш чемпионатта бірінші ойынын жеңіспен бастап көрген жоқ еді. Рас, бұл кездесуде Испанияның ойыны қай кездегідей де өрнекті болды. Бірақ чехтар тістене қарсылық көрсетіп, испандардың әшекейлеп төкпек болған кестесін бұзудан тынбады. Сөйткенмен де Павл Врбаның жігіттері допты үйіріп ұстап, үйлесімді қимылдады деу де қиын, мағынасыз жүгірістері көп болды, ойын соңына таман тіпті жанталаса қорғанысқа көшті. Испандар, міне, осындай қарбалас сәттердің бірін тиімді пайдаланып, кездесу соңында гол соғып кетті.

 

№9. Алғашқы автоголдың өкініші

 

«Е» тобы. Ирландия-Швеция — 1:1

Гол авторлары: Уэсли Хулахан, 48-минут(1:0); Киран Кларк, 71-минут, автогол (1:1).

13 маусым. Сен-Дени. «Стад-де-Франс» стадионы.

Бұл топтың үздіктері бұл екі команда емес екендігі белгілі. Соған қарамастан жанкүйерлер мазмұнды да мағыналы кездесудің куәсі болды. Шведтер сауатты қимылдаса, ирландықтар шабуылға иек артты. Сол шабуылдың нәтижесінде екінші таймның басында гол да соғылды. Бірақ бұл голды кездесудің үшінші ширегінде автогол жоққа шығарды. Әйгілі Златан Ибрагимовичтің қақпа алдындағы әріптесіне көлденеңдей тастаған добын баспен соғып сыртқа жібермек болған Киран Кларк өз қақпасының жібек торын бүлк еткізді. Бұдан соң да бірнеше қарама-қарсы шабуылдар ұйымдастырылғанымен екі командаға да үш ұпай олжалаудың сәті түспеді. Енді бұлар жақсы көрсеткіштерге жетсе, ойынды одан әрі жалғастыруға болатын үшінші орын үшін таласатын шығар.

 

№10. Сабыр түбі — сары алтын

 

«Е» тобы. Бельгия-Италия — 0:2

Гол авторлары: Эмануэле Джаккерини, 32-минут (0:1); Грациано Пелле, 90+3 минут (0:2).

13 маусым. Лион. «Стад-де-Лион» стадионы.

Обалына не керек, бельгиялықтар бірінші таймда допқа көбірек иелік етті, бұрыштама доптар соқты, қарсыластарының алаңын жаулап алуға тырысты. Бірақ итальяндар аса абыржымай, сабыр сақтаумен болды да, бір қарсы шабуылмен есеп ашып кетті. Италия екінші таймда да есе қайтаруға тырысып баққан Бельгияға тізгін ұстата қоймады, бәсекелестерінің соншама көп шабуылдарына қарсы тас қорған орнатып қойды, оның үстіне төреші қосқан қосымша минуттарда тағы бір гол соғып үлгерді. Енді финалға дейін жетуді мақсат тұтатыны анық Италия алаңдайтын бір ғана жай бар, бұл ойында бұлардың сапынан «сары қағазбен» 4 футболшы «марапатталды».

 

№11. Күтпеген есеп

 

«F» тобы. Австрия-Венгрия — 0:2

Гол авторлары: Адам Солои, 62-минут (0:1); Золтан Штибер, 87-минут (0:2).

Екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін Александар Драгович (Австрия) 66-минутта жасыл алаңнан қуылды.

14 маусым. Бордо. «Стад-де-Бордо» стадионы.

Австрияны жанкүйерлер Венгриядан бір бас жоғары қойғаны рас еді. Давид Алаба бастаған жігіттер осы сенімді ақтауға тырысып, бірінші таймды жойқын шабуылдармен бастады, қарсыластарының қақпасына үш рет зор қауіп те төндірді. Бірақ венгрлер мығым қорғанып, ара-тұра қарсы шабуылдар да ұйымдастырып отырды, сөйтіп, тіпті екінші таймда гол да салып жіберді. Соның арасынша екінші рет өрескел тәртіп бұзған австриялық қорғаушы Александар Драгович жасыл алаңнан қуылды да, мақтаулы команда жағдайын тіпті қиындатып алды. Мұны тиімді пайдаланған венгрлер ойынның негізгі уақыты аяқталуға үш минут қалғанда және бір гол соқты. Келесі кезеңге шауып шығатыны күдіксіз болжанған Австрия осылайша сақалды қолдан берді.

 

№12. Сенсация иесі — Исландия

 

«F» тобы. Португалия-Исландия — 1:1

Нани, 31-минут (1:0); Биркир Бьярнасон, 50-минут (1:1).

14 маусым. Сент-Этьен. «Жоффруа Гишар» стадионы.

Бірінші таймды португалдықтар шабуылмен өткізді, дегенмен гол соғу мүмкіндігіне бір-ақ рет ие болды. Ал екінші таймның басында Биркир Бьярнасон тамаша соққымен есе қайырды да, осыдан соң Фернанду Сантуштың жігіттері жынынан айырылғандай бақсыдай күй кешті. Рас, шабуылдаудан тынбады, бірақ ылғи еуропалық жұлдыздардан құралған команда еш нәтиже шығара алмай пұшайман болды. Мұндай үлкен додаға бірінші рет қатысып отырған исландиялықтар жанкештілікпен қорғана білді. Тең есеппен аяқталған сенсациялық ойыннан соң 34 жастағы исландиялық қақпашы Ханнес Халльдоурссонның есімі дүркіреп шыға келді. Исландияның қолы жеткен бірінші тарихи жетістікке бұл қақпашының қосқан үлесі өлшеусіз болды.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button